Accessibility links

Қайта салынған Қызылағаштың қызығы мен шыжығы


Қызылағаш тұрғыны. Алматы облысы, 27 шілде 2010 жыл
Қызылағаш тұрғыны. Алматы облысы, 27 шілде 2010 жыл

Қызылағаш ауылы су тасқынынан соң қалпына келтірілді. Бірақ тұрғындар билік өкілдері ауылдық өмірдің ерекшелігін ескерген жоқ деп шағым айтады. Қора-қопсының дұрыс ойластырылмауы мен жиһаздың тегіс жетпей қалуына қатысты талап-тілектер көп.


ҚУАНЫШ ҰЗАҚҚА БАРМАДЫ

Биылғы жылдың наурыз айында су бөгеті бұзылып, тасқын судың астында қалған Қызылағаш ауылында соңғы төрт айдың ішінде ресми деректер бойынша 460-тан астам үй жаңадан салынып, 30 үй бастан-аяқ жөнделген.

Мәдениет үйі, мектеп, емхана, әкімдік, балалар бақшасы және мешіт қалпына келтірілген. Ауылдағы демалыс бағына сегіз мың түптен аса емен, қарағаш, қайың, терек және шаған ағаштарының көшеттері отырғызылған.
Қызылағаш ауылындағы жаңа үйлер. Алматы облысы, 28 маусым 2010 жыл

- Қазақстанның тарихында бірінші рет өте қысқа мерзімнің ішінде барлық коммуникациялары, тұрғын үйлері және әлеуметтік нысандары бар тұтастай ауыл жаңадан салынып шықты. Бұл - мемлекеттің экономикалық қуатын, оның әлеуметтік бағытта екендігін, кез-келген қиындықтың алдында ел тұрғындарының ауызбірлікте екендігін байқатады, - деді Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов су тасқынынан зардап шеккен Қызылағаш ауылы тұрғындарының алдында сөйлеген сөзінде.

Қызылағаштықтарға мал да әкеліп берген. Жергілікті биліктің есебі бойынша әр отбасына бір жылқы, бір сиырдан және он қойдан тимек. Айтпақшы дәл осы жәрдем қызылағаштықтардың есіне олардың ауыл тұрғындары екендіктерін салды. Бірақ, олар малды қайда ұстайтындықтарын білмейді. Үй маңындағы жер учаскелері де тым шағын болып шыққан.

Атын айтқысы келмеген бір зейнеткер әйел Азаттық радиосына, оларға қаладағыдай әдемі үйлер салып бергенін, бірақ олардың бәрібір қалалық болмайтындығын айтты. Көршілері оның айтқанын қоштап тұрды.

- Ауылда қосымша қора-жайсыз болмайды. Біз үйдегі құрал-сайманымызды қайда қоямыз? Малды қайда қамаймыз, қай жерде соямыз? Мүмкін біреулер өзіне керекті қосымша қора-жайды өзі салып алар. Бірақ мен қарт адаммын. Бұған менің күшім де, ақшам да жоқ, -деп наразылығын білдірді ауыл тұрғыны.

КӨЛТАБАН НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛДЫ

Соңғы төрт айда Көлтабан ауылының белсенділері Қызылағаштағы нысандардың салтанатты тапсырылу рәсіміне бірнеше мәрте келіп қайтты. Адамдар осы жерде облыс әкімі Серік Үмбетовты жолықтырамыз ба, оған өз мұңымызды айтамыз ба деп үміттенген. Бірақ әкіммен кездесу мүмкін болмады.

Көлтабандықтар олардың ауылын Қызылағаштағы су тасқынынан зардап шеккен ауылдардың тізіміне енгізбегені, осылайша мемлекеттің жәрдемінсіз қалғаны үшін әкімге шағым айтпақшы болған. Олардың айтуларынша, Көлтабан ауылының көптеген үйлері су тасқынынан әжептәуір зардап шеккен, көпшілігінің малы қырылған.
Оппозиция өкілдері Көлтабан тұрғындарымен сөйлесіп тұр. Алматы облысы, 27 шілде 2010 жыл

Биліктің тарапынан назар аударылмаған соң Көлтабан ауылының тұрғындары оппозициядан жәрдем сұраған. Ауыл тұрғындары ауылға Жалпыұлттық социал-демократиялық «Азат» партиясының президиум мүшесі Маржан Аспандиярова мен оппозициялық журналистерді шақырған.

- Бұл жерге шынында да мемлекеттік көмек қажет. Апат зардабын жоюға тұрғындардың өздерінің қауқары жетпейді, - дейді Маржан Аспандиярова.

Оппозиционерлер ауылдың беделді тұрғындарынан қоғамдық комиссия құруға және тәуелсіз сарапшыларды шақыруға кеңес берді. Мұндағы мақсат – Көлтабан ауылының үйлерінің бұзылуына себепкер болған еріген қар суы ма, әлде бұзылған Қызылағаш су қоймасынан аққан су ма, осыны анықтау.

Сотта Көлтабандық фермер Зейнелхан Ғалиевтің мүддесін қорғаған журналист және құқыққорғаушы Асхат Бименбетов: «Еріген қар суы мен су қоймасынан аққан судың бір-бірінен айырмасы жоқ. Себеп басқада - су қоймасы шаруаға қырсыздықтың және сыбайлас жемқорлықтың кесірінен бұзылды», - дейді.

ЖИҺАЗДЫҢ БАРЛЫҒЫ БІРДЕЙ ТҰРҒЫНДАРҒА ЖЕТПЕГЕН

Дәл осы кезде Қызылағаштан жиырма шақырым жердегі, су қоймасының бұзылуынан зардап шеккен Егінсу ауылының тұрғындары да телефон шалып жатты. Ол жақта жиһазды бөліп беру мәселесіне байланысты жанжал шыққан. Бір әйелдің айтуынша, он бір жиһаз жиынтығы ұшты-күйлі жоғалған. Жергілікті шенеуніктер барлық мән-жайды анықтаймыз деп уәде беріпті.
Қалпына келтірілген Қызылағаш. Алматы облысы, 28 маусым 2010 жыл

Саяси партиялар мен ҮЕҰ өкілдері биліктегілер Қызылағаш, Егінсу және Ақтоған ауылдарын қалпына келтіруге бөлінген бюджеттік және қайырымдылық қаржыларының игерілуіне байланысты егжей-тегжейлі есеп беруді талап етіп жатыр.

Азаматтық қоғамның көптеген белсенділері қаржының толықтай тиімді түрде игерілгеніне күдік келтіріп отыр. Кейбір шенеуніктер мен олардың төңірегіндегілер тасқын су зардаптарын жоюға арналған қаржының бір бөлігін қымқырып қалды деген сыбыс азаматтық қоғам өкілдерін белсенді түрде іс-әрекет етуге итермелеп отыр.
XS
SM
MD
LG