Accessibility links

LiveJournal жүйесіндегі қоғамдық тұлғаның блогы ашылмай қалды


Рахат Әлиев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы. Вена, 30 сәуір 2007 жыл
Рахат Әлиев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы. Вена, 30 сәуір 2007 жыл

«Лайв джорнал» әлеуметтік желісіндегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің блогы қарашаның 9-ынан бері ашылмай тұр.


Ағылшын тіліндегі ең танымал виртуалдық қауымдастық немесе әлеуметтік жүйелердің бірі деп саналатын LiveJournal («Лайв-джорнал»), немесе LJ платформасының бір ғана АҚШ-та төрт миллионға жуық мүшесі бар.

LJ – БАЛАМА АҚПАРАТ ПЕН ЕРКІН ПІКІР ПЛАТФОРМАСЫ

Бұл виртуалдық қауымдастықтың өзге жүйелерден айырмашылығы – күнделік пен блог жазғысы келетін Интернет қолданушыларға ыңғайлы қызмет ұсынады. LJ web-тораптағы ақпарат алуандығы мен сөз еркіндігінің кеңейе түсуіне зор үлес қосып отыр.

2006 жылы LiveJournal-ға иелік ететін Six Apart компаниясы ресейлік SUP компаниясына брэндті орыс тілінде пайдалануға рұқсат беретін лицензиясын сатты. Айналасы бірнеше жылдың ішінде «Живой журнал» («ЖЖ») деген атпен танымал болып кеткен виртуалдық қауымдастыққа бір миллионға жуық орыстілді қолданушы мүше ретінде тіркеліп үлгірген.

РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ LJ БЛОГЫ

LJ әлеуметтік жүйесін үздіксіз пайдаланып келген блоггерлердің бірі – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, Қазақстан үкіметінде түрлі лауазымды қызмет атқарған Рахат Әлиев болды.

2007 жылы барлық мемлекеттік қызметтен қуылып, сырттай 40 жылға сотталып және, өзінің айтуынша, Дариға Назарбаевамен некесі заңсыз түрде бұзылғаннан кейін Рахат Әлиев түрлі ақпарат арналарын пайдаланып, Қазақстандағы саяси режимді сынай бастаған еді.

Әлиевтің түрлі мақалалары, блог-постары, шағын жазбалары және хаттары http://rakhataliev.livejournal.com вебсайтында үнемі жарияланып тұрды. 2008 жылғы қазанның 8-і Қазақстанда LJ тұтастай ашылмайтындай етіп құлыпталып қалған. Қазақ блогосферасында қызу талқыланған бұл тыйымға қатысты наразылық алыс-жақын шетелдік баспасөздің де назарына іліккен. Мысалы, сол уақытта Ресейге ресми сапар жасаған Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов «Эхо Москвы» радиосына сұхбат беріп отырғанда LiveJournal-дың не себепті жабылғаны туралы сұрақ алдынан шыққан. Бірақ, LJ де, Рахат Әлиевтің блогы да кейін Қазақстанда қайтадан қалыпты жұмыс істей бастаған еді.

ҚАЙТА ЖАБУ

Бірақ, биылғы қазанның 9-ынан бастап Рахат Әлиевтің блогы қайтадан ашылмай қалды. Вебсайтқа кірмек болсаңыз LJ платформасының әкімшілігі орнатып қойған мына мәліметті ғана көресіз: «Бұл журнал жабылды. Мазмұнын көпшілік көре алмайды. LiveJournal журналдың жабылу себебін оның иесінен басқа ешкіммен талқыламайды».

Рахат Әлиевтің LiveJournal блогындағы ең соңғы жазба қарашаның 8-і жарияланыпты. Онда Әлиев дәл сол күні ұлыбританиялық Daily Mail («Дэйли Мэйл») газетінде басылған журналист Питер Хитченстің «Хан құзыретті диктатор» атты Қазақстандағы саяси режим туралы мақаласына сілтеме жасаған.
XS
SM
MD
LG