Accessibility links

Жалғасбай Аманшаұлы: «Полиция әкеліп қорқытып, көрдегі мәйітті қайта алғызды»


Жаңа-Құрылыс ауылының шетіндегі зират. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш селолық округі. 25 қараша 2008 ж.

Жаңа-Құрылыс ауылының шетіндегі зират. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш селолық округі. 25 қараша 2008 ж.

Қарақалпақстаннан Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш селолық округіне қоныс аударып келген оралмандар өлген адамын жерлеу кезінде жергілікті тұрғындардың қарсылығына тап болғанына абыржулы күйде.

Қабірлік жер үшін дауласқандар азалы отбасына көрдегі мәйітті қайта аршып алғызуға дейін барған.

Ұзынағаш селолық округінің шетіндегі Жаңа-Құрылыс деп аталатын елдімекенде тұратын Жалғасбай Аманшаұлы осында қайтыс болған туысын бір күннің ішінде екі рет жерлеуге тура келгенін айтады. Бұл жерге Қарақалпақстаннан көшіп келген Жалғасбайдың апайы Бибіраба биылғы қазан айының 25-сінде қан қысымы көтеріліп кенеттен дүние салған. Ертеңінде ағайын-туыстары жиналып, марқұмды мұсылман салтымен жаназасын шығарып, ауыл имамының көрсетуімен, Жалғасбайдың әлі толық салып бітпеген үйіне жақын маңдағы зиратқа қояды.

Жалғасбай Аманшаұлы марқұм апайын алғашқы жерлеген қабірді көрсетіп тұр. Жаңа-Құрылыс ауылы, Алматы облысы. 25 қараша 2008 ж.
- Сағат 14-те зиратқа әкеліп жерледік. Бірақ, қабірге жақын мына тұрған зираттың иесіміз деп келген үлкендеу әйел мен ер адам және солардың жанында өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, бізге куәлігін көрсеткен тағы бір адам бар – үшеуі келіп, бұл жер өздерінікі екенін айтып, «мына жерден әкетіңдер, әйтпесе трактор әкеліп қаздырып лақтырып тастаймыз» деп қорқытты. Біз ауыл имамына жүгіндік, ол кісі әлгі адамдарды көндіре алмаған соң, ақыр соңында бізге: «қайтесіңдер, бұлар бәрібір көнбейді, осылардың айтқанын істеңдер» деді. Енді, олар әлгіндей сөз айтып тұрса, апайымның сүйегін қалай қорлатамыз деп, біз амалсыздан, содан екі сағат бұрын жабылған көрді қайта ашып, анау ауылдың екінші шетіндегі басқа қорымға апарып жаңадан қабір қазып, кеш бата сол жерге қайта жерледік. Қорымдық жер халықтың бәріне бірдей емес пе?! Өлген адамды мынау жергілікті, мынау оралман деп бөлген дұрыс па? - дейді Жалғасбай.

Қабірлік жерге байланысты оралмандармен дауласқан ауыл тұрғындарының бірі Серік Таубалдиев өз ісін дұрыс деп санайды:

- Біздің жақын туыстарымыз жерленген бұл жер сатып алынған, оның тиісті қағазы жеңгемде бар. Бұлар осы менің немере ағам жатқан зиратқа жапсарлас қоймақ болыпты, біз жеңгем екеуміз қарсы болдық. Енді, біз өзіміздің аруағымызды, ата-бабамызды қорғамасақ болмайды ғой...

Жергілікті тұрғын Серік Таубалдиев: "Туыстарым жатқан зираттың маңы - жеке меншіктің жері". Жаңа-Құрылыс ауылы, Алматы облысы. 25 қараша 2008 ж.
Бұл оқиға осы ауданға Қарақалпақстаннан көшіп келген оралмандар арасына тарап, жұрт біраз дүрліккен.

- О заманда бұ заман, ата салтымызда жерленген мәйітті көрден ашқызып алуға мәжбүр етуді көріп-естімеген едік. Шеттегі қазақты президент Назарбаевтың өзі шақырып жатқанын қабыл алып, өлсем сүйегіміз атажұртымызда жатсын деп келгенде мына сұмдық бізді қатты шошытты әрі зығырданымызды қайнатты. Тіпті, қалың өзбектің ортасында әйтпесе басқа кез-келген қай елде болсын жүрген қазақтар дәл мұндай қорлауды көрген емеспіз. Арамыздағы қызу қанды жастар бұл сорақылықты осы күйі қалдырғысы келмеді, бірақ үлкендер жағы оларға басу айтып, осы ауылдың ел тыңдайтын адамдарына, басшыларына жүгінейік дедік. Содан қарашаның 3-і күні бес адам аудан әкімдігіне барған едік, олар бізді сөзбен сипалап шығарып салды. Біз олардан жөні түзу жауап ала алмадық, - дейді оралмандардың арасындағы жасы үлкен ақсақалы Бекболсын Беделұлы күйініштен дауысы дірілдеп.

Әлгі ауыл имамы сол оқиға болған күннің ертесінен өзін жайсыз сезініп, бірнеше тәуліктен соң қайтыс болып кетіпті. Оралмандардың арасында, имам дүниеден өтер алдында түсіне көрден қазылып алынған марқұмның аруағы кіріп мазалапты-мыс деген әңгіме кеулеп жүр.

Жамбыл ауданы әкімі аппаратындағылар бұл оқиға жайында барлық мәселені Ұзынағаш селолық округі әкімінен анықтауға кеңес берді. Ұзынағаш әкімнің орынбасары Әуесбай Айдын болған оқиға жайында Азаттық тілшісіне былай дейді:

- Зираттық жер ешкімнің меншігі емес. Біз ондай жерді шаруа қожалықтарының келісімімен бөліп белгілейміз. Ешкімнің зираттық жерді иемденуге құқысы жоқ. Оқиға болған соң мен ауыл молдаларын шақырып алып жиналыс өткізіп, қайтыс болған адамды ұлтына, басқа ерекшеліктеріне қарап бөлмеу туралы айттым. Иә, сол оқиға болған күні зират басында болған адамдардың бірі полиция қызметкері ретінде барыпты дегенді мен де естідім. Бірақ, ол жерде біздің ауылдың учаскелік полиция өкілдері болмаған. Ал, өзін полициямын деп таныстырған адам мен сіз айтып отырған әлгі жерді меншігім дегендердің кім екенін біз білмейміз, іздестірдік, бірақ әлі таба алмай жатырмыз.

Марқұм болған адамды жерлерде алалау оралмандардың наразылығын туғызды. Жаңа-Құрылыс ауылы, Алматы облысы. 25 қараша 2008 ж.
Аудандық ішкі істер бөліміндегілер де осыдан бір ай бұрын болған оқиға жайында өздеріне ешкімнен ешқандай шағым-арыз түспегенін айтып отыр. Жергілікті билік орындарының бұндай жауабы оралмандардың көңілінен шықпайды. Істі жабулы қазан күйінде ұстаудың арты жақсылыққа апармайды, бір-ақ күнде қақпағын көкке атуы мүмкін дейді олар.

Ал осындағы ағайындарының тұрмыс-жағдайын көруге және мүмкіндік болса қоныс аудару жайын білу үшін Қарақалпақстаннан қонаққа келгендер әлгі болған жайтты естіген соң, «бір рет өлген адамды екі рет жерлейтін» елге көшіп келу ниеттерінен қайтыпты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG