Accessibility links

Қазақстан Оңтүстік Осетияға қатысты жанжалды шешуде бірқатар халықаралық құқықтық құжаттар негізінде Ресей басшылығы ұсынған жолды қолдады.

Оңтүстік Осетия жанжалын шешу жолдары бойынша Ресейді қолдаушылар қатарына Қазақстан қосылды. Қазақстан бұл мәселені шешуде БҰҰ Жарғысы, 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісі және басқа да халықаралық құқықтың негізін қалаушы құжаттар бойынша Ресей басшылығы ұсынған жолды жақтайтындықтарын айтып, сейсенбі күні мәлімдеме таратты. Алайда, Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының директоры Евгений Жовтис Ресейдің бұл жанжалды шешу бойынша ұсыныстарын халықаралық құқық нормаларына сәйкес емес деп бағалайды.
«Ресей Оңтүстік Осетия мен Абхазияның дербестігі туралы мәселені сол елдің өз тұрғындары шешуі керек дейді. Бірақ бұл елдер дербес мемлекет құруға және экономикалық тәуелсіз болуға қазір қауқарсыз, 16 жыл бойы өз бюджеттерін Ресей көмегінің арқасында жасақтап келді. Олар Грузиядан бөлінсе, не істейді? Әлбетте, Ресей құрамына өткілері келеді. Бұл - Ресейдің тәуелсіз елдің бір бөлігін аннексиялау, яғни, өзіне күштеп қосып алу болып шықпай ма? Өте қорқынышты жағдай!», - деді Евгений Жовтис.
Оңтүстік Осетия жанжалын шешу мәселесінде Қазақстан Ресейдің ұстанымына қолдау танытты.
Адам құқығын қорғаушы қазір Оңтүстік Осетия мәселесіне қатысты Ресей ұстанған бағытты қолдау көп ұлтты, жер ауқымы кең Қазақстан үшін өте қауіпті деп есептейді. «Егер ертең солтүстігінде - Ресей, оңтүстігінде - Өзбекстан белсенділік таныта бастаса, Қазақстан не істемек? Қазақстан сепаратизмді қолдамауы тиіс», дейді Евгений Жовтис.
Жовтис Оңтүстік Осетия жанжалы бойынша Ресейге қолдау білдірген елдер санаулы екендігін саралай отырып: «Қазақстан Ресейдің дипломатиялық әсер ету жолымен осындай мәлімдеме жасауға мәжбүр болды», деді.
Ұлтаралық қарым-қатынастар мәселелерін сараптайтын «Күретамыр» қоғамдық қорының вице-президенті Жасарал Қуанышәлі Қазақстан Сыртқы істер министрілігінің мәлімдемесі елдің имиджіне нұқсан келтіреді деген ойда.

«Кезінде Ресей Шешенстанға өз әскерімен басып кіріп, халықтың қанын төгіп, елдің тас-талқанын шығарды, Грозныйды тып-типыл етті. Сонда Кремль: «Бұл - біздің ішкі мәселеміз! Сендер араласпаңдар!» деген уәж айтқан», - дейді Жасарал Қуанышәлі.

Оның айтуынша, енді дәл сол Ресей басқа бір дербес мемлекеттің құрамына әскерімен басып кіріп отыр.

«Оңтүстік Осетия да - Грузия құрамындағы ел ғой. Ресей өзі сияқты БҰҰ-ның мүшесі - Грузияның ішкі ісіне қол сұқты. Қосалқы стандарт деген осы! Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның ондай елге қолдау білдіруі оның тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық қауымдастық алдындағы беделін түсіреді», - деп есептейді қоғамдық ұйым өкілі Қуанышәлі.

Жасарал Қуанышәлі: "Ресейге Оңтүстік Осетия жанжалы бойынша қолдау білдіру Қазақстанның беделін түсіреді".
Сейсенбі күні ресейлік ақпарат құралдары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлесіп, алдағы болатын ТМД мен ҰҚКҰ саммиттері, Оңтүстік Осетиядағы оқиғаларға қатысты мәселелерді талқылап, бұл жөнінде көпжақты келіссөздер өткізу арқылы шешім қабылдау қажеттігі туралы ортақ пікірге келгендігін хабарлаған.

Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің баспасөз-хатшысы Андрей Юдин бұл туралы ештеңе білмейтіндігін, ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі бойынша түсініктеме бере алмайтындықтарын айтты.
Грузияның Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі Зураб Козмава Қазақстан Грузияның бизнес серіктесі екендігін, көптеген халықаралық ұйымдарға бірге мүше екендіктерін тілге тиек ете отырып, әзірге Қазақстанның мәлімдемесі туралы түсініктеме бергілері келмейтіндіндіктерін айтты. Бірақ грузин дипломаты сөз соңында: «Өз территориясында өз азаматтарын қорғай алмаған әлемдегі кез-келген мемлекет – мемлекет емес», дегенді қосып қойды.
Оңтүстік Осетия жанжалы кезінде Ресейге Куба басшысы Рауль Кастро, Венесуэла президенті Уго Чавес қолдау білдірді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG