Accessibility links

«Менің бием түк жеген жоқ»


«Совет үкіметі болғанда бәріңді атқызар едім». Бұл сөзді көкемнің досы айтыпты...

Көкемнің Қошқарата ауылында тұратын Болат деген кластасы былтыр күзде біздің Ақтасты ауылының іргесіндегі егіндікке күздік бидай екті. Бұл жерге Совет үкіметі құлағаннан бері бірде-бір адам дән сеппеген. Жел тұрса топырағы көтеріліп, алпысқа тарта түтіні бар ауылымызды шаңмен көміп қалады.

Былтыр Болат осы егіндіктің топырағын аударып, бидай септіріп жатқан кезде біздің ауылдың шалдары оған алғыс айтып еді:

– Болат шырақ, мына жерге бидай егіп жатқанын дұрыс болған екен. Бидайыңды аман-есен орып алсаң, бізге мал жаюға масағы да жетеді ғой, – дескен.

Жаз шығып, Болаттың бидайы пісуге жақындағанда ауданнан елді елең еткізген хабар жетті. «Облыстың жаңадан тағайындалған басшысы келе жатыр екен» десті. Содан не керек, біздің ауылда қызу дайындық басталды. Бұл дайындық сырт көзге Совет үкіметі қайта орнағандай әсер қалдырар еді. Ауылдағы қыз-келіншектер (әрине, әкімнің тапсырмасымен) жол бойындағы бағаналардың, емен ағаштардың барлығын ақтап шықты. Қызды-қыздымен қирап тұрған әкімшік үйінің іші мен сырты ғана сырланып қоймай, оның артындағы шашылып жатқан комбайнның кабинасы, «Касемсоттың» дискісі, «Беларусь» тракторының тот басқан касилкасы секілді ешкімге қажеті жоқ темір-терсектер де бір күнің ішінде жоқ болды. Сөйтіп тоз-тозы шыққан ауылымызға әп-сәтте көрік кірді.

Әкім мұнымен тоқтамай, Елбасының ауыл ортасына іліп қоятын суретін іздеп әлек болады. Таппаған соң, ақсақалдармен ақылдасып, «Біз 2030 жылға және президентіміздің саясатына сенеміз!» деген жазуы бар ақ шүберекті әкімшілік үйінің бағанасына апарып керді.

Барлығы дайын болды. Ауыл тұрғындарына – облыс басшысын өз көздерімен көру таң, ал әкімімізге – мақтау сөздер мен тамсану ойлап тапқан уайым. Тұрғындар облыс басшысы келсе, ауылдағы қордаланып қалған біраз мәселелер шешіліп қалар деп үміттеніп жүрді.

Ал Болат шілденің басында жалға комбайн алып, егін оруға дайындалып жатқан еді. Ауыл әкімі:

– Бөке, облыс басшысы күнде келе бермейді ғой. Сәл шыдай тұрсаңшы, – депті.

– Ол келгенше бидай күйіп кетеді ғой.

– Осы баяғыда августың онынан кейін де ора беруші едік қой. Құдай сақтасын, биыл күн де салқын. Одан соң басшыға сені «біздің ауылдың бетке ұстар фермері» деп таныстырамын, – деп уәде береді.

Содан не керек, ауыл әкімі «тағы да 10 шақты күн күте тұр» деп, Болатты көндіріпті.

Алайда, «әне-міне келеді» деген басшыдан хабар болмады. Ауыл тұрғындары облыс басшысын күте-күте жалықты ма – баяғы әдеттеріне басып, қоқысты жолдың бойына төге бастады. Әкім жай айтты, ұрсып айтты – бірақ оның сөзін ешкім құлаққа ілмеді.

Сонымен, біздің ауылдағы бір аптаға созылған коммунизм елесі осылай тәмам болды.

Ал Болат ауыл әкімімен сөйлескен соң он шақты күндей Ақтастыға келмепті. Оны аудан орталығында көріп қалған құрдастарының бірі:

– Бөке, құрыдың! Ауылдың бүкіл малы егістігіңді жайпап жатыр, – деген суық хабарды жеткізеді.

Бөкең ертеңінде күн шықпай жатып ауылға келсе, шынында да 10 гектар егістік алқабында ауылдың бүкіл малы жайылып жүр екен. Егістіктің қақ ортасында он шақты сиыр күйсеп жатыр. Қырда бір үйір жылқы ойқастап жүр. Тіпті, кейбіреулер Болат еккен бидайға жылқысын, ешкісін, бұзауын арқандап қойыпты. Бидайдың тапталғаны сонша, енді комбайнмен ору мүмкін емес. Бұл көріністің Болатқа қалай әсер еткенін айтпасам да түсінікті шығар.

Таңғы сағат сегіздер шамасында ауыл тұрғындары «бөтен біреулер көріп қоймасын» дегендей, егістікте жайылып жүрген малды сайға түсіріп жіберуге келе жатса, алдарынан Болат шығады. Мал іздегендердің арасында ауылдың сыйлы ақсақалы да жүр екен.

– Ақсақал, енді сізге ұят емес пе! – дейді Болат.

– Менің бием түк жеген жоқ. Кеше тұсаулап жіберіп едім, Болатханның айғыры осы жерге қуып кепті ғой.

– Арқандап қоймайсыз ба? – дейді Болат ашуланып.

– Мен қайдан білейін. Соның айғыры да бәле болды, ауылдың биелеріне тыңыштық бермейді. Көктемде «үйірге жібер» деп едім – тыңдамаған.

Осы кезде бір топ бұзауды төмен қарай айдап бара жатқан келіншекті байқап қалған Болат:

– Әй, келіншек, бері кел, – дейді.

– Жалғыз менің ғана бұзауларымды көріп қалдың ба?! Бармаймын! Әне, жатыр ғой бүкіл ауылдың малы! – деп Болаттың сөзіне құлақ аспай кетіп қалыпты.

Шыдамы таусылған Болат ауыл тұрғындарымен ұрсыса бастайды:

– Мен сендерді соттатамын!

– Бүкіл ауылды соттатып жібермейтін шығарсың.

– Осыдан көрерсіңдер!

– Не істеп аласың соншама?

– Егістіктің шығынын төлейсіңдер.

– Төлемейміз! Қайтып төлеткізесің? Біздің ауылға бидай егіп, тағы да өзімізге ұрсады ғой. Бидайды өз ауылыңа екпедің бе! – деген наразы дауыстар жан-жақтан борайды.

Бүкіл ауылға жалғыз өзі қарсы тұра алмайтынын білген Болат амалы таусылған соң:

– Совет үкіметі болғанда бәріңді атқызар едім, – депті.

Болат ренжіп кетіпті. Оның ренішін көңіліне алған адам аз болды десем – өтірік емес.

Ал жаңадан тағайындалған облыс басшысы біздің ауылға сол күйі келмепті. «Неге?» дейсіз бе? Оны ешкім білмейді.

Ауыл әкімі Болатты «құдайы тамаққа» шақырған екен, келмей қойыпты дегенді естідім. Онысы несі екен, а?
XS
SM
MD
LG