Accessibility links

Әлемдегі бидай тапшылығы себебінен теңге күшеюі мүмкін


Құрғақшылықтан туған астық тапшылығы халықаралық нарықтағы трейдерлерді әбігерге түсірді. Қазақстан астық экспортына тыйым салмаймыз деп ресми түрде мәлімдесе де, Астана Ресейдің қысымына көніп, мұндай шараға баруы мүмкін. Сарапшылар бұл жағдайға байланысты теңге бағамының да өсуі мүмкін деп болжайды.


БАҒА ТОННАСЫНА 330 ДОЛЛАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТЕ МЕ?

Мәскеудің өтінішіне қарамастан, Қазақстан астық экспортын шектеу жөніндегі шараны қолданбайды, деп жазады «Либеро» газеті.
Бұл туралы елдің ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

Ал Ресей болса, бұған керісінше, биылғы жылдың соңына дейін өз аумағында өсірілген астықты экспорттауды тоқтата тұрмақ.
Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің қуаңшылыққа байланысты астықты экспорттауға уақытша тыйым салу жайлы мәлімдемесі халықаралық нарықта астық бағасының өсіп кетуіне түрткі болды.

«Астықтың түсімі аз болуының себебі құрғақшылық пен әр жерде етек алған өрт апаты» деп түсіндіреді басылым.

Ал халықаралық нарықта бидай құны өсіп барады. «Мамандар аталған баға тоннасына 330 долларға жетеді деген жорамал жасап отыр» деп жазады «Геральд Сан» газеті.

Әлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін ең ірі көлемде экспорттайтын елдер қатарына енетін Австралияда сатып алушылар фермерлерге астықтың әр тоннасына бұдан былай 40 долларға артық ақша төлеуге уәде берген.

Сарапшылар тіпті 2010-2011 жылдары бидай бағасы тоннасына 333 долларға жетеді деген болжам жасап жатыр.

Ал Мельбурнда кей экспортшылар астық өсірушілерге экспорт үшін өндірілетін астықтың тоннасына 390 доллар төлеуге ұсыныс білдіріп жатқан көрінеді.

АҚШ ФЕРМЕРЛЕРІНІҢ ҚУАНЫШЫ

Ал АҚШ – та Ресейдің астық экспортына тыйым салғанына жұрт қуанып жатыр деп хабарлайды «Блумберг» агенттігі.
Себебі аталған тыйым Америка фермерлерінің өніміне деген сұранысты күшейткен.

Дүние жүзіндегі бидайды ең көп мөлшерде импорттайтын елдердің ресми өкілдері АҚШ үкіметімен осы елден қосымша астық көлемін сатып алу мүмкіндігі қандай екендігін анықтау үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Мұндай импортер елдер қатарына Египет те енеді. Аталған импортерлер Ресейдегі қуаңшылықтан қатты қауіптеніп отыр.

Бидай бағасының бүйтіп шарықтап кетуі – Қазақстан, Ресей, Еуропа Одағындағы құрғақшылық пен Канададағы су тасқынының салдары.
Әлемдегі астық өндіру көлемі бойынша үшінші орынды иемденетін Ресей тамыз айының басына қарай қуаңшылық кесірінен өз аумағындағы 27 облыста төтенше жағдай енгізді деп атап көрсетеді «Блумберг».

Қазақстан Ресейдің қысымына көніп, ТМД елдерінен бөтен мемлекеттерге астық экспорттауға тыйым салу шарасын қолдануы мүмкін деген ақпарат та тарап отыр.

«Интернешнл Бизнес Таймс» онлайн – басылымының айтуынша, мұндай шараның түп төркіні Ресейдің «ТМД елдерінің астық экспортына өз монополиямды орнатсам» деген пиғылында жатқан көрінеді.

Қазақстан егер мұндай тыйымды өз аумағында енгізсе, онда ірі мөлшердегі қаржылық пайдадан құр қалуы мүмкін. «Әйтсе де, Астана Ресейдің айтқанына көніп, бұл шараны қолдануы әбден ықтимал» деп атап көрсетеді онлайн – басылым.

ТЕҢГЕНІҢ ЖАҢА БАҒАМЫ

Халықаралық астық жөніндегі кеңестің болжамы бойынша, 2009-2010 жылдары Қазақстан мөлшері 8 миллион тонна астық экспорттауы тиіс.

Егер Қазақстан аталған көлемдегі астықты экспорттауға қол жеткізе алса, онда бұл мемлекет астық экспорттау жөнінен әлемде алтыншы орынға шығады.

Астық тапшылығы болашақта теңге бағамының өсуіне түрткі болуы мүмкін.

«Блумберг» агенттігінің хабарлауынша, теңге бағамы бес пайыздай артуы ықтимал. Өйткені, Қазақстанның Ұлттық банкінің инфляцияны ауыздықтауға бағытталған шаралары осындай нәтиже беруі керек.

«Инфляция негізінен азық-түлік бағасының өсуінен туындап отыр» деп мәлімдейді Goldman Sachs Group Inc. сарапшылары.

Лондонда жұмыс істейтін Анна Задорнова бастаған талдаушылар тобы алдағы он екі ай ішінде теңге бағамы долларына 140 теңге деңгейіне дейін барады дейді. Теңгенің бір долларға шаққандағы бүгінгі бағамы 147 теңге.

Украина мен Қазақстанда банк несиесін беру нарығы әлі күнге «тоқырау» ахуалын басынан кешіріп отыр деп атап көрсетеді Анна Задорнова.

Аталған маманның айтуынша, бұл елдердің орталық мемлекеттік банкілері инфляцияның қатерін есепке ала отырып, ұлттық валютаның бағамын көтеру шарасын қолдануы мүмкін. Бұл шара инфляцияның қысқа мерзімді қарқынына құрық салу құралы рөлін атқаруы тиіс.
XS
SM
MD
LG