Accessibility links

Бішкектегі саммитте су мәселесі қаралады


ТМД елдері басшыларының бейресми жиыны биыл жазда Петерборда өткен еді. 6 маусым 2008 ж.

ТМД елдері басшыларының бейресми жиыны биыл жазда Петерборда өткен еді. 6 маусым 2008 ж.

Бүгін Қырғыз астанасында ТМД елдері басшыларының саммиті басталады. Бішкекте Грузияның осы ұйымнан шығу жөніндегі шешімімен бірге Орталық Азиядағы су мәселесі де талқыланбақ.

Қазақстан Орталық Азиядағы барлық су ресурстарына бақылау жасауды көздеп отыр: қазанның 10-күні аймақ елдері президенттерінің Бішкектегі кездесуінде Астана жасанды су қоймаларының құрылысын қаржыландыру туралы ұсыныс жасайды. Бұл туралы бейсенбі күні Азаттық радиосына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Әмірхан Кеншімов хабарлады.

Орталық Азия елдерінің басшылары су мәселесін бірінші рет қарап жатқан жоқ: бұл сұрақ жоғарғы деңгейдегі аймақтық жиындардың барлығының дерлік күн тәртібінен табылып келеді. Әдетте ұсыныспен шығатын – Қазақстан.

Бұл жолы да солай болмақ. Өйткені, Қазақстан географиялық жағынан аймақтағы барлық су көздерінің төменгі жағында орналасқан. Республиканың оңтүстігін сумен қамтамасыз ететін ірі артерия – Сырдарияның бастауы Қырғызстан мен Тәжікстанда жатыр, өзеннің негізгі арнасы Өзбекстан арқылы Қазақстанға өтеді.

Дарияның өне бойында гидроэнергетикалық құрылымдар көп болуына байланысты Қазақстанға жаз уақытында су жетпей қалады, көктем кезінде ағынды сулардың қосылуынан өзен арнасынан шығып жатады.

Негізінен Қазақстанға дария арқылы 1 млрд. 100 млн. текше метр су түсуі керек, бірақ жыл сайын соның жарымы ғана өтіп жатыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Әмірхан Кеншімовтың айтуынша, биыл да тиесілі суды Қазақстанға қарай өткізу қиынға түсті.

- Осы жылы қырғыздармен келіссөз жүргізіп, солардың электр энергиясын сатып алып барып, 600 млн текше метр суды Тоқтағұлдан төменге түсірдік. Соның 300 млн текше метрі ғана бізге келді. Оның өзінде айқайласып-тартысып жүріп өзбектерден әрең алдық. Тым құрығанда 500 млн алуымыз керек еді, қолымыз жете алған жоқ, - деді Әмірхан Кеншімов.

Соңғы жылдары Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы суғармалы шаруашылық судың тапшылығынан кеміп кетті. Осыдан жиырма жыл бұрын республика бойынша 2,3 млн. гектар, соның ішінде оңтүстікте 1,5 млн. гектар суғармалы жер болған. Қазір бар болғаны 1,5 млн. гектар, соның ішінде оңтүстікте шамамен 1 млн. гектар суғармалы жер қалған. Ал көршілес мемлекеттер болса суғармалы шаруашылықтарын жыл сайын көбейтіп келеді.

Мамандардың айтуынша, суға деген сұранысы жоғары Өзбекстандағы каналдардың сыйымдылығы сондай, бүкіл дарияны өзіне бұрып алуға шамасы жетеді. Мұндай жағдайда Қазақстанның оңтүстігі тіптен сусыз қалуы мүмкін. Әмірхан Кеншімовтың айтуынша, Қазақстан жағы Бішкектегі саммитте табиғи суларды аймақтағы барлық елдерге бірдей тиімді етіп бөлу жағын тағы да ұсынып көрмек.

- Қазақстан жағы қырғыздардың Қамбар-Ата-1, Қамбар-Ата – 2, тәжіктердің Рагун, Сангтуда су қоймаларын бірлесіп соғып, солардың акциясын алу арқылы суды басқару тетігіне ие болғысы келеді, - деді Кеншімов.

Аталған су қоймаларын салуға қанша қаржы жұмсалатындығы әзірге белгісіз, өйткені жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын емес. Оның үстіне, Қазақстанның ұсынысына көрші мемлекеттердің барлығы көне қоятындығына ешкім кепілдік бере алмайды. Мамандардың пікірінше, судың дәл ортасында отырған Өзбекстан аймақтағы су көздеріне қазақтарды жіберуге аса құлықты емес.

XS
SM
MD
LG