Accessibility links

Саентология шіркеуі сергелдеңге түсті


Алматы қаласындағы саентология шіркеуі

Алматы қаласындағы саентология шіркеуі

Қазақстандық кейбір ақпарат құралдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласындағы саентология шіркеуіне құпия түрде тыңшылық жүргізген деп айып тағып отырғандығын хабарлады.

Жергілікті 31-ші арна тілшілерінің хабарлауынша, құқық қорғау орындарына шіркеудің иелігіндегі заттарға тексеру жүргізу кезінде «20-шы басқарма» деген жасырын атпен жұмыс жасайтын ұйым белгілі болған. Аталған ұйым діни бірлестіктерге қарсы адамдардың тізімін жасап, олар туралы ақпарат жинаған. Бұл адамдар туралы кез келген ақпараттың құны 400 доллардан 1000 доллар тұратын көрінеді.

Саентология шіркеуінің өкілдері болса, журналистерге бұл туралы ешқандай ақпарат бере алмайтындықтарын айтады.

- Біз журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап бермейміз, ақпарат таратпаймыз, - дейді шіркеу өкілі.

Бұған дейін саентология шіркеуінің атынан заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген айыппен қылмыстық іс қозғалғаны мәлім. Ақпарат бойынша, құқық қорғау өкілдері қазанның 8-інен бастап екі күн бойы шіркеудің қызметіне тексеріс жүргізген. Тексеру нәтижесінде өмірге қауіпті дәрі-дәрмектер, заңсыз түрде жасалған қаржы операцияларының құжаттары табылды деп, бұған дейін Алматы қалалық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Төлетаев хабарлаған еді.

- Тәркіленген қаржылық-бухгалтерлік құжаттар дәлелдеп отырғандай, бұл діни бірлестік басшылары ешбір лицензиясыз, бірақ, жүйелі түрде ақылы білім беру және медициналық қызмет көрсету істерімен айналысқан. Және бұдан қомақты пайда тауып отырған. Бірақ мемлекетке тиесілі салықтар төлемеген.

Саентологтар болса, керісінше мұны құқық қорғау өкілдері тарапынан жасалған заңсыз әрекет дейді. Олар «кез келген дін сияқты біздің де діни дәстүріміздің құпия сақталғанын қалаймыз, ал шіркеудің заттарын ешқандай түсініктемесіз күшпен тартып алу «Діни сенім және діни бірлестіктер» туралы заңның еш жерінде жазылмаған» деп жазады карта-сми.ру сайтына жариялаған мәлімдемелерінде.

«Саентология шіркеуі республикада тіркелген және заңмен қорғалған ұйым. Қазақстанда уақыт өткен сайын халықтың көп бөлігі аталған ілімге қызығушылық танытуда. Тек биылдың өзінде шіркеу 9 мың жаңа адаммен толықты» деп мәлімдейді Дианетика мен саентологияны тарату ісі бойынша басқарма орталығы. Қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтиске аталған ұйым өкілдері бірнеше рет заңдық кеңес алу үшін жолығыпты.

- Өз басым шіркеу тыңшылықпен айналысады дегенге үлкен күмәнмен қараймын. Егер белгілі бір топ адамдар туралы құпия ақпарат жинаса, онда ол құпия ақпараттың көзі де болғаны ғой. Себебі, онсыз жинау мүмкін емес. Мен дианетика ілімінің жақтаушысы емеспін, тіпті жеке басым ол ілімге сақтықпен қараймын. Дегенмен шіркеу өкілдерінің қылмысты әрекеттері нақты фактілермен дәлелденбейінше, оларды кінәсіз деп есептеймін. Ал егер алдымен қылмыстық іс қозғалып, тек осыдан кейін ғана тергеу жүргізіліп жатса, онда бүкіл діни бірлестікті жою үшін жасалып жатқан шаралар болғаны.

Евгений Жовтис бұдан бір жыл бұрынғы жағдайды есіне түсіреді.

- Кезінде «Грейс» шіркеуінің басынан да дәл осындай жағдай өткен болатын. Тіпті шіркеу жетекшісі қамауға алынды да. Қазір оның кезекті «көбік іс» екені белгілі болды. Сондықтан бұл қысым жасаудың жалғасы. Яғни, қазір елдегі кішігірім діни ұйымдарға кең көлемде қысым жасалуда. Мұндай қысымдар жақын күнде тоқтамайды.

Саентология – американдық фантаст-жазушы Рон Хаббард негізін қалаған діни-философиялық ілім. Қазіргі таңда дүниежүзінде аталған ілімнің 7700-ден астам шіркеуі бар. Қазақстанда Алматы, Қарағанды, Семей және Павлодарда шіркеулері орналасқан.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG