Accessibility links

Киіктердің жаппай қырылуына себеп болған індет әлі зерттелген жоқ


Моңғолия астанасы Ұлан-Батор қаласында ақбөкендерді қорғау мәселесі жөнінде жиын өтті. Оған Қазақстан, Моңғолия, Ресей, Қытай, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінің билік өкілдері, экологтар және тәуелсіз ұйым мүшелері қатысты. Бөкендерді қорғау туралы халықаралық келісімге қарамастан дала тағысының азайып бара жатқанына мамандар алаңдап отыр.


«АУРУДЫ ЗЕРТТЕГЕН ЕШКІМ ЖОҚ»

Ұлан-Баторда өткен бас қосуда Қазақстанда киіктердің жаппай қырылу мәселесі көтерілді. Естеріңізде болса, жазғытұрым Қазақстанда небәрі төрт күннің ішінде 12 мың киік қырылып қалды. Сол кезде арнайы комиссия бөкендер пастереллез деген жұқпалы ауруға ұшырады деп топшылаған. Ұлан-Батордағы жиында қазақстандық тарап киіктерді мұрттай ұшырған жұқпалы дертті бірлесе зерттеу жөнінде ұсыныс жасады.

- Қазір Қазақстан бойынша бюджеттің бәрі бітті. 2014 жылға дейін қаралып тұрған ақша жоқ. Сондықтан мен жиынға барғанда бірінші мәселе ретінде ауруды зерттеу мәселесін көтердім. Қазақстан бойынша, әлем бойынша ауруду ешкім зерттеген жоқ. Соны зерттеуге демеушілер тарапынан қаражат болса екен деп мәселе қойдық. Оның болар болмасы алдағы уақытта белгілі болады, - дейді Ауылшаруашылық министрлігі орман және аң шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Қайырбек Мұсабаев Азаттық радиосына.

НЕДЕН ҚЫРЫЛҒАНЫ ӘЛІ БЕЛГІСІЗ

Кейбір биолог мамандар қырылған киіктерге пастереллез ауруы жұқты деген пікірмен келіспейді. Тіпті олар қырылған бөкендер санының ресми мәліметтен біршама артық екенін айтады. Батыс Қазақстан облысында тұратын биология ғылымдарының кандидаты Жасқайыр Қарағойшинның пайымдауынша, киіктер улануы ықтимал.

- Пастереллез ауруы болатын болса бәрі бір күнде қырылып қалмайды ғой. Олар ауырып жүрмейді ме, я тышқақтамайды ма, немесе басқа бір белгілері болмайды ма? Екі-үш күннің ішінде 17 мың киіктің қырылып қалғаны деген ол... Әйтеу пастереллез емес, басқа бір нәрсе әсер еткен. Полигонның әсері ме, әлде көктемгі өсімдіктің әсері болды ма?

Киіктердің жазғытұрымғы жаппай қырылуына қатысты Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы қылмыстық іс қозғаған болатын. Кейіннен құрамында қылмыс жоқ деген желеумен іс тоқтатылған. Бұл туралы Азаттық радиосына Ауылшаруашылық министрлігі орман және аң шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Қайырбек Мұсабаев мәлімдеді.

Қайырбек Мұсабаев Моңғолияда болған бас қосуда ақбөкендердің өсуіне жол бермей отырған тағы бір проблеманы көтергенін айтады. Ол – шығыс медицинасында дәрілік шикізат ретінде пайдаланылатын киіктің мүйізі. Алайда, мүйізді контрабандылауға жол бермеу мәселесі 27 қыркүйекте Қытай елінде өтетін халықаралық жиында қаралатын болды дейді.

ӨЗ МҮЙІЗІ ӨЗІНЕ ҚАТЕР

Киік мүйізінің бір килограмы 35-40 мың теңге тұрса, Қытайда ол 4 мың АҚШ долларына дейін бағаланады екен. Ал Алматының қара базарында киіктің бір дана ескі мүйізі екі мың теңгеге саудаланады. Мұны Азаттық радиосына осы кәсіппен айналысатын Шолпан есімді алыпсатар растады. Мүйізге қызыққан браконьерлерді тыю оңай болмай тұр. Орман және аң шаруашылығы комитетінің мәліметіне сүйенсек, биылғы бірінші шілдеге дейін тіркелген сегіз браконьерлік факті бойынша 76 киік атып алынған. Келген шығын тоғыз миллион теңге.

Қазақстан территориясында ақбөкендердің негізгі мекендеу аймағы Орал, Бетпақдала және Үстірт деп үшке бөлінеді. Мамандардың айтуынша қазір Қазақстанда 85,5 мың бөкен желіп жүр. Бейресми дерек 81 мыңды көрсетеді. 1998 жылы ақбөкендердің саны 470 мыңға жетсе, 2003 жылы олардың саны 21 мыңға дейін кеміген.

Сонымен қатар Ресейді 10 мың, Моңғолияны 8 мың ақбөкен мекендейді. Ал Өзбекстанда бар деп жүрген бес мың бас киік, Қазақстаннан барып қыстап қайтатындар.

Ақбөкен халықаралық қызыл кітапқа енгізілген. Қазақстанда 2020 жылға дейін киіктерді аулауға тыйым салынған.
XS
SM
MD
LG