Accessibility links

Мемлекет қарамағындағы Ә.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты мен Сокольский атындағы Органикалық катализ және электрохимия институтының басшылары мен ұжымы, жоғарыдағы екі ғылыми институттың акция пакетін ҚР Үкіметінің қаулысымен, мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі «Самұрық» қазақстандық холдингі АҚ-на беру туралы шешімі заңға қайшы деп дабыл қағуда.

Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының директоры Қажымұқан Арынов:

- Үкіметтің қаулысымен біздің акциялық пакетімізді «Самұрыққа» бермекші. Сосын бізді акционерлік қоғам ғып қайта құрып, ҚБТУ-нің қарамағына өткізбек.Оның алдында тағы да жекешелендіреміз деген еді, ол кезде Президентке хат жазып, сосын басылған. Сонымен бәрі аяқталған шығар деп едік, енді «Самұрыққа» өтесіңдер» дейді. Бір қызығы, қос ғылыми мекеменің тұрған жері мен ғимаратын бағалаңдар дейді. Яғни, қаулының ар жағында қала орталығындағы ғылым ордасының шаңырағына қызыққан жеке топтың мүддесі тұрғаны байқалады. Бір сөзбен айтқанда, Үкіметтің шешімі қазіргі қолданыстағы заңға қарсы. Осылайша қазақ ғылымының басына қара бұлт төніп тұр. Болашағы бұлыңғыр.

Үкімет мұндай шешімді қабылдаудан бұрын ғылыми мекеме басшыларымен, ғылыми Кеңеспен ақылдаспағанын, тіпті, оларды бұл шешім жайында хабардар етпегенін Органикалық катализ және электрохимия институтының директоры Құсман Досымов жеткізді.

- Бізбен ақылдаспақ түгілі, шешімге қалай қарайсыңдар деп те сұраған жоқ. Сұраусыз, сыртымыздан шешіп қабылдап, қаулы шығарған. Ғылым туралы заңға әлі өзгертулер мен толықтырулар енгізілген жоқ. Ал, Үкімет заңға қайшы шешім шығарып отыр.

«Самұрық» деген холдингі іргелі ғылым дегеннің не екенін білмейді. Мұрнына исі де бармайды. «Самұрық» ғылыммен айналысатын ұйым емес. Ғылым атаулыға қозғаушы күш беріп тұрған нәрсе ол іргелі ғылым. АҚ -ға айналдырса, іргелі ғылымды алып тастаймыз дейді. Онда Қазақстан ғылымы біржола тоқтайды деген сөз. Ал, олар мұның бірін де білгісі келмейді.

Қазақстандағы ғылыми ұйымдар қоғамдық қорының атқарушы директоры Ренат Ысқақов Үкімет мұндай шешім шығаруына бірқатар министрліктің аталмыш мәселеге атүсті қарағанының да әсері бар, әрі Үкімет қаулысы бір емес, бірнеше заңға томпақ келеді дегенді алға тартады.

- Үкіметтің аталған қаулысы өте асығыс, ешқандай жауапкершіліксіз, атүсті шығарылған. Және оған тексеріс жасаған бірқатар министрліктер теріс түйін жасаған. Ғылыми мекемелерге тікелей жауапты Ғылым және білім министрлігінің жоғарыда айтылған қаулыға қатысты пікірі жоқ. Мүлдем қатыспаған. Ең бастысы, мұнда ҚР ның ғылым туралы заңы, азаматтық кодексі және заңдық шешім қабылдау кезіндегі сақталуы тиіс нормативтік құқықтары бұзылып отыр.

XS
SM
MD
LG