Accessibility links

Қазақстан орталық сайлау комиссиясы парламент сенатының сайлауына халықаралық бақылаушыларды тіркеуді бастады. Астанада комиссия отырысында осындай қаулы қабылданды. Ал жергілікті оппозиция өкілдері біріншіден бақылаушылардың көбі ТМД елдерінен болғандықтан, олар биліктің сойылын соғады, екіншіден олар бақылайтындай ешнәрсе жоқ, себебі сайлаудың қызығы тіркелу кезінде-ақ аяқталып қалған деп отыр.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, халықаралық бақылаушыларды тіркеу 28 қыркүйекте аяқталады. Ресми мәлімет бойынша депутаттыққа үміткерлерді мәслихаттар ұсынады. Сонымен қатар азаматтардың өзін-өзі ұсыну құқы бар. Сенат депутаттарын сайлау жанама жүйе негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүргізіледі. Сенат әр облыстан республикалық маңызы бар қалалардан және Қазақстан астанасынан 2 адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Тұрғанқұлов айтып өткендей, 15 адамды ел президенті Назарбаев тағайындайды. Оппозициялық «Азат» партиясының астанадағы бөлімі төрағасының орынбасары Сүлеймен Бейсенбаевтың пайымдауынша, осы тізімге қазіргі сенатор, "Патриоттар" партиясының төрағасы Ғани Қасымов сияқты билікке жақын партия өкілдері енуі мүмкін:
- Тізімге Ғани Қасымов сияқты кісілер кіруі мүмкін, "оппозиция" ретінде. Сондай 1-2 адам сенатқа оппозицияның атынан деп өтуі мүмкін. Сонымен көзбояушылық болады.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов: Сенатқа 15 депутатты ел Президенті тағайындайды.
Интернет кеңістігіндегі ақпаратта осы үміткерлердің ішінде «Ауыл» партиясы бар деп жорамалданады. «Ауыл» партиясының өкілі Жәнібек Нағыметов бұл ақпаратты теріске шығарды:
- Сенаттың сайлауына байланысты бізге ешқандай интернетте жазылып жатқандай билік жағынан ұсыныс түскен жоқ. Біз президенттік те, оппозиция да емеспіз, біз центристік яғни, ортадамыз.
«Ауыл» партиясының өкілі Нағыметов сенаттан гөрі мәжілісте болуды қалайтындығын жеткізді:
- Партиялар мүмкін болса мәжілісте болу керек. Сосын оның фракциясы болу керек. Сенатта ол ештеме бітірмейді. Мысалы, Ғани Қасымов сенатта болғанымен, оның фракция ұйымдастыруға хақысы жоқ. Сондықтан оның бізге қажеті жоқ.
Ал, экс-сенатор, қазіргі оппозиционер, Астанадағы «Политон» клубының үйлестірушісі Зәуреш Батталова сенат сайлауына бақылаушылардың көбі ТМД елдерінен келеді деп отыр:
- Қазір сенат сайлауына бақылау болады дегенді қолдаймын. Бірақ, олар Ресейден және билікпен келісілген ұйымдардан. Өкінішке қарай, олардың бақылауы объективті түрде болады деп айта алмаймын.

«Азат» партиясының өкілі Сүлеймен Бейсенбаев та осы пікірге қосылып отыр:
- Қайтадан спектакль болатын сияқты менің ойымша. Бақылаушылардың бәрі ТМД кісілері болады. Олардың барлығы біздің билікте Назарбаев нені айтады, соны орындайды.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкованың хабарлауынша, халықаралық бақылаушылар тізімін Сыртқы істер министрлігі ұсынады. Ал Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Ілияс Омаров қай елден бақылаушылар келетінін әзірге айта алмай отыр. Оппозицилық саясаткер Батталованың ойынша, қалай болғанда да халықаралық бақылаушылар кешігіп қалды:
- Қазір сайлау өткен кезде бақылаудың қажеті жоқ. Комиссия төрағасы Тұрғанқұловтың айтып отырғаны сайлау күні Сенат сайлауы өтіп кетті десе болады. Тіпті сайлауға емес, тіркеуге өткізбес үшін жақтамайтын адамдарды олар тіркеуге жеткізбейді. Әкімшілікте кімнің сенатор болатындығы белгіленген. Және сол лайықты адамға қарсы шықпайтын 1-2 адам тізімде болады, альтернативті түрде өткізу үшін. Содан кейін өздерінің сайлаудан өткізген мәслихат депутаттары арқылы дауысты бересің деп тапсырма береді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов баспасөз мәжілісінде айтып өткендей, жергілікті бақылаушылардан «Сайлауларды қадағалау жөніндегі комитет» атты қоғамдық бірлестік бақылауға ниет білдірді. Ал, 2005 жылы сенат сайлауына шет елдерден 52 бақылаушы тіркелген еді деді ол. Биылғы Сенат сайлауы 4 қазанда өтеді. Ресми мәлімет бойынша сайлауалды үгіт 14 қыркүйекте басталып 2 қазанда аяқталуға тиіс. Сайлау комиссиялары сайлау нәтижесін 4 қазан күні анықтайды, бірақ, Орталық сайлау комиссиясы қорытындыны 10 қазаннан кешіктірмей беруі тиіс.
XS
SM
MD
LG