Accessibility links

Аштық жариялағандар биліктің уәдесіне сенбейді


Алматыда жергілікті биліктің ұсынған өтем ақшасына келіспеген Медеу ауданындағы баспаналары сүрлеуге кетуге тиіс тұрғындардың аштық жариялап жатқанына - 18 күн.

Өткен аптаның соңында құрамында қалалық әкімшілік пен «Алматыжер» мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның қызметкерлері бар 20 адамнан құралған комиссия аштық жариялаушыларға келіп, олардың талабын орындауға уәде берген еді. Шілденің 10 күні аштық жариялаушылар олардың берген уәдесіне сенбейтіндіктерін мәлімдеді.

Күннің ыстығына, кейбіреулерінің денсаулықтарының сыр бере бастағандығына қарамастан, наразылық танытып, осындай шараға барғандар шамалары жеткенше күресуге бел буып отыр. Солардың бірі Медеу ауданына қарасты тау етегіндегі жерде тұрған үйдің иесі Фатима Махмұтқызы арнайы келіп, талаптарынды орындаймыз деген комиссияның уәдесіне сенбейді:

- Аштық жариялап жатқанымызға 18 күн болды, оның 12-ші күні дегенде қалалық әкімшіліктен құрамында 20 адамы бар комиссия келді. Біз әбден олардың берген уәделеріне үйренгенбіз. Ақша қашан біздің есеп-шотымызға түседі, сол кезде аштықты тоқтатамыз.

Фатиманың жұбайы Тынысбек Әуелбекұлы «Азаттық» тілшісіне, олардың уәде бергенінен бері бір апта уақыт өткенін, өзінің ол уәдеге күмәнмен қарайтындығын айтты:

- Өткен аптада Алматы қалалық әкімшілігінен жолаушылар тасымалдау департаментінің директоры Меринков мырза бастаған бір топ комиссия келді. Әкімшілік сүрілетін үйлерге бөлінетін қаржыны комиссияда шешетін болыпты. Бұрын «Алматыжер» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны өзі шешетін. Біз соның алдында «Алматыжермен» үш рет келісім-шартқа қол қойғанбыз. Біріншісінде, 460 мың АҚШ долларына, екіншісінде, 450 мың АҚШ долларына, үшіншісінде, 400 мың АҚШ доллары болатын. Меринков мырза келіп, соның ең соңғы бағасын ұсынып отыр, біз оған келістік. Алайда ол туралы келісім-шарт әлі жасалған жоқ. Одан бері 1 аптадай уақыт өтті, бізге әлі ешкім келген жоқ.

Ұзақ уақыт бойы ашыққандықтан соңғы күндері Фатиманың денсаулығы сыр бере бастапты. Әділеттілікке қол жеткізе алмаса Фатима бұл наразылық шарасын әрі қарай да жалғастыра бермекші екен:

- Денсаулығым бұрынғыдай емес, жүрек те сыр бере бастады. Салмақ та түсіп жатырмыз. Бас-аяғы 8 келі салмақ жоғалттым. Сылынып қалдық. Сумен ғана қоректеніп жатырмыз, ішекті жабыстырып алған оңай емес. Дәрігерлер күніге 2 мезгіл келіп, қарап кетеді. Жүрегімді тексеріп, анализ алып жатыр. Олар күн сайын бізге «алып кетеміз, жағдайларыңыз төмен» дейді. Ал біз істі аяғына дейін жеткізгіміз келеді.

Осыдан 9 күн бұрын аштық жариялаушыларға барғанымызда, Фатимамен бірге шатыр астында оның көршісі Балқаш Ташмұхаметова да болған еді. Бұл жолы барғанымызда біз Балхашты орнынан таба алмадық. Фатима өз көршісін қалалық әкімшілікке шақыртып әкеткендігін айтты.

Аштық жариялап жатқандардың талабына байланысты «Алматыжер» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының басшылығынан қандай да бір түсінік алу мүмкін болмады. Сондай-ақ Алматы қалалық әкімшілігіне жолдаған сауалымызға да жауап ала алмадық.
XS
SM
MD
LG