Accessibility links

Осыдан тура бір жыл бұрын бесінші қазанда Алматы қалалық сотында Шаңырақ ісі бойынша сот үкімі шығарылып, 24 адамның сотталғаны белгілі.


— Шаңырақ ісіне қатысты бір жыл ішінде қандай өзгерістер болды?
— Өкінішке қарай, жақсы өзгерістер болды деп айтуға келмейді. Себебі, жиырма бес жігіттің барлығының істерін біз Жоғарғы сотқа бергенбіз. Соттың алдында, Құдайдың өзі қарасып, 4 жігіттің көп жылға сотталып отырғандығының себебі болып табылатын ағайынды Айбатыр мен Бауыржан Ибрагимовтер өздеріне қысым жасалғандықтан осындай деректерді бергендерін мойындап, баспасөз мәслихатын өткізді, прокоратураға арыз берді. Бірақ, бір таң қаларлығы, мұның бәрі есепке алынбай, тағылған айып сол күйінше қалды. Еш көмек болған жоқ. Қазір ол жігіттер әр облысқа жіберілді, біреуі Қызылордада, екіншісі Павлодарда, Арон Атабек Қарағандыда. Біздің сол облыстардағы жігіттеріміз, қоғамдық ұйымның мүшелері оларға барып, шамалары келгенше қолдау көрсетіп, көмектесіп жатыр, оларға рахмет айтамыз.
—Бұл мәселе сонда немен аяқталды?
Шаңырақтағы қақтығыста әлдекімдер тірідей өртеген полиция офицері бірер күннен кейін ауруханада қаза болды. Шаңырақ, 14 шілде 2006 ж.
— Меніңше, Үкімет бұл істе ешқандай жеңіске жеткен жоқ. 25 адамның бәрінің талқанын шығарып соттап, жан-жаққа жіберетін Желтоқсан кезі емес екенін осы мәселе дәлелдеп берді. Екіншіден, бұл мәселеде жергілікті биліктің тарапынан көптеген қателіктер кеткенін көрдік, қазірдің өзінде жер сатқандар ұсталуда деп айтып жатыр ғой. Үшіншіден, менің ең қатты таң қалғаным, үкімет қазір «алданып қалды» деп ақшаларын беріп, үй салдырып жатқан үлескерлерге көмек көрсетіп жатыр. Неге дәл солай алданып жер сатып алған шаңырақтықтарға көмек көрсетілмейді? Соған қарағанда, үй салушылардың да, үлескерлердің ішінде де биліктің адамдары бар ғой деймін. Өздеріне өздері ақша беріп көмектесіп жатыр. Шаңырақтағы қарапайым халық әлі далада жүр, бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Алматыда ашылған жаңа ауданға «Шаңырақ» атауын берейік деген ұсыныс жасап едік, өкінішке орай, логикалық тұрғыдан реті келіп тұрған атауды алғысы келмей, оған «Алатау» деген атауды берді. Демек, билік шаңырақ деген сөзден қорқатын дәрежеге жеткен болуы керек.
—Ал шаңырақтықтардың ендігі тағдыры қалай болмақ?
—Менің ойымша, ең бірінші, ең маңызды нәрсе жасалған жоқ, бұл алданғандардың да, заңды түрде жер алғандардың да құжаттары тіркелген жоқ. Газдың үстіне үй салғандардың да тағдырлары да екіұшты қалып отыр. Ол үйлерді бұза ма, әлде тазалай ма, мүмкін заңдастырып беріп, кейіннен сатып алып, орнына көп қабаты үйлер сала ма, бұл туралы билік нақты еш нәрсе айта алмай отыр. Менің ойымша, Шаңырақ оқиғасынан кейін үкімет жақсылап ойлануы тиіс еді, өкінішке орай, олай болмай отыр, сондықтан да бұл істің сот жағынан да, Шаңырақтың ішкі мәселелері жағынан да нүктесі қойылмай отыр.
—Сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар атқарылуда?
Шаңырақ ісі бойынша айыпталып сотқа тартылғандардың 4-уі 14-18 жыл аралығында қамауға кесіліп, 20 адамға шартты жаза шығарылды. Алматы, 5 қазан 2007 ж.
— Былтырғы ақпаннан бері «Шаңырақ» атын иеленген республикалық қоғамдық қозғалыс құрылды, қозғалыстың басшысы — Асылбек Қожахметов. Оған құрылтайшы ретінде біздің «Ұлт тағдыры» қозғалысы да кіреді. Қазір облыстарда осы қозғалысты тіркеумен айналысудамыз. Демек бұл бағытта жұмыс істейтін арнайы бір қоғамдық құрылым бар. Сол жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Бұрын біз бір топ азамат бірігіп, «Шаңыраққа тірек» деген комитет құрған едік, қазір бұл кәдімгідей тіркеуден өткен үлкен қоғамдық қозғалыс болып отыр, яғни аталған мәселені аяқсыз қалдырмауға мүдделіміз. Және біздің аппеляциялық комиссияға шағым білдіретін тағы бір мүмкіндігіміз бар, бірақ оны саяси жағдай өзгере ме деген оймен әзірге ұстап отырмыз. Себебі, Жоғары Кеңес қалалық соттың таққан айыбының бәрін сол күйінше қалдырған соң, оны қайталап беру тиімсіз болды, саяси жағдай өзгеріп, бұл оқиғаға деген оң көзқарас қалыптасқан уақытта тағы да аппеляцияға ұсынамыз. Өйткені ол 4 жігіттің жазықсыз кеткені айдан анық.
— Ол азаматтардың отбасыларына сіздерден көмек бар ма?
— Өкінішке қарай, ол жігіттердің отбасыларына қол ұшын беретін мүмкіндігіміз жоқ, қолдан келсе көмегімізді аямас едік, бірақ олар үйлерінің тағдыры не болатыны белгісіз болғандықтан және басқа да мәселелер бойынша бізбен хабарласып тұрады. Бірақ бұл іспен арнайы айналысатын құрылымның бар болғаны да осы Шаңырақ ісінің нәтижесі деп білемін.
- Әңгімемізге рахмет!
XS
SM
MD
LG