Accessibility links

Қыркүйектің 9-ында үлескерлердің құрылыс мәселелері бойынша интернет-конференция басталды. Бір қызығы, үлескерлердің көбісі бұдан хабарсыз екен.

Үлескерлердің дауы өршігеннен бері ұзақ уақыт өтсе де, олардың ешқайсысының мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келеді. Сондай үлескердің бірі Астана қаласының тұрғыны Марат Әмірғалиев бұдан екі жыл бұрын пәтер салып беруге уәде еткен «Қайсар.кz» құрылыс компаниясына банктен несие алып, 65 мың АҚШ долллар көлемінде қаржы құяды. Алайда кешенді бітіруге компанияның қаржысы жетпей, құрылысы өткен жылдан бері тоқтап қалған екен.
- Компания басшылары «әне саламыз, міне саламыз» деп уақытын созып жүре береді. Бітіру үшін тағы да «ақша қосыңдар» деді. Біз оған келіскен жоқпыз. Қазір құжаттарымызды жинап, тұрғын үй-құрылыс кооперативіне өткізіп қойдық. Енді не болатынын білмейміз, - дейді Марат.
Аталған компания өкілдеріне хабарласқанымызда есімін Мәдина деп таныстырған қызметкер «компанияның қаржыландыруды күтіп отырғанын, басшылардан ешкім жоқ екенін, құрылыс осы жылдың аяғына дейін аяқталатынын» айтты.
Наразы үлескерлер "Верный.kz" компаниясының басшысын жауапқа тартауды талап етіп Алматы қаржы полициясына келген болатын. 21 тамыз 2008 ж.
Есеп бойынша, Қазақстанда мәселесін шеше алмай жүрген 30 мыңға жуық үлескер бар. Оларды бірі - салған ақшаларын қайтара алмай амалы таусылса, бірі – халықтан ақша жинап, із-түзсіз жоғалып кеткен компания басшысын іздестіруде. Соңғы жағдайға мысал ретінде «Верный.кz» компаниясын келтіруге болады. Үлескерлерден 20 млн доллар ақша жинап алған компания басшысы Жанат Ақбиевтің қазір қайда екенін ешкім білмейді. Ал бұл уақытта алданған үлескерлердің Үкіметке де сенімі сөнген.
- Президентке хат жазып едім, ол әкімге жіберді. Әкімге жазып едім, ол ГАСК-ға жіберді. Прокурорға жазып едім, ол да ГАСК-ға жіберді. Ал ол жерде маған үй бере ме, жер бере ме, түсінбеймін. Ешқандай көмек жоқ. Қысқасы, мен Қазақстан Үкіметіне сенімнен айрылдым, - дейді үлескер Күләйхан Тәжібаева.
9-шы қыркүйекте басталған интернет-конференция жайында Ақпараттандыру және байланыс агенттігіне хабарласқанымызбен жауап алудың сәті түспеді. Агенттіктің алдын ала таратқан ақпаратына сүйенсек, интернет-конференцияға кез-келген үлескер қатыса алады. Ол үшін е.gov.kz сайтына кіріп, интернет- конференция деген белгіні басуы керек. Агенттіктің ақпараты бойынша, әрбір сұраққа тиісті мемлекеттік орган 10 күн ішінде жауап қайтарады. Өз кезегінде үлескер жауапқа қанағаттанғанын немесе қанағаттанбағанын білдіре алатын көрінеді. Үкіметтің мұндай шара өткізуіне үлескерлер дауын шешуде жиналған мәліметтердің әралуандығы себеп болып отыр екен.
Ипотекалық дағдарыстан зардап шеккен азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін қоғамдық ұйым құрды. 28 тамыз 2008 ж.
Ал «Лайықты баспана үшін» ұйымының жетекшісі Зәуреш Батталова Үкіметтің бұл жерде үлескерлер мәселесін шешуге шын ниет танытпай отырғанын айтады:
- Мен осы интернет-конференция үлескерлердің мәселесін жан-жақты қарап, дәл жауап беріп, шешу жолын табады деп ойламаймын. Менімше, интернеттің жұмысын олар өздері ұйымдастырады. Ондай әдісті біз бұрын да көрдік. Бұл Үкіметке не үшін керек болды? «Халықпен ешкім кездеспейді», «Халықтың мұң-мұқтажын ешқайсысы тыңдамайды» деп ылғи газеттерде, митингілерде айтылып жатыр ғой. Сәйкесінше, олар халықпен «кездесіп жатқандықтарын» осы сайт арқылы көрсеткісі келеді.
Интернет-конференция қарашаның 1-іне дейін жалғасады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG