Accessibility links

Жақында Қазақстан үкіметінің бірінші вице-премьері Өмірзақ Шөкеев салынып жатқан Көксарай су реттегішінің құрылыс барысына талдау жүргізген.

Дәлірегі, мәртебелі жиында реттегіштің техникалық-экономикалық негіздемесі сөз болады. «Казгипроводхоз» жобалау иниститутының есептеуі бойынша реттегіш құрылысы қазынаның 45 млрд. теңгесін қажет ететін көрінеді. Вице-премьер «мұншама қаржыны табу оңай емес» деп тәуелсіз сарапшы ретінде кеңес дәуірі кезінде одақтық Су шаруашылығы министрлігінің жұмыс көлемінің үштен бірін атқарып отырған, сол себепті де өзіне одақтық министрлік мәртебесі берілген Өзбекстандағы «Аралводстрой» бас құрылыс басқармасын 6 жыл басқарған, экономика ғылымдарының кандидаты, техника ғылымдарының докторы және докторлық ғылыми атақты 1982 жылы АҚШ-тың Денвер қаласында қорғаған, қазір Қазақстанның Жетісай қаласында тұрғанымен Өзбекстандағы «Эсер» түрік компаниясының техникалық директоры қызметін атқарып жүрген Мәлік Сәрсеновті шақырады.

Жалпы, сарапшы ретінде арнайы шақырып алдыратындай Сәрсенов кім еді деген сұраққа кеңірек тоқталар болсақ, Жетісайда туып-өскен Сәрсенов негізін қазақтың біртуар азаматы Сұлтанбек Қожанов қалаған және өзі соның бірінші ректоры болған Ташкент ирригация институтын 1966 жылы бітірген. 1973-1977 жылдары Шымкентте ПМК бастығы, трест меңгерушісі қызметтерін атқарған. Содан кейінгі өмір жолы тағы да Өзбекстанда өрбіген ол бірнеше трест меңгерушісі болады. «Аралводстройды» басқарған тұста КСРО халық дептутаты болып сайланады. Кейін екі жыл бойына кәсіби түрде жаңадан құрылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің ең үлкен республикаралық ынтымақтастық комитеті төрағасының орынбасары болып істейді.

Кеңес Одағы тарқаған соң бұрынғы КСРО Су шаруашылығы «Водстрой» концерні болып қайта құрылғанда соның бастығының орынбасардығына тағайындалады, концерн үшке бөлінгеннен кейін оның бір бөлігі «Агровод» акционерлік қоғамын басқарады. Жер шарының 55 елінде іссапармен болып, оның 17-інде келісім-шартпен жұмыс істейді.

Мәлік Сәрсенов - Швейцариядағы әлемдік су құрылысының ең озық үлгісі деп танылған, дүниежүзіндегі ең биік Аливейн су тоғанын салуға КСРО атынан шақырылған жалғыз маман. Ақпарат үшін айта кетер болсақ бұл тоғанның сыйымдылығы 170 млрд. текше метр-дағы, Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5 млрд.текше метр. Сәрсенов Ресей мен Өзбекстанның еңбек сіңірген ирригаторы, ғылыми жаңалықтары жоғары оқу орындарының мелиорация жайлы оқулықтарына енгізілген жан.

Мәлік Сәрсеновтің пікірінше жобалау институты ұсынғандай Көксарай тоғанының енін топырақпен 60 метр етіп көтерудің қажеттігі жоқ. Тоғанның арасына бетоннан экран құйса оның ені әлдеқайда кемиді. Сондай-ақ тоғанның бетін жұмыр тастармен қаптау, ол үшін 12 млрд.теңге қыруар қаржы бөлу де іске асырмаса болмайтын қажеттіктен туып отырмаған жоба. Сәрсенов осы секілді өзінің ұсыныс-пікірлерін үкіметке дәйекті түрде дәлелдеп жіберген көрінеді.

Жалпы, Көксарай су реттегішін салудың қажеттігі туралы қарама-қайшы пікірлер бар екені рас. Кейбір мамандардың пікірі бойынша жоғарыдағы әңгіме тоған құрылысы басталып кеткенімен мәселенің алдымен әдеттегідей саяси түрде шешімін тапқанын, экономикалық-техникалық тұрғыдан әлі толық пісіп-жетілген жоба жасалмағанын көрсетеді.

Олардың айтуына қарағанда оңтүстіктегі суға деген қажеттілікті шешудің жолы бұл емес. Мәселені түпкілікті шешкіміз келетіні рас болатын болса дейді олар, біріншіден Сырдарияның арнасын толық тазалап шығу керек. Өйткені, тайыз арна тұрғанда өзен жағасындағы елдімекендерге су тасқыны қаупінің төнгені төнген. Және жыл сайынғы су тасқынына қарсы бөлінетін қаржы талай шенеуніктер үшін пайданың үлкен бір көзі. Сондықтан олар арнаны тазалау көп қаржы керек етеді деген желеумен оған қарсы. Ал, шын мәнінде өзенді тазартуға Көксарайды салудан көп ақша кетпейді дейді олар.

Екіншіден, Көксарайдай үлкен құрылысқа бөлінетін қаржының үлкен бір бөлігі қалай болған күнде де ірілі-ұсақты шенеуніктердің қалтасына түспей қоймайды, тоғанды салуға олар ең бірінші осы тұрғыдан мүдделі, істің басталуының бір мәнісі осында екенін сыртқа шығарып айтпағанмен жұрттың бәрінің іші біледі, тоған салу үшін өзеннен оған су әкелетін және су алып кететін жалпы ұзындығы 26 шақырым канал қазу соның бір көрінісі дейді мамандар.

Үшіншіден, ең бастысы бұл мамандардың пікірі бойынша ертең салынып болған кезде Көксарайдың қажет болмай қалуы әбден мүмкін. Өйткені, Өзбекстан да артық суды өзіне жинап алу үшін қолынан келгеннің бәрін істеп жатқан көрінеді. Тіпті, Фархад ГЭС-нің қасынан тағы бір тоған мен айналма канал салу, сол арқылы бұрын Айдаркөлге Шардарадан Арнасаймен құйылатын артық суды жоғары жақтан бұрып әкету жұмыстары жүргізіліп жатыр дейді олар.

Көрші елдің бұл жобасы іске асқан кезде Көксарай түгілі Шардараны жыл сайын толтырып отырудың өзі мұңға айналуы мүмкін. Сондықтан да су мәселесін біржолата шешудің жалғыз да ең дұрыс жолы Орта Азияның бес республикасы басшыларының бұл мәселеде барлық жаққа бірдей тиімді нұсқасын табу болмақ. Мамандардың пікіріне қаншалықты құлақ асыларын енді уақыт көрсетеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG