Accessibility links

Ресейде сейсенбі күні жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Александр Солженицынмен қоштасу рәсімі өтті. Қазақстандық жазушылар орыс қаламгерінің шығармашылығы туралы қарама-қайшы пікірлер білдіруде.

Орыс жазушысы, қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының лауреаты Александр Солженицыннның 89 жыл ғұмырының бірнеше жылы Қазақстанмен байланысты. 40-шы жылдары Сталинге қатысты сын пікір білдіргені үшін жазушы сотталып, 1950 жылдың тамыз айында Екібастұздағы «Степлаг» деген атпен мәлім арнайы лагерге жазасын өтеуге жіберілген. 1952 жылы Солженицын қатерлі ісік ауруына шалдығып, келесі жылы босатылады. Содан кейін ол Жамбыл облысы, Көктерек ауданы, Бірлік ауылына түпкілікті қоныстануға жіберіледі. Денсаулығы күрт төмендегенше, 1953 жылдың соңына дейін Солженицын қазақ ауылының мектебінде математика мен физикадан сабақ берген.

Бүгінде Александр Солженицыннің еңбектері мен шығармашылығы туралы қазақ жазушылары арасында пікірлер әрқилы. Мысалы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Дулат Исабеков кезінде Солженицынның шығармаларын тыйым салынғандығына қарамастан, іздеп жүріп оқыған. Бірақ кейін Солженицыннің бір мақаласынан кейін қазақ қаламгерінің ол жазушының шығармашылығы туралы пікірі өзгеріп сала беріпті. Дулат Исабековтың айтуынша, ол мақаладағы айтылған ойлар Ресейдегі шовинистік пиғылдың қозуына тамызық болған:

- Оның «Как нам обустроить Россию» деген атақты мақаласы шықты. Біз оған өре тұрып, қарсы болдық. Содан кейін ол өзінің көптеген оқырмандарын өзінен теріс айналдырып алды. Соның бірі – мен. Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу керек деген сол бір ойы Михаил Горбачевтің ойына азық болып, оның шовинистік пікірін қоздырды. Оған Юрий Бондарев, Валентин Распутин деген сияқты орыс жазушылары қосыла кетті. Қазақстанның бес облысына көз алартқан адамдар – осылар еді. Осыдан кейін мен оның шығармаларын оқымайтын, қайта қарайтын дәрежеге жеттім.

«Жер және қазақ тағдыры» қоғамдық ұйымының төрағасы, жазушы Сапабек Әсіп Александр Солженицын кеңес дәуірінің ащы шындығын аша білгенімен, «Как нам обустроить Россию» деген мақаласы арқылы Қазақстанның жер тұтастығына қатысты әділетсіз пікірлер айтты деп есептейді:

- Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік- шығысында адам күн көрісіне қолайсыз жерлерді қазаққа қалдырып, Арқадағы, шығыстағы Алтай жері, батыстағы жердің солтүстік жағы сияқты қолайлы, жақсы жерлерді Ресейдің қарауына қалдыру керек сияқты пікірлер айтып, қиянатқа барды. Осы арқылы шовинистерді қанаттандырып кетті. Мұндай қастандықты кешіруге болмайды.

«Дарын» сыйлығының лауреаты, жазушы Айгүл Кемелбаева «Александр Солженицын «күрделі тұлға». Оны біржақты қаралап, тек қана теріс баға беруге болмайды» деген ойын білдірді:

- Ол - өз ұлты үшін, әрине, орны ерекше тұлға. Социализм кезеңінде дүниеге келе отырып, оны батыл әшкерелеп, азап лагерлерінен өтті. Мен бұл жазушыны документалист ретінде танимын. Бірнеше кітаптарын оқыдым. Әрине, бұл кісіде көркем әдебиеттен гөрі публицистика басым. Бірақ әсіресе 1994 жылы Ресейге оралғаннан кейін өз еліне ұлттық, рухани көсем бола білді. Бұған тек құрметпен қарауға болады.

Публицист, журналист Қазиз Тоғызбаев Александр Солженицынның күрескерлігі, қайраткерлігі көп қазақ жазушыларына үлгі бола алады деп пайымдайды:

- Солженицын, әрине, ұлы жазушы. Бірақ біз, барлық адамзат оны тек қана әдеби еңбегі бойынша ғана бағаламаймыз. Біз оны азамат ретінде, өзінің әдеби шығармашылығы арқылы саясатқа шынайы әсер ете білген азамат ретінде құрметтейміз. Мен оны саясатқа, қоғамға жасаған ықпалы жағынан Борис Ельцин, академик Сахаровпен қатар қояр едім.

Александр Солженицынге 1970 жылы Нобель сыйлығы «әдебиеттегі адамгершілік күш-қуаты үшін» деп берілген. 2007 жылы жазушы Ресейдің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.

XS
SM
MD
LG