Accessibility links

"Альянс банк" борышкерлерге көмек беруге келісті


Борышкерлер "Альянс банктің" алдында наразылық акциясын өткізді.
Борышкерлер "Альянс банктің" алдында наразылық акциясын өткізді.

28 қазан күні «Халыққа баспана қалсын» қозғалысы кезекті рет наразылық акциясын өткізді. Олар бұл жолы "Альянс банктің" алдында үндеу оқыды.

Банктің алдына 60-қа жуық адам жиналды. Көп ұзамай «Халыққа баспана қалдырындар» деген жазуы бар ұрандарды жоғары көтеріп тұрған наразы топтың алдына "Альянс банктің" басқарма төрағасы Ерік Сұлтанқұлов шығып, қозғалыс басшыларымен ашық әңгіме өткізуге дайын екенін жеткізді. Оншақты адамнан тұратын ынталы топ пен ақпарат құралдарының өкілдері банк ғимаратының ішіне кіріп кетті де, қалғандары бір сағаттан астам уақыт далада күтіп тұруға мәжбүр болды.
Екі тарап та бір-бірін түсінісуге тырысты. "Альянс банктің" басқарма төрағасы Сұлтанқұлов наразылық танытуға келген қозғалыс жетекшілері мен оның мүшелеріне ипотека бағдарламасы бойынша банктен несие алғандарды бір жылға дейін баспанасынан айырмауға уәде берді. Ерік Сұлтанқұлов борышкерлерге тағы бір жеңілдік жасады. Ол: «Біз банктің әрбір клиентінің кірісі мен шығынын бастан-аяқ тексеріп шығамыз, егер де шын мәнінде де қарызды жабуға мүмкіндіктері жоқ болса, онда оларға жалпы табысының 30 пайызын ғана төлеп отыруға мүмкіндік береміз», - деді. Басқарма төрағасының аузынан шыққан бұл сөзді оның кабинетінде отырған борышкерлердің барлығы құптады.
"Халыққа баспана қалсын" қозғалысының жетекшілері борышкерлерді тұңғыш жеңісімен құттықтады.
Сыртта тағатсыздана күтіп тұрған қарапайым халық басқарма төрағасының әлгі сөздерін естіп, қуанып қалды. Дегенмен, біз қозғалыс жетекшілерінің бірі Элмира Ысқақованы әңгімеге тартқанымызда, ол ұйымға мүше 600-ден астам адамның басым бөлігі "Альянс банкіне" қарыз екенін айтты. Сондай-ақ, ол осының алдында өткізілген наразылық акцияларына да тоқталып өтті. Элмира Ысқақованың сөзіне қарағанда, «Халық банкі» мен «Тұран Әлем банкі» басшылары қарапайым халықтан теріс бұрылды. Оның айтуынша, өткен жолғы сәтсіздік жеңіліс емес. «Біз әлі бұл банктерге қайырылып барамыз, оларға бәрібір өз талаптарымызды орындатуға тырысамыз,» - деді ол.
«Халыққа баспана қалсын» қозғалысының тізімінде 12 банктің аты жазылған. Олар қалған тоғыз банктің бас кеңсесіне алдағы уақытта барып, наразылық акциясын өткізуді жоспарлап отыр. Бүгін көздеген мақсаттарына қол жеткізген борышкерлер қызды-қыздымен АТФ банкінің алдына да бармақ болды. Алайда, наразылық танытушылардың кейбірі жұмыстарынан сұранып шыққандарын айтып, бұл шараны келесі жолға қалдыруды ұсынды. Осы уақытта "Альянс банкінің" алдында қоғамдық тыныштықтың бұзылмауын қадағалап тұрған прокуратура, полиция және қалалық әкімшілік қызметкерлері жан-жаққа тарады.
XS
SM
MD
LG