Accessibility links

Таһиржан Ахметов кесілген саусағын ОБСЕ-нің өкілдігіне апарды


Қоғамдық белсенді ОБСЕ-ге мәлімдемесін оқып тұр, Алматы, 16 қыркүйек, 2008 жыл.

Қоғамдық белсенді ОБСЕ-ге мәлімдемесін оқып тұр, Алматы, 16 қыркүйек, 2008 жыл.

Қазақстандағы бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Алматыдағы мекемесіне жиналып, үндеу табыс етті.

Аталған ұйымның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо мырзаның атына жазылған хаттардың арасында «Сот орындаушыларының заңсыз әрекеттерінен зардап шеккендер» қоғамдық қозғалысының төрағасы Таһиржан Ахметовтың осыдан біраз уақыт бұрын наразылық ретінде кесіп тастаған саусағы да бар.

Алматы тұрғыны Таһиржан Ахметовтың ҚР Жоғарғы сот шешімін орындата алмай жүргеніне екі жыл болды. Биылғы шілде айының 16-сы күні ол өз құқығының аяққа тапталғандығын айтып, көпшіліктің көзінше шынашағын кесіп тастады. Алайда, қоғам қайраткерінің бұл әрекетінен еш нәтиже шықпаған-ды. Арада тура екі ай өткенде, қазірде «Сот орындаушыларының заңсыз әрекеттерінен зардап шеккендер» қоғамдық қозғалысын басқаратын Таһиржан Ахметов қозғалыстың атынан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) Бас хатшысының атына жазылған үндеумен бірге әлгі кесілген саусағын табыс ету үшін ұйымның Алматыдағы мекемесінің алдына келді.

- ОБСЕ Қазақстанның 2010 жылы осы ұйымға төрағалық ету туралы шешім шығарды. Ал біздің елімізде адам құқығы аяққа тапталып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, бұл ұйым өз шешімі арқылы біздегі заңсыздықтардың барлығын ескермегендігін көрсетті. Біз осы әрекеттің құрбаны болып отырмыз. Яғни, біздің әділ талаптарымыз ешқашан орындалмайды деген сөз. Осының дәлелі ретінде мен үкіметтік емес ұйымдардың жолдауымен қоса өзімнің кесілген саусағымды алып бардым. Бірақ олар саусақты қабылдаған жоқ, «біздің мекеме кунст-камера емес» деп, өзіме қайтарды, - деді Азаттық радиосына Таһиржан Ахметов.
Жоғарғы соттың шешімін орындата алмай жүргендердің бірі – запастағы офицер Қалдан Бөрібаев. Сот қаулысына сәйкес Бөрібаевқа ҚР Қорғаныс министрлігі баспана беруі тиіс.
- Біздің құқығымыз бұзылды. Бұған дейін зейнеткерлікке шыққан әскери қызметкерлердің атынан сотқа шағымданған едік. Соттың қаулысы орындалмай жатыр. Дүйсенбі күні Қорғаныс министрінің орынбасары Болат Жанасаев тұрғын үй салу 2011 жылғы жоспарда бар екендігін айтты. Бұған дейін Қорғаныс министрінің тағы бір орынбасары генерал-лейтенант Қажымұрат Мейірманов бізге баспана 2008 жылы беріледі деген еді. Орындалмады. Сондықтан біз осында келіп тұрмыз, - деді Қ.Бөрібаев.
Осыдан бір күн бұрын Қорғаныс вице-министрі Болат Жанасаев Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Қарулы күштердің құрамындағы баспанаға зәру әскери қызметкерлердің барлығы 2011 жылға таман тұрғын үймен қамтамасыз етілетіндігін айтқан болатын. Алайда «Баспанасы жоқ әскери қызметкерлер» қоғамдық бірлестігіне топтасқан офицерлер сот шешімі заң бойынша екі айдың ішінде орындалуы тиіс екендігін алға тартып отыр.
- Біздің басқа баратын жеріміз жоқ. Бұл жерде дұрыс шешім қабылданбаса, онда біз митинг жасап, аштық жариялап, талаптарымызды басқаша әдістермен көрсететін боламыз, - деді ОБСЕ-нің Алматыдағы өкілдігіне өтініш тапсыруға келген офицерлердің бірі Қалдан Бөрібаев.
Әскери қызметкерлердің бұл ниетіне «Сот орындаушыларының заңсыз әрекеттерінен зардап шеккендер» қоғамдық қозғалысының төрағасы Таһиржан Ахметов те қосылады:
- Егер бізде азаматтық құқық жақсармай тұрып Қазақстан ОБСЕ-ге төрағалық ететін болса, онда біз өз-өзімізді өртеу арқылы наразылық акциясын өткіземіз!

Қоғамдық ұйымдардың еуропалық ұйымға жазған үндеуінде Қазақстанда адам құқығының сақталмай отырғандығы туралы айтылған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG