Accessibility links

Қазақстан мен Тәжікстан азаматтары екі елде 30 күнге дейін тіркеусіз жүре бастағанына бір ай толды. Бұл Қазақстанға жұмысқа келетін тәжікстандықтар үшін тиімді болып отыр.

Қазақстанда тұратын туыстарына жиі келіп тұратын тәжік азаматшасы Ноз Шарипова бұған дейін осы елге келгенде тіркеу мәселесінен жиі қиындық көргенін айтады. Уақытында тіркелмегені үшін ол талай рет айыппұл да төлепті:

- Бұрындары 5 күн аралығында тіркелу керек болатын. Оның қалай өтіп кеткенін білмей қаласың. Уақытында тіркелмеген үшін талай рет айыппұл төледік, 12 мың теңге көлемінде. Қазір тіркелу мерзімі ұзартылды. Бұл әрине, біз үшін жақсы.


Тәжік президенті Имомали Рахмон (сол) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 12 мамыр 2008 ж.

Биылғы жылдың мамыр айында Қазақстанға ресми сапармен келген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өз елінің азаматтарының Қазақстанда жүруін жеңілдетуді сұраған-ды. Қос мемлекет арасында жасалған келісімнен соң, шілденің 1-нен бастап Қазақстан мен Тәжікстан азаматтары аталған екі елде 30 күнге дейін еш тіркеусіз жүре бастады.


Және де, бұл шара 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететін Қазақстан үшін елдегі демократиялық процестердің жетілгендігін көрсету үшін де керек болды, - дейді, мамандар.


Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Бахром Холназаров бұл келісім екі жақ үшін де бірдей тиімді, дейді:

- Қазақстан біз үшін бауырлас ел, сондай ақ, жақын стратегиялық әріптес болып табылады. Қазіргі таңда Тәжікстанда 52 қазақстандық компания бар. Бұл олардың екі ел арасында еркін келіп-кетуіне мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ, жақында ғана Тәжікстанда жаңадан қазақстандық екі банк ашылды. Бұл келісімнің азаматтар үшін пайдасы зор болатынына күмәнім жоқ.


Қазақстанның көші-қонды бақылаушы орындары аталған келісім күшіне енгеннен кейін тәжік азаматтарының миграциялық қозғалысын бақылау қиындап кеткенін айтады.

- Олар бізге келмейді, тіркеуге тұрмайды. Статистиканың барлығын шекарадан алуға тура келеді. Неше адам кіргенін-шыққанын солардан ғана біліп отырмыз, - дейді Алматы қалалық көші-қон полиция басқармасының бастығы Марат Кезембаев.

Тәжік еңбек мигранттары Қазақстанда сауда, құрылыс, ауыл шаруашылық, қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді.

Қазақстанға Тәжікстаннан келетін азаматтардың басым бөлігін еңбек мигранттары құрайды. Күнкөріс қамымен Тәжікстаннан көрші мемлекеттерге еңбек мигранттары көптеп шығады. Соның салдарынан қазіргі таңда Тәжікстанда білікті мамандар тапшылығы сезіліп отыр, дейді сарапшылар.

Дүниежүзілік парсы-тәжік ассоциациясының жоғарғы кеңес мүшесі Махмұд Иыловтың айтуынша, тәжік мигранттары негізінен Қазақстан мен Ресейде жұмыс істеп жатыр:


- Негізінен тәжік мигранттары Өзбекстаннан өтеді. Сурхандария облысы мен Ташкент қалаларынан, сонан кейін Черняевкадан өтеді. Олар бұл жерде тұрақты түрде қалмайды, сол үшін салық та төлейді. Еңбек мигранттары Қазақстан үшін үлкен пайда келтіріп отыр.


Алматы қалалық көші-қон полиция басқармасының дерегі бойынша, соңғы 7 айда Алматы қаласына 4304 тәжік азаматы келіпті.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG