Accessibility links

Ризада Жақыпбек «Талмас" қозғалысынан кететіндігін мәлімдеді

  • Нәйла СҰЛТАН

"Талмас" қозғалысы құрылтайшыларының бірі Ризада Жақыпбек Азаттық бюросында. Алматы, 1 желтоқсан 2008 ж.

"Талмас" қозғалысы құрылтайшыларының бірі Ризада Жақыпбек Азаттық бюросында. Алматы, 1 желтоқсан 2008 ж.

«Талмас» қоғамдық қозғалысы екіге жарылды. Қозғалыс жетекшілерінің бірі Ризада Жақыпбек «Талмастың» бір өкілін билікпен ынтымақтасты деп, екіншісін өз басын жарнамалаумен айналысты деп айыптап отыр.

Ризада Жақыпбек дүйсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында «Талмас» қоғамдық қозғалыстың екі мүшесімен араздасып, олардан бөлініп кеткендігін мәлімдеді.

Өз сөзінде Ризада жұмыс барысында Айнұр Құрманов және Денис Әлімбековтерден күдіктене бастағанын айтты. Құқық қорғау органының бұрынғы қызметкері Денис биліктің тыңшысы болуы мүмкін десе, Айнұр Құрмановқа халықтың мұң-зары емес, жеке басының мүддесі маңызды дейді:

- Біздің жұмысымыздың күйреуіне тікелей Денистің кінәсі бар деп санаймын. Ол бізге биліктің арамызға жіберген адамы деп күдіктенемін. Денис Әлімбековтің негізгі мақсаты мәслихаттың депутаты болу. Ол көмекке мұқтаж жандардың мәселесін шешу арқылы билікке ұмтылуға қадам жасауда. Ал Айнұр Құрмановқа келетін болсақ, ол үнемі өзін жарнамалайды. Айнұр бірде маған, «біздің үшеумізге адамдардың мәселесінің шешілмеуі тиімді» деген болатын. Мұны ол сап-сау, саналы түрде айтты, - деді Ризада Жақыпбек.

Біз осы мәселеге қатысты қозғалыстың өзге екі жетекшісін әңгімеге тартқан едік. Олар Ризада Жақыпбектің қозғалыстан кетуін төмендегідей түсіндірді:

"Талмастың" жетекшілерінің бірі Айнұр Құрманов баспанаға қатысты наразылық жиынында. Алматы, 11 қазан 2008 ж.
- Қозғалысты Ризада Жақыпбекпен бірге құрған болатынбыз. Әрине, мен таңданып отырмын. Оның бұлай деп мәлімдеме жасауы өте өкінішті. Өзінің жеке басындағы мәселелерді қоғамның алдына шығару дұрыс емес деп ойлаймын. Ешкім оны қозғалыстан қуған жоқ. Саяси, қоғамдық мәселе біздің араздасуымыға түрткі болған емес. Әрине оның өз еркі, - деді Айнұр Құрманов.

Ал Денис Әлімбеков өзіне қатысты айтылған пікірлерді жоққа шығарып отыр.

- Менің бар айтарым, егер менің адресіме шындыққа жанаспайтын нәрселер айтылса, мен оны сотқа бере аламын, - деді Денис Әлімбеков.

Қоғамда билікке балама күш ретінде халықпен жұмыс істеп жүрген оппозициялық топтардың атқарып жатқан істері қарқынмен басталғанымен, уақыт өте келе олардың өзара тіл табыса алмай, бөлінуі жиі белең алып жатады. «Талмас» қоғамдық қозғалысы соңғы кездері қоғамда белең алып жүрген түрлі наразылық акциялардың басында болды. Қозғалыстың жетекшілері Ризада Жақыпбек, Айнұр Құрманов, Денис Әлімбеков Алматыдағы даулы шағын аудандардың мәселесімен айналысып, көмекке зәру жандардың үнемі жанынан табыла білді. Бірнеше ірі шаралар өткізіп, олардың араласуымен бұзылуға тиіс үйлерге шыққан сот шешімдері тоқтатылды.

Ризада Жақыпебктің мамандығы мұғалім, осыдан екі жыл бұрын билік өзі тұрған екі қабатты ескі үйді бұзу туралы шешім шығарған соң, баспанасын қорғаймын деп, кең көлемді қоғамдық жұмыспен айналысуға бел шеше кіріскенін айтады.

Осы жылдың маусым айында «Шаңырақтың» Алматы қаласындағы филиалында жұмыс істеген Айнұр Құрманов, Денис Әлімбеков және Ризада Жақыпбектер аталмыш бірлестіктен кетіп қалған болатын. Ол кезде олар қоғамдық бірлестіктен кетулерінің себебін тұрғын үй мен жер мәселесіне душар болған азаматтарды қорғайтын қоғамдық әлеуметтік қозғалыс құрамыз деп мәлімдеген еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG