Accessibility links

Бейсенбі күні Алматыдағы Қонаев пен Райымбек көшелерінің қиылысында орналасқан жатақхананың қожайындары мен оның тұрғындарының арасында жанжал туып, аяғы төбелеске ұласты.

Оның қожайыны болып табылатын «Феникс корпорейшен ЛТД» компаниясының басшыларының жатақхананы бұздыру үшін арнайы жалдаған жұмысшылары баспанасын қорғауға араша түскен тұрғындармен бірден төбелесе кетті. Олар әйел, бала деп ешкімді бөліп жарған жоқ, алдынан шыққандардың барлығына жұдырық жұмсады.

Бұрынғы №1 автобус паркіне қараған №1 бірінші жатақхана соңғы 5-6 жылдың ішінде бірнеше қожайын ауыстырыпты. 2002 жылдың аяғында аталмыш автобус паркінің басшысы Исахан Иманбеков қала әкімшілігінен рұқсат алып, «Каспий» банкінен несие алу үшін жатақхананы кепілдікке қойған екен.
Арада бірнеше жыл өтіп, қалалық №1 автобус паркі таратылған соң, «Каспий» банкі бұл жатақхананы аукционға шығарып, тиісті бағасына сатып жібереді. Айналдырған 2-3 жылдың ішінде №1 жатақхана қолдан қолға бірнеше рет сатылған. Ол уақытта автобус паркінде қызмет етіп, осы жатақханадан орын алған қарапайым тұрғындарды ешкім мазалаған жоқ.
«Феникс корпорейшен ЛТД» компаниясы аталмыш жатақхананы сатып алғаннан кейін ғана барып тұрғындар мен оның басшыларының арасында дау басталады. Компанияның өтемақы ретінде берген 2,5 мың долларын қанағат тұтқан жатақхананың он тұрғыны ешкіммен ұрыспай, бір күнде жүктерін жинап, көшіп кетеді.
Ал бүгін болса, әлі күнге дейін орнынан қозғалмай отырған төрт отбасы мен компания басшылары, олардың жалдаған жұмысшылары және сот орындаушыларының арасында төбелес деп айтуға болатын жанжал болды.
№-1 жатахананың тұрғыны Жұмабике Алтынбекова Азаттық тілшісіне берген сұхбатында бұл мәселені былайша баяндады:
- Өтемақы алуға келіспеген отбасылар бұл компаниямен соттасып жатыр. Бұл дауда кімнің жеңіске жететінін алдағы уақытта көре жатармыз. Дегенмен, олар істің аяғын күтпей, бүгін келіп бізді жатақханадан шығарып жатыр. Жатақхананы сатып алған компания бізді қуудың амалы ретінде қыста жылу жүйесін өшіріп тастаған. Сары аяз суықта бала-шағамызбен қатып қала жаздадық. Екі ай бойы жылусыз отырдық. Соның кесірінен ғимараттың ішіндегі электр жүйесі де күйіп кетті. Амалымыз таусылған соң, әкімшілікке барып, жағдайымызды түсіндіріп, жылуды қостырдық. Енді компанияның басшылары бұрын осы жатақханада тұрып кеткен адамдардың электр қуатына деген қарызын біздің мойнымызға іліп отыр. Бүгінгі таңда бұл қарыз 212 мың теңгеге жетті. Оны біз қалай төлейміз? Бала-шағаның өзін әрең асырап отырмыз емес пе?

Таяқ жеген жатахана тұрғындары
Шындығына келер болсақ, «Феникс корпорейшен ЛТД» компаниясы жатақхананы сатып алған соң, 5 жыл бойы оның тұрғындарына тиіспеген. Тек 2007 жылдың 30-қазанында Оман Омаров деген жеке тұлғаға сатып, алдын ала ақшасын алып алғаннан кейін, тұрғындардан жатақхананы босатуды талап еткен.
4 отбасыны жатақханадан шығару үшін бүгін бесінші рет келіп тұр екен. Бүгінгі таңда төртеудің екеуіне Жетісу аудандық соты жатақхананы босату туралы шешім шығарған. Ал қалғандары соттан шақырту қағаз күтіп отыр. Соған қарамастан компанияның арнайы жалдап алып келген жұмысшылары жатақхананың төбесіне шығып, оның шатырын қиратуға кірісті.

Баспанасын қорғауға ұмтылған тұрғындар мен жұмысшылардың арасындағы алғашқы жанжал жатақхананың төбесінде басталды. Бұл қақтығыста еркектерге төтеп бере алмаған кейбір әйелдердің мұрны қанап, көзі көгерді. Анасына араша түскен балалар да жұмысшылардың жұдырығынан құтылған жоқ.

- Жалпы бұл жатақхананың қандай жолдармен жекеменшікке өтіп кеткені белгісіз. Менің ойымша, мұнда да шикіліктер көп. Өйткені, мына тұрған жатақхананы жекешелендіру процесі құпия жағдайда өтіпті. Оның құжаттарын дайындауға кезінде Алматы қаласының әкімі болған Виктор Храпунов та атсалысқан болатын. Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, «Феникс корпорейшен ЛТД» компаниясы ондағы қалған төрт отбасын күштеп көшірмекші. Өйткені, тұрғындардың басым бөлігі осы мәселеге байланысты болған сотта ұтылып қалды. Осы жанжалдың тууына негізі сот орындаушылар кінәлі. Олар өздерінің жұмыстарын сауатты орындағанда, бет көгеріп, мұрын қанамас еді, - деді тіркелмеген «Талмас» қоғамдық қозғалысының төрағасы Айнұр Құманов.

Төменнен төбелесті бақылап тұрған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, компанияның екі басшысы Александр Афанасьев пен Тимур Левин және оларға көмектесуге келген сот орындаушылары да төбеде болып жатқан жанжалды тоқтатуға әрекет еткен жоқ. Ашынған тұрғындардың кейбірі газ балонын алып шығып, оны өртейміз деп, үстіне жанармай құйғанда да, оларды ешкім тоқтатпады. Тіпті, екі баланың анасы Мейіркүл ауыр соққыдан беті көгеріп, жатақхананың төбесінде жылап тұрып, секіріп өлемін деп айқайлағанда да, оған қой деушілер табылмады.
Жоғарыда болған төбелестен соң, екі баланың анасы Мейіркүл өлімнен қорықпайтындығын айтты
Ақыр соңында жатақхана тұрғындары жиналып, Афанасьев пен Левиннің өздеріне ұмтылды. Компанияның екі басшысын құқық қорғау органдары қорғап, оларға ешкімді жібермей қоршау құрды. Қас-қағым сәттен соң, баспанасын қорғаушылардың екпіні полицейлердің қоршауын бұзып өтіп, Афанасьев пен Левинді жан-жақтан жұлқылай бастады. Әйтеуір полицейлердің араласуымен ол екеуі әйелдердің құрсауынан аман-есен босатылды. Компания басшыларының пікірін білмек болғанымызда, олар журналистермен сөйлескілері келмейтінін бірден аңғартты.
Сонымен, бұл жолы да жатақхана тұрғындары өз баспанасын қорғап қалды. Ал төбелестен зардап шеккендерді жәдел-жәрдем қызметі алып кетті.
XS
SM
MD
LG