Accessibility links

21-ші қараша күні Азаттықтың Алматыдағы бюросына келген «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қарасты «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының бұрынғы вице-президенті Жеңіс Бейсенбеков мекеменің төңірегінде болып жатқан дау-дамай туралы әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, «Жолаушы тасымалы» АҚ-ның президенті Байдалы Дәрімбетов «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлеекевтің үстінен қозғалған қылмыстық істен соң, қоғамның алдында және жоғарыда отырған басшылардың көзіне жақсы жағынан көріну үшін осы «спектакльді» әдейі «сахналаған».
- Ол компанияның ішкі жұмысын жақсы білмегендіктен біреуге ор қазамын деп, өзінің де қақпанға түскенін байқамай қалды, - деп жалғастырды әңгімесін Жеңіс Бейсенбеков. - Дәрімбетов мырза осыдан бір жарым апта бұрын бізді қаралау ниетімен журналистердің алдында мәлімдеме жасағанда, көптеген қателіктерге бой алдырған болатын. Неге десеңіз, өткен жылы Көлік және коммуникация министрлігінің бастамасымен, елімізде 13 жолаушы тасымалдаумен айналысатын жекеменшік компаниялар құрылды. Олар министрлік жариялаған тендерді жеңіп алған соң, «Қазақстан темір жолына» қарасты біздің компанияның бірден-бір бәсекелесіне айналды. Менің ойымша, Дәрімбетов мырза бізді қаралау арқылы осы компанияларды ішкі нарықтан ығыстырғысы келген сияқты. Дегенмен, оның бізге бағыттаған таяғының ұшы өзіне тиді. Жоғарыда айтқанымдай, ол компанияның ішкі жұмысын мүлдем білмейді.
Жеңіс Бейсенбеков Азаттық радиосына құр қол келмей, осы дау-дамайға қатысты барлық құжаттарды да алып келді. Оның көшірмесінің бір данасы редакцияда сақтаулы. Сондай-ақ, ол Байдалы Дәрімбетовтың сөзіне сеніп қалып, осы мәселені біржақты жазған кейбір республикалық газеттердің теріс мақала жариялауға келісім бергенін мәлім етті.
«Жолаушы тасымалы» АҚ-ның президенті Байдалы Дәрімбетов кейбір жекеменшік жолаушы тасымалдау компанияларының тарифті заңсыз түрде өсіруіне өзінің қарамағындағы қызметкерлердің көмектескенін айтып, осы арқылы олардың (жекеменшік компанияларды айтып отырмыз) 58 миллион теңгеге жуық қосымша табыс тапқанын айтқан болатын. Байдалы Дәрімбетов айтқан үш компания – «Құнан-транс», «Батыс-транс» және «Тұран экспресс».
- Бұл үш компанияның 4 айдың ішінде 58 миллион теңге табыс тапқаны өтірік емес. Бірақ, Дәрімбетов мырзаның бұл табысты заңсыз деп айтуы шындықпен сәйкес келмейді. Өйткені, бұл ақшаның барлығы жеке адамның қалтасына емес, жекеменшік компаниялардың бюджетіне түсті, - дейді Жеңіс Бейсенбеков.

Оның сөзіне қарағанда, жекеменшік компаниялар жол ақысын қалауынша қоя береді, тек министрлік белгілеген межеден асып кетпесе болды. Бір бума құжаттың ішінен аталмыш үш компанияның Табиғи монополияны реттеу және Бәсекелестікті қорғау агенттіктеріне тариф бағасын жоғарылатуға байланысты рұқсат сұрап жазған хаттары мен оларға келген жауаптарды да оқып шықтық.

Жоғарыда аталған екі агенттік те жолаушы тасымалдаумен айналысатын компаниялардың баға саясатына араласа алмайтындықтарын түсіндірген. Ал Жеңіс Бейсенбеков болса, өзінің бұрынғы басшысы Байдалы Дәрімбетов «аталған компаниялардың тариф бағасын өсіру үшін Бәсекелестікті қорғау және Табиғи монополияны реттеу агенттіктерінен рұқсат алулары керек еді деп жалпақ жұртқа жар салып, ең алдымен өзі басқарып отырған салада әлсіз екенін көрсетіп алды», - деді.
"Жолаушы тасымалы" акционерлік қоғамының бұрынғы бірінші вице-президенті Жеңіс Бейсенбеков.
- Сіздерге көрсеткен хаттарда жазылғандай, аталмыш агенттікттер жолаушы тасымалдайтын жекеменшік компанияларды бақыламайды. Сонымен қатар, Дәрімбетов мырза олар рұқсат алулары керек еді дегенді неге сүйеніп айтқанын түсіне алмадым. Өйткені, бұл мәселе заңда көрсетілмеген. Ал жекеменшік компаниялардың аты аталған агенттіктерден не себепті рұқсат сұрағанына келетін болсақ, мұндай компаниялар Қазақстан нарығында биыл ғана пайда болды. Олардың тәжірибесі аздау. Өз бетінше жол жүру ақысын көтерместен бұрын, құзырлы органдардан рұқсат сұраған болу керек, – дейді ол.
Алайда, 2007 жылдың 17 шілдесінде Қазақстан Республикасының бюджет комиссиясы Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің талабымен 2008 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жолаушы тасымалдау тарифінің бағасын 15 пайызға дейін өсіру қажет деген шешім шығарған болатын. Бірақ, осындай құжат бүкіл министрлік пен агенттіктердің тарапынан бекітілсе де, жаңадан жұмыс бастаған жолаушы тасымалдайтын 13 компанияның бірде-біреуі тарифті өсірмеген екен.

Жекеменшік компаниялар жол ақысын тек үстіміздегі жылдың тамыз айынан бастап 15-30 пайызға дейін қымбаттатқан. Сондай-ақ, 2-ші тамыз күні Көлік және коммуникация министрлігіне қарасты көлік және жолдарды хабарлау комитеті «Батыс-транс», «Құнан-транс» және «Тұран экспресс» компанияларының тарифті өсіруге байланысты жасаған өтінішіне ешқандай қарсылық білдірмеген.
Тарифтің жоғарылауына байланысты «Жолаушы тасымалы» акционерлік қоғамынан қуылған Ж.Бейсенбеков, Н.Әубәкіров, С.Истлеева және А.Тұлғабаевтар компания президенті Байдалы Дәрімбетовтың өзі үстіміздегі жылдың 17-ші шілдесінде Табиғи монополияны реттеу агенттігіне жол ақысын 47 пайызға дейін өсіруге бір емес, қатарынан екі рет өтініш хат жолдағанын айтып отыр. Алайда, екеуінде де аталған агенттік келісім беруден бас тартқан.
«Жолаушы тасымалы» АҚ-ның президенті Байдалы Дәрімбетов 10-тамыз күні өткізген баспасөз мәслихатында, өзі басқарып отырған мекеменің жекеменшік жолаушы тасымалдайтын компаниялардың тарифті жоғарылатуға байланысты іс әрекетіне араласуға құқығы жоқ деген мәлімдеме жасады. Десек те, Жеңіс Бейсенбеков оның сөзін жоққа шығарды:
«Жолаушы тасымалы» акционерлік қоғамы жекеменшік компаниялар тариф бағасын өсірсе немесе олардың жұмыстарында болатын басқа да өзгерістерге байланысты бас кеңсесі Мәскеу қаласында орналасқан автоматтандырылған басқару жүйесіне хабарлап отыруы керек. Сондай-ақ, «Жолаушы тасымалы» және осы саладағы 13 компаниямен мемлекеттік құрылымдарға қызмет көрсетуді қадағалайтын комиссиялық келісім-шарт жасалған болатын. Осы келісім-шартқа сәйкес, «Жолаушы тасымалы» компаниясы кез келген өзгеріске байланысты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының «Басты есептеуші орталығы» мен мәскеулік әріптестеріне хабарлап отыруы керек. Сондықтан да, біздің үш компанияның тарифті жоғарылатуына байланысты тиісті мекемелерге ақпараттық телеграмма жолдауымыз заңға қайшы болған жоқ».
Сөз соңында Жеңіс Бейсенбеков жұмыстан бірге қуылған әріптестерімен «Жолаушы тасымалы» акционерлік қоғамының президенті Байдалы Дәрімбетовты сотқа бергенін мәлім етті. Бейсенбековтың айтуынша, олар компания президентінің қызметтен кетуін емес, ақпарат құралдары арқылы өздерінен кешірім сұрап, жұмысқа қайтадан алуын талап етіп отыр.
Осы мәселеге байланысты «Жолаушы тасымалы» акционерлік қоғамының президентіне хабарласқанымызда, оның қабылдау бөлмесіндегі хатшыдан Байдалы Дәрімбетовтың журналистерге сұхбат беретін уақыты жоқ деген жауап естідік.

Үстіміздегі жылдың 9-шы тамызында «Жолаушы тасымалы» акционерлік қоғамында жұмыс істеген 4 адам қызметінен босатылды. Оның екеуі Байдалы Дәрімбетовтың орынбасарлары. Ал 10-тамыз күні аталған компанияның президенті Дәрімбетов мырза Астана қаласында өткізген баспасөз мәслихатында қол астындағы 4 қызметкерге жемқорлықпен айналысты және қызмет бабын асыра сілтеді деген айып тақты. Сондай-ақ, ол жұмыстан қуылған 4 адамға қарсы Қаржы полициясына шағым түсіргенін мәлімдеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG