Accessibility links

Тамыздың 27 күні Астананың №2 Сарыарқа аудандық сотында Жақсыбек Күлекеев пен оның жүргізушісі Есенғали Оспановтың істері бойынша жүргізіліп жатқан сот процесіне журналистер жіберілмеді.

Соттың бұл отырысында автокөлігін өзі басқарған ұлттық компанияға сатты деп Күлекеевке тағылып отырған айыпқа байланысты куәлар тыңдалуы керек еді. Бірақ, айыпталушының туған ағасы Сәрсенбек Күлекеев компаниядан шақырылған 5 куәгердің келтірген дәйектерін алдыға тартып, тендердің заң жүзінде өткендігін және ешкімге де қысым көрсетілмегендігін айтып отыр.

Отырыс өтетін залға журналистердің жіберілмегендігін сот өкілдері судья Нұржан Жолдасбековтың осындай нұсқау бергендігімен түсіндірді. Ал бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеев пен оның жүргізушісі Есенғали Оспановтың істері бойынша болатын соттың ашық өтетіндігі жарияланған болатын.
Соттың алғашқы күнінде судья Жолдасбеков айыпталушы Күлекеев өзінің автокөлігін өзі басқарған ұлттық компанияға сатқан деген айып бойынша шақырылған куәгерлер сөзінің 27 тамызда тыңдалатындығын ескерткен еді. Прокурор Еркін Шәріпов Жақсыбек Күлекеевті өзінің отбасында болған "Лексус" автокөлігін «Қазақстан темір жолы» компаниясына қымбат бағаға сатты деп айыптаған-тұғын. Ол бұл көлікті Күлекеевтің алғашқыда өзіне сатып алып, кейін оны туысы Атахановтың атына жазғызғандығын сөз қылған болатын.
- "Лексус" машинасы үшін 15 миллион теңгеден астам қаржы аударылған. Бірақ, соттық авто-тауар-сараптама мамандарының мәліметінше, бұл көлік құны 10 миллион теңге шамасында. Осылайша «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамына 4 миллион теңге шығын келген, - деді прокурор Шәріпов.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы құрған комиссия аталмыш көлік техникалық талаптарға сәйкес келмейді деген қорытынды жасаған.
Жақсыбек Күлекеевтің адвокаты Сәлімжан Мусин сот отырысы басталған күні тендер өткізілгенде ешқандай да заң бұзушылықтың болмағандығын мәлімдеді. Бірақ, бүгін адвокат журналистерге сұхбат беруден бас тартты.

«Дәстүрлі сот талқылауы өтіп жатыр. Мен куәларды санаған жоқпын, 6-7 адам тергелді», - деді ол.

Күлекеевтің әйелі әрі азаматтық қорғаушысы Гүлнара Күлекеева да, сотқа қысым көрсетілді деп бағалануы мүмкін деп сескенетіндіктен, әзірге ешқандай ақпарат бере алмайтындығын айтты.

«Мен сондай адаммын, айтатын болсам қатты айтамын», - деді ол.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеев алдыңғы өткен сот отырысында өзіне тағылып отырған айыптардың ешқайсысын да мойындамайтындығын мәлімдеген еді.

Келесі сот отырысы жұма күні өтеді деп белгіленді.
XS
SM
MD
LG