Accessibility links

Такеев табылмаса, Күлекеевтің соты аяқтала ма?


Жақсыбек Күлекеев сот залында (оң жақтан үшінші).

Жақсыбек Күлекеев сот залында (оң жақтан үшінші).

Жақсыбек Күлекеевтің ісі бойынша сот процесін жүргізуші судья басты куәнің бірі - Такеевті 24 қазанға дейін сотқа жеткізуді қадап тапсырып, ең соңғы мүмкіндік берді.

"Егер жұма күні Такеев келмесе, онда сот отырысының аяқталғанын ресми жария ететін боламын", - деді судья Жолдасбеков.

Сот отырысы жүріп жатқан екі айдың ішінде прокурор Шәріпов "100 мың доллар пара бердім" деген Такеевті Ресейде, Орынборда іс сапарда жүр деп келді. Енді "ол із-түссіз жоғалып кетті, іздеу салып жатырмыз" дегенді айтып отыр.
Ал"Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеевтің адвокаты судьяға Такеевтің ҚТЖ-ның ешбір тендеріне қатыспағанын, байқау құжаттарын өткізбегенін дәлелдейтін ресми құжатты тапсырды.

Адвокаттың айтуынша, Такеевті қаржы полициясы жасырып отыр, не болмаса ондай адам өмірде мүлдем жоқ.

"Өйткені, тергеу ісі кезінде тергеуші Орманбетов Такеевтің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы қаулы шығарған", - дейді адвокат Мусин.

Сот отырысы барысында ҚТЖ-ның арнайы обьектілері мен құжаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Берік Дадабаев сұралды. Оның негізгі міндеті - ҚТЖ президентінің қызмет көлігі мен ондағы құжаттардың қауіпсіздігіне жауап беру екен. Ол да 1 сәуір күнгі оқиғаға байланысты Күлекеевтің үйіне жеткенге дейін көліктегі заттарды байқамағанын айтты.

"Оның үстіне сол күні Күлекеев жұмыстан кеш шықты, кабинаның іші де қараңғы болды", - деді Дадабаев.

Бұл оқиғаға қатысты прокурор Шәріпов Күлекеевтен "Өзіңнің көлігіңдегі арттық заттарды неге байқамайсың?" деп қайта жауап алды. Бұған жауабында Күлекеев: "Көлікте жалғыз мен отырмаймын. Үш адам отырамыз. Жүргізуші де заттарын көлікте сақтайды. Өйткені, ол үнемі көлікте болады. Мен қайта сол портфелді ертерек көрмегеніме өкінемін. Егер көрсем, терезеден лақтырып жіберуші едім", - деп, Қаржы полициясы қызметкерлері тарапынан тергеу барысында өзіне қысым болғанын ашық айтты.

- Маған қазір соттың алдында бәрін айту ыңғайсыз. Өзгелер түгілі менің өзіме түрлі қысым жасады. Түрлі әрекеттерге барды. Тіпті жаныма неше түрлі адамдарды отырғызғанын да жасырмаймын. Менің сотқа дейін тірі болғанымды қаламағандар болды. Мүмкін әлі күнге дейін менің тірі отырғаным біреулердің күндіз-түні ұйқысын қашырып жүрген шығар, - деген Күлекеев ешнәрседен қорықпайтынын жеткізді.

Сотқа куә ретінде келген жүргізуші Есенгелді Оспановтың зайыбы Алтынгүл Оспанова да Қаржы полициясы қызметкерлері тарапынан өзіне қысым жасалғанын айтты.

- Қаржы полициясының қызметкерлері "біз қағазға не жазамыз соған қол қоясың, сонда ғана күйеуіңді босатамыз. Әйтпесе, өзіңді де "қылмыскер" жасап, түрмеге жабамыз. Сені зорлатамыз" деген сөздер айтты. Бұдан да ауыр-ауыр сөздер айтып, маған қатты қысым көрсетті. Ол сөздерді сот алдында айтуға да ұят. Мен бастапқыда олардың осындай әрекеттерінен қорқып, қағаздарға қол қойдым. Бірақ мен онда не жазылғанын да білген жоқпын, - деді жүргізушінің зайыбы Алтынгүл Оспанова.

Прокурордың айыптаулары бойынша, жүргізуші Оспановтың әйелі Күлекеевке қарсы көптеген істерді көрсеткен. Күлекеевтің үйінде бірнеше көліктердің жарты жылдап сақталғанын, өзінің күйеуінің түрлі көліктерді жүргізіп келетіндігін, үйіне қомақты ақша алып келетіндігін баяндаған.

Бұл мәселеге қатысты жүргізуші Оспановтың әйелі "Шын мәнінде мен Күлекеевтің үйі түгілі өзін де өмірде көрген емеспін" деп жауап берді.

Сотта анық болған тағы бір жәйт, Күлекеев ҚТЖ-да бірінші басшы болып жұмыс істеген аралықта оның үйін күзетпен қамтамасыз ету үшін 1 млн. 700 мың теңге жұмсалыпты. Ал Күлекеевтің қарамағында істейтін тағы бір адамның тек үйіне күзет орнатқаны үшін ҚТЖ-дан 7 млн. 900 мыңға жуық теңге бөлініпті. Осындай дәйектерді Күлекеевтің адвокаты Серікқали Мусин келтірді.

Ол бұл құжаттарды ҚТЖ-ның шаруашылық басқармасынан ресми түрде сұратып алыпты. Алайда адвокат ол адамның кім екенін айтудан бас тартты.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеев үстіміздегі жылдың 1сәуірінде 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен тұтқындалған болатын. Кейіннен оған бұдан басқа да үш бірдей айып жамалды. Алайда сот отырысы барысында Жақсыбек Күлекеевке тағылған айыптардың бірде-бірі дәлелденбей келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG