Accessibility links

25 қыркүйекте «Теңізшевройл» ЖШС Теңіз кен орнындағы өнім өндіру қуаттылығын арттыру жөніндегі ауқымды жобасының толық аяқталғанын хабарлады. Осы жобаға сәйкес, енді ТШО-ның күніне 540 мың баррель, ал жылына 23,9 -24,4 млн. тонна мұнай өндіруге мүмкіндігі бар.

2002 жылы басталған «Екінші толқын» және Шикі мұнай айдау жобалары ТШО акционерлеріне 7 млрд. долларға түскен. ТШО тарихындағы ең ірі осы жобалардан компания серіктестері ғана емес, қазақ елі де экономикасына пайда тиеді деп үміт күтіп отыр.

Өткенді еске алсақ, осы екі жобаны жүзеге асыру барысында Қашағанға ұқсас жағдай туындап, оның басталуы да біршама уақытқа созылғаны белгілі. Тіпті, ол туралы Chevron «әріптестер арасындағы келіспеушілік тудырған инвестициялық мәселелерге байланысты жобалардың жүзеге асу, аспауы екі талай» деп те мәлімдеген болатын.

Ал, Chevron өкілдігінің Қазақстандағы басшысы Гилберд Анкенбауэр 2003 жылы 26 қарашада корпорацияның Қазақстанның мұнай-газ секторына инвестиция салу туралы жоспары жайлы Алматыдағы сөйлеген сөзінде: «Шеврон Қазақстандағы әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға үлкен көңіл бөледі. Әрине, Қазақстан үкіметі осындай нәтижеге жетуге тырыспаса, Chevron -ның, яғни шетелдік өндіруші инвестордың жергілікті әлеуметтік мәселелерге қатысы болмас еді. Ол – Қазақстандағы билік өкілдерінің шаруасы емес пе?» деп туындаған проблеманың бір ұшының қайда жатқанын да мегзей кеткен.

Алайда, бұл жоба керек пе, жоқ па деген күдік кейіннен ТШО басшылары мен оның ең басты акционерлері Chevron мен Exxon Mobil-ді тағы бір тығырыққа тіреген. Себебі, 2005 жылы желтоқсанда сынақ ретінде мұнай айдау Теңізге 1985 жылғы апаттың кебін тағы кидіре жаздаған болатын.

Соған қарамастан, шикі газды кері айдау қондырғысы, міне, бірнеше ай бойы ойдағыдай жұмыс істеуде, ал, «екінші толқын» зауытында табиғи газ бен күкіртті қайта өңдеу қондырғыларын іске қосу жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта «екінші толқын» зауытының барлық қондырғылары мұнайды күкіртсіздендіру және тұрақтандыру жұмыстарын жүргізіп отыр, сондай-ақ табиғи газды айыру мен өңдеу арқылы оны өңделген газ және жәй күкірт өнімдеріне айналдыру іске асырылуда. Шикі газды айдау зауыты қондырғысында қабаттағы қысымды ақтау үшін өндірілген шикі газдың үштен бір бөлігі қабатқа кері айдалуда. Ал, айдалған шикі газ бен мұнай коллекторда бірден қосылып, қабаттағы қысымды сақтай отырып, мұнайды айырады.

ТШО-ның бас директоры Тодд Левидің айтуынша, «Бұл жоба Қазақстан мұнайының өндірілу көлемін ұлғайту жөніндегі ортақ міндеттердің орындалуына мүмкіндік береді, онда мұнай мен газ өндірудегі және қоршаған ортаны қорғаудағы жаңа технологиялар қолданылған».

Енді екінші кезең жобасы бойынша жылына 7,4 млн. тонна мұнай өндіріледі деп күтілсе, шикі мұнайды айдау жобасына сәйкес қосымша 3,8 млн. тонна мұнай өндірілмек. Ал, жыл сайынғы мұнай өндіру көлемі 2010 жылға қарай 32 млн. тоннаға жетпек.

1979 жылы ашылған Теңіз мұнай кенішінің жалпы қоры 3,133 млрд.тонна деп бағаланған. 1994 жылдан бастап Теңіз және Королевское мұнай-газ кен орындарын игерумен «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорыны айналысып келеді.

Оның үлесіне республикада өндірілетін мұнай көлемінің шамамен ширек бөлігі тиетіні белгілі. ТШО-ның серіктестері «Chevron Overseas» (50%), «Exxon Mobil» (25 %), «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (20%), «LukArko» (5 %) компаниялары. Қазірде кеніштен өндірілген мұнай қоры 1,125 млрд.тонна көлемінде. Сапасы жоғары болғандықтан әлем рыногында аса үлкен сұранысқа ие Теңіз мұнайы Каспий мұнай құбырлары консорциумы арқылы тасымалданады.


XS
SM
MD
LG