Accessibility links

Желтоқсанның 2-сі — халықаралық құлдыққа қарсы күн. Бұдан 59 жыл бұрын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы адам саудасы мен жыныстық құлдыққа қарсы конвенцияны қабылдады. Мамандар Қазақстанда адам саудасының барлық түрлерінің өршіп кеткенін айтып отыр.

Көпшілік арасында құлдықтың жаңа формасы атанып жүрген адам саудасының құрбанына, халықаралық сарапшылардың есебі бойынша, жыл сайын 4 млн адам айналып отыр. Қазақстанда кездесетін құлдықты мамандар екіге бөліп қарастырады: еңбек құлдығы және жыныстық құлдық. Сонымен қатар құлдықтың құрсауына әйел адамдар мен балалар жиі түсіп қалады екен. Қарағанды қаласындағы ақпараттық-сараптамалық гендерлік орталығының директоры Наталья Усачева мұның себебін қоғамның дамуымен байланыстырады:


- Қазір еш нәрседе қасиет те, құн да қалмады. Нарықтық қатынастар барлық нәрсені саудалап бітті. Тек тұрмыстық заттар ғана емес, қызметтер емес, енді адамдардың өздері тірі тауарға айналып барады. Бұл нарық заңының масқараға айналған түрі. Және оны адамдардың өздері жасап отыр. Ең сұмдығы - кез келген нәрсені кірістің көзіне айналдыру әдетке айналып барады.


Наталья Усачева өзі басқаратын дағдарыс орталығына сондай құбылыстан зардап шеккен адамдар әсіресе, әйелдер бас сұғып тұратынын да айтады.


- Бізге құлдықтың құрсауына түсіп, одан босанған адамдар келеді. Құлдықта жүрген адамдарға көмектескісі келген адамдар да хабарласады. 90-шы жылдары Қазақстанның тұрғындары алдауға түсіп, Еуропа елдеріне, Қытайға, Сауд Арабиясы елдеріне құлдыққа сатылып кетсе, енді Қазақстанның өз ішіндегі құлдық нарығы қалыптасты деуге болады.


Маманның айтуынша, бүгінде адам саудалайтын орталықтар да қалыптасып үлгерген. Соның бірі Астана қаласында орналасқан екен. Мысал ретінде сұхбаттасымыз 100 мың теңгеге сатылып кеткен екі қарапайым қыздың тағдырын алға тартады.


- Оларды жеке бостандықтарынан айырып, абыройларына нұқсан келтірген. Бұл өте көңілсіз әрі өте ауыр жағдай. Үшінші мыңжылдықта өмір сүріп, мұндай жағдаймен кезігеміз деп ешқашан ойлаған емеспін. Қазір құлдыққа жас ерекшелігіне қарамастан кез келген адам ұшырауы мүмкін. Егер ол кіп-кішкентай бала болса, қайыршылық сұратқызып қояды. Көбіне мұндай жағдайға мигранттардың балалары ұшырайды, - дейді Наталья Усачева.

Адамдардың құлдыққа түсу жағдайларын зерттеп жүрген маман Айнұр Сыдықованың айтуынша, Қазақстан бүгінгі күні адам саудасының өршіген аймағына айналып қана қоймай, көрші елдер арасындағы «өткел» қызметін де атқарып отыр.


- АҚШ мемлекеттік департаментінің есептерін қарап отырсаңыз, ең үлкен транзит, ол Орталық Азиядағы мемлекеттерден Ресейге баратын бағыт. Сонан кейін Араб Әмірлігіне бағытталған жол бар. Бірнеше рет Кореяға тасымалданған адамдар жайлы естігенім бар.


Десек те, кейбір мамандардың пікірінше, бұл тұста Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырғанда Қазақстанның жағдайы біршама жақсырақ көрінеді.


- Салыстыру үшін Өзбекстанды алатын болсақ, бізде саудаға ұшыраған адамдар аз. Бұл әйелдердің қоғамдағы статусы мен әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты. Қай елде тұрмыстық жағдай төмен болса, жұмыссыздар саны артса, сол елде адам саудасы оқиғалары жиілей түспек, - дейді Петропавл қаласындағы «Әйелдерді қолдау орталығының» жетекшісі Алина Орлова. Сонымен қатар құлдықтың құрсауына жиі түсетін топтарға мигранттар да кіріп отыр. Сарапшылардың пікірінше, елдегі адам саудасының өршуіне заңның әлсіздігі әсер етіп отыр. Сондай ақ, оның етек жаюына адам саудасымен айналысатын қылмыскерлермен құқық қорғау орындарының арасындағы байланыс яғни, сыбайлас жемқорлық та ықпал етіп отырған көрінеді.


Адам саудасына қатаң тыйым салған халықаралық қауымдастық қабылдаған бірнеше конвенция бар. Олар:


1926 жылы Ұлттар Лигасының Құлдық туралы Конвенциясы;

1930 жылы – Күштеп жұмысқа тартуға тыйым салу туралы Конвенция;

1949 жылы - Адам саудасына және жыныстық құлдыққа қарсы қабылданған БҰҰ-ның Конвенциясы;

2000 жылы – БҰҰ-ның бас Ассамблеясы қабылдаған Адам саудасын жою мен ескерту туралы қаулысы. Аталған қаулы БҰҰ-ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысына қарсы қабылдаған Конвенциясын толықтыра түседі.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG