Accessibility links

Голодомор үшін Сталин айыпталды. Мұның жаңғырығы Қазақстанға да жетер


Украинада Голодомор аштығы осылай басталған еді. Украина, 1933 жыл.
Украинада Голодомор аштығы осылай басталған еді. Украина, 1933 жыл.

Киевтің апелляциялық соты Сталин жолдас бастаған советтік партия басшыларын украин халқына қарсы геноцид жасағаны үшін айыпты деп тапты. Кремль мұндай шешімді антиресейлік деп есептейді. Қазақстан әдеттегідей, ештеңе байқамағандай болып отыр.

ТЕҢДЕСІ ЖОҚ СОТ

Сот шешімі Украина қауіпсіздік қызметінің алдын-ала жасаған қорытындыларын растады. Ашаршылықты ұйымдастырғаны үшін ВКП (б) ОК-нің бас хатшысы Иосиф Сталин, Совнарком төрағасы Вячеслав Молотов, сонымен бірге большевиктер партиясы ОК-нің хатшылары Лазарь Каганович пен Павел Постышевтер кінәлі деп танылды.

Украин сотының қаулысында нақты сандар көрсетілген. Украина Голодомордың (Украинада 1932-1933 жылдары болған аштық)
1933 жылғы болған Голодомор туралы көрменің фотосуреті. Киев, қараша 2007 жыл
кесірінен 10 миллион 63 мың адамынан айырылған.

Олардың ішінде, 3 миллион 941 мың адам тікелей аштықтан опат болғандар, ал қалған 6 миллион 122 мыңы туылмай қалғандар.

Сот сонымен бірге, Иосиф Сталин бастаған СССР басшылығының Украинада қолдан аштық ұйымдастырудағы қылмыстық әрекеттерінің мақсаты, тәуелсіз украиналық мемлекетін құруды көздеген ұлт-азаттық қозғалысын басып-жаншу болды деп анықтады.


КРЕМЛЬ ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ


Голодомор бойынша шығарылған сот шешімінде Совет Одағының мұрагері ретінде Ресей Федерациясына ешкім кінә тақпаса да, дәл осы теңдесі жоқ сот процесі Ресейдегілердің шамына тиіп кетті.

Сондықтан да болар, ресейлік ресми биліктің өкілдері бұл шешім тек антиресейлік саяси пиғылдан ғана туындап отырғанын мәлімдеді.

Атап айтқанда бұл туралы Ресей Мемлекеттік думасының төрағасы Борис Грызлов әңгіме қылып, украин соты шешімінің Украина мен
Голодомор туралы болған көрменің фотосуреті. Киев, қараша 2007 жыл
Ресейді жанжалдастыруға бағытталып отырғанына айрықша тоқталды.

Ресейлік «Мемориал» қоғамының өкілі, философия докторы Никита Петров Украина сырттағы бөгде біреудің көмегінсіз-ақ, тарихын таразылағысы келді деп есептейді.

Бірақ, Никита Петровтың айтуынша, аштықтан Краснодар өлкесінде де, Ресейдің өзге аймақтары мен Қазақстанда да адамдар қырылғанымен, ол жақтағылар қанша адамын жоғалтқанын анықтауға тырыспаған да.

Осыған байланысты «Мемориал» қоғамының өкілі Никита Петров не себептен Ресейдегілердің 1932-1933 жылғы аштыққа қатысты оқиғаларды зерттеуден ат-тонын ала қашатындықтарының сырын өзінше түсіндіреді.

Оның пікірінше, Кремль сталинизмнің қылмыстарын ашуға ешқандай ықылас танытып отырған жоқ. Өйткені олар өзге тактика таңдап алынып, оған сәйкес, ресей басшылығы советтік тарихты тек жеңістер мен табыстардың, даңқтың тарихы етіп көрсетуге тырысады.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТЫЙЫМ

Осы тұрғыда Қазақстанның да орны ерекше. Өйткені, кейбір деректер бойынша, қазақтар ашаршылықтың зардабын украиндықтардан кем тартпаған.

Украиндағы Ивана-Франковск қаласындағы Голодомор құрбандарын еске алу күні. 14 қараша 2008 жыл
Соған қарамастан Қазақстанның толық тәуелсіздік алған кезеңінде Ұлы Дала еліндегі Ашаршылықтың зардабына қатысты мәселе ең бір құпия, күлкілісі – сонымен бірге ең бір қатаң тыйым салынған тақырыпқа айналды. Бұл тыйым Мәскеу жаққа жалтақтайтын билік тарапынан ғана болып отырған жоқ.

Міне осылайша түсіндіруі қиын, ақылға симайтын дүниелер болып жатыр. 1932-1933 жылғы ашаршылық құрбандары туралы деректер әралуан. Кейбір зерттеулердің ауторлары сол кездері қазақ халқының жартысы қырылып қалды десе, басқа бір еңбектерде олардың санының бұдан әлдеқайда аз болғаны айтылады.

Бірақ қалай болған күнде де олардың пікірлері бір мәселеде тоқайласады: ашаршылық – Қазақстан тарихындағы ең бір зұлматты оқиға болған. Олай болса мұндай жағдайда, босқа үндемей отырғанша, ең құрығында құрбан болған миллиондаған туыстарын еске алуына билік пен қоғамға не кедергі деген сауал туындайды.

Ендеше, елдің дәстүрі ардақталатын, әруақты құрметтейтін елде әр отбасына дерлік ойран салып кеткен бұл үлкен трагедия неге ұмытылып бара жатыр?

Ресей деген ағамыз ашуланып қалар ма екен деп қорыққандықтан ғана ма? Жүздеген мың, мүмкін миллиондаған жазықсыз құрбан болған бауырластарының рухын еске алуға осы ғана кедергі болып отыр ма?

ҚАЗЫМЫР ҒАЛЫМДАР

Неге екендігі белгісіз, Ашаршылық тақырыбына оппозиция да жоламайды. Өз бастамасымен үлкен лаборатория деңгейіне дейін қысқарып қалған Қазақстанның Ғылым Академиясы да өздігінен ешқандай қадам жасар түрі жоқ.

Жекелеген мекемелердің күшімен Қазақстанның аумағында осыдан төрт мың жыл бұрын өмір сүрген жануарлардың сүйегі, тастар зерттеледі. Ал осыдан небары 80 жыл ғана бұрын жаппай құрбан болған жүздеген мың қазақтардың, олардың әйелдерінің, аналарының, балаларының неге ешкімге керегі жоқ?

Өткен жылы жаңадан жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде осыдан төрт жарым мың жылдай бұрын қазақтардың ата-бабалары алғашқылардың бірі болып жылқыны қолға үйреткені анықталды. Халықтың мыңдаған жылдарға созылған тарихының дәлелі ретінде Қазақстан мұны мақтан тұтады.

Демек, ғасырлар қойнауында қалған, атқа алғаш мінген адамдар ұмытылмаған. Бірақ, күні кеше орын алған, елдегі ең үлкен нәубеттің құрбандары толық ұмытылған.

Сол бір нәубет куәларының көзі тірілері әлі бар. Әлі де болса әлденені еске түсіруге болады. Бұл тек өлгендер үшін ғана емес, тірілерге де керек. Өкінішке қарай, қазақстандық бұл парадоксті түсіну де, жеңу де қиын.

Оған өз тәніндегі жараға сырттай бақылаушы сияқты енжар кейіппен қараған ыңғайлы сияқты. Және ешқандай қисын оны бұл жайбарақаттықтың кейпінен шығара алмайды.

БИЛІКТІҢ ТҮРЛІ БЕЙНЕЛЕРІ

Дәл осы кезде Украина өзгеше мінез танытуда. Ол сталиншіл-большевиктердің қылмысын айтумен тоқталып қалмақ емес.

Президент Виктор Ющенко коммунистердің қылмысы үшін халықаралық трибунал құрмақ. Виктор Ющенко коммунистік режимнен зардап шеккен өзге де Шығыс Еуропа елдерінің – Ресейдің, Польшаның, Грузияның, Балтия мемлекеттерінің басшыларына үндеу тастады.

Қазақстанға ұсыныс жасалған-жасалмағандығы белгісіз. Астананың не деп жауап берері де белгісіз. Ресейдің көңілінен шықпай қаламыз ба деп қылпылдап, шетін мәселелерді айналып өтуге тырысатын қазақ билігінің қылығына қарап-ақ Астананың не деп жауап берерін аңдауға болады.

Қазақстанның ішінде азуын айға білеп, өз халқын уысында ұстап отырған Ақорда Ресеймен пікірталасына келгенде бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалады.

АСТАНА ҮШІН ТЕСТ

Украина жалғыз қалған жоқ. Голодоморды мойындау халықаралық сипат алды. Тіпті жаһандық сипатқа айналып бара жатқандай.

Қазақстан үндемей отырған кезде, 1984 жылы Джеймс Мейс бастаған американың үкіметтік комиссиясы «Сталин мен оның айналасындағылар 1932-1933 жылдары украин халқына қарсы геноцид жасады» деп мәлімдеді.

1989 жылы Джейкоб Сандберг бастаған заңгерлердің халықаралық комиссиясы Голодоморды «дәстүрлі украин ұлтшылдығын» басып-жаншуға мақсатындағы геноцид деп анықтады.

Тәуелсіздік мәртебесін місе тұтқан Қазақстан қазақ ұлтының тамырына балта шаба жаздаған ашаршылық жайында ләм деп ауыз ашқан жоқ.

Бірақ әлем Украинаға қолдау көрсетуде. 2003 жылы БҰҰ-дағы Украинаның тиісті бастамасына орай Канаданың сенаты өз үкіметін Голодоморды геноцид деп тануға шақырды.

Сол жылы Аргентина сенаты «Украинадағы Голодомор құрбандарын еске алу туралы Декларацияны» қабылдады. Ал, АҚШ Конгресінің уәкілдер палатасы резолюция қабылдап, онда Голодомор «украин халқына қарсы бағытталған террор мен жаппай кісі өлтірушілік шарасы» деп аталды.

Қазақстан сол күйі үн қатқан жоқ. Ал сол кезде Австралия сенаты Украинадағы Голодоморға «адамзат тарихындағы геноцидтің ең бір қорқынышты түрі» деп анықтама берсе, Венгрия парламенті – «сталиндік-советтік режимнің алдын ала жоспарлаған геноциді» деп атады.

Қазақстан тағы да үнсіз қалды, ал 2005 жылы Литва сеймі Голодоморды «Украин халқына қарсы мұқият жоспарланған геноцид» деп мойындады, 2006 жылы Грузия парламенті Голодомор жайында «украиндарға біле тұра жасалған геноцид» деп мәлімдеме жасады.

Қазақстан сол күйі үн шығарған жоқ. Ал 2007 жылы Испания депутаттарының конгресі, Перу парламенті және Эквадордың Ұлттық конгресі Украинадағы Голодоморды геноцид шарасы деп анықтады.

Сол жылы Француз ұлттық ассамблеясы «1932-1933 жылғы Голодоморды украин халқына қарсы жасалған геноцид деп мойындау туралы» заң жобасын тіркеді. Осының барлығында да қазақ жағынан ләм деген дыбыс шыққан жоқ.

ОРТАҚ ҚАЙҒЫ

Бұл жағдайды түсіндіру қиын. Екі халық бар. Олардың басына бірдей қайғы түсті. Бір халық өзінің тарихын таразылау үшін барынша жанталасуда.

Екінші бір халық, ең құрығында, оларға не болған және өздерінің тарихы олар үшін қаншалықты маңызды деген сұраққа өзіне-өзі жауап беруі керек еді.

Украинаға менің соңғы сапарымда мәскеулік «Машина времени» тобының концертінде болдым. Киевтіктердің ашу-ызасын көзіммен көрдім.

Андрей Макаревич бір әнді орындап жатқан кезде Киевтегі спорт сарайының үлкен залын толтырып тұрғандар әндегі олардың көбіне таныс: «Құбылмалы дүниеге бейімделудің қажеті жоқ, одан да ол бізге бейімделсін...» деген тұсын жан тәндерімен қосыла шырқады.

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий Лондонда тұрады. Бұл мақалада ол өзінің көзқарасы мен пікірін жазып отыр. Олар Азаттық радиосы редакциясының ұстанымымен сай келмеуі мүмкін.)
XS
SM
MD
LG