Accessibility links

Қазақстан уран өндіруден жетекші ел болмақшы


Қазақстан. Үлбі металлургия комбинатында өндірілген атом электр стансаларына қажетті уран таблеткалары. Өскемен, 10 мамыр, 2004 жыл.

Қазақстан. Үлбі металлургия комбинатында өндірілген атом электр стансаларына қажетті уран таблеткалары. Өскемен, 10 мамыр, 2004 жыл.

Уран өндіру мен экспорты – Қазақстан экономикасының стратегиялық саласына айналып келеді. Алайда Қазақстан үшін бұл саланың дамуынан туатын маңызды проблема да бар.

Уран өнеркәсібінің қарқынды дамуы мен ресми Астананың оған ерекше мән беруінің бірнеше сыры бар. Ең алдымен, Дүниежүзілік ядролық ассоциациясының есебі бойынша, Қазақстанда бүкіл әлемдегі уран қорының кем дегенде 15 %, "ҚазАтомӨнеркәсібі" ұлттық компаниясының есебі бойынша 19 % бар.

Екіншіден, уранның бағасы 2000 жылы ең төменгі деңгейіне – 7 долларға дейін құлдырап, содан бері баға тұрақты өсіп 2007 жылы бұрын-соңды болмаған шегіне – 1 фунт уранның әлемдік бағасы 138 долларға жетті. 2007 жылдан бері 64,5 доллар шегінде тұрақтап тұр. Сарапшылардың пікірінше, бағаның осылайша құбылуына сұраныс пен ұсыныстың теңесуі ықпал етіп отыр.

Қазақстан жылына 15 мың тонна уран өндіріп, 2010 жылы бүкіл әлемде бірінші орынға шықпақшы. Ал 2009 жылы Қазақстан 12826 тонна уран өндіруге үміттенеді. Егер осы жоспарын орындай алса және егер Канада мен Австралия жылдық өнемдерінің көлемін ұлғайта алмаса, онда Қазақстан осы бәсекелесін кейінгі орындарға ығыстыра алады. Ол туралы шілде айының соңында "ҚазАтомӨнеркәсібі" компаниясының президенті Мұхтар Жәкішев хабарлады.

"ҚазАтомӨнеркәсібі" ұлттық компаниясының басқа шетелдермен және трансұлттық компаниялармен қол қойған келісім-шарттары немесе меморандумдары назар аудартпай қоймайды.

Оның ішінде, Парижде "ҚазАтомӨнеркәсібі" француздардың Areva компаниясымен қазақ-француз бірлескен “Катко” кәсіпорнындағы уран өндірісін қазіргіден 2 еседен артық ұлғайтып, жылына 4 мың тоннаға жеткізу туралы келісімге келді.

Маусым айында "ҚазАтомӨнеркәсібі" мен Канаданың Cameco компаниясы Үлбі комбинатында уранды байытуға қолданатын және жылына 12 мың тонна гексафторид өндіретін бірлескен кәсіпорын құрды.

Өткен маусымда "ҚазАтомӨнеркәсібі" мен Toshiba корпорациясы өзара ынтымақтасу туралы меморандумға қол қойды. Өткен жылы қазақ ұлттық компаниясы жапон корпорациясынан атом реакторларын жасап сатудан әлемдегі ең ірі компания болып табылатын Westinghouse (Westinghouse Electric Corp.) компаниясының 10 % акциясын сатып алды.
Жапония премьер-министрі Ясуо Фокуда мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің уран өндіру саласындағы ынтымақтастығы мәселелерін де талқылады. 20 тамыз, 2008 жыл. Токио, Жапония.

Міне осы келісімдер өткен жылы "ҚазАтомӨнеркәсібі" компаниясының президенті Мұхтар Жәкішевтің “2030 жылға қарай әлемдегі әрбір үшінші реактор қазақтың отынымен жұмыс істейтін болады” деп мәлімдеуіне түрткі болды.

Қазақстан, сонымен қатар, атом энергетикасы саласында көрші Қытаймен де тығыз ынтымақтастық орната бастады. "ҚазАтомӨнеркәсібі" компаниясының осы сала бойынша Ресеймен арадағы дәстүрлі қарым-қатынасы ертеден-ақ берік қалыптасып келеді.

Бір сөзбен айтқанда, Дүниежүзілік ядролық ассоциациясының мәліметі бойынша, осыдан 10 жылдай бұрын жылына 795 тонна ғана уран өндіріп келіп, енді жылдық өнімінің көлемін 15 мың тоннаға жеткізіп, 2010 жылы әлемде бірінші орынға шығуды көздеген "ҚазАтомӨнеркәсібі" компаниясының қарқыны құптарлық.

Алайда, ұлттық экономиканың жетекші бір саласына айнала бастаған уран өнеркәсібіндегі осы келісімдер мен жетістіктердің терең ойға қалдыратын сәттері де бар.

Азаттық радиосы сол ойлардан туған сауалдарды "ҚазАтомӨнеркәсібі" ұлттық компаниясының президенті Мұхтар Жәкішевке қоймақ болды. Бірақ телефон арқылы байланысқанымызда ұлттық компанияның баспасөз-хатшысы Сергей Насыров мұндай сауалдарды алғаш рет Азаттық радиосы қойып отырғанын және оларға бірден жауап бере алмайтынын жасырмай, барлық сауалды алдын-ала жолдауды өтінді. Демек бұл тақырыпқа таяу күндері қайта оралатын боламыз.

Ал ойға қалдыратын мәселенің бірі мынау: Токиода президент Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан Жапонияның ядролық отынға деген сұранысының 40 % қанағаттандыра алады” деп мәлімдеді.

Парижде "ҚазАтомӨнеркәсібі" мен француздардың Areva компаниясы қол қойған келісімге сәйкес, қазақ-француз бірлескен “Катко” кәсіпорны 2039 жылға дейін (!) Францияға жылына 4 мың тонна уран, яғни 31 жылдың ішінде шамамен 120 мың тоннадан астам ядролық отын өндіріп сатуға тиіс. Қазақтың уранына Ресей мен Қытай да үлкен үміт артады.

Бір жағынан Қазақстан уран отынын сататын кеңістігін қазірден-ақ “жаулап” алып жатыр. Ал екінші жағынан, қалыптасқан әлемдік ережеге сәйкес, ядролық отынның қалдықтарын не істеу керектігі отынды сатқан елдің құзырында қалады, яғни уран отынын сатқан мемлекет – оның қалдықтарын өзі ойластыруы тиіс. Демек, ядролық отынның 40 % Қазақстаннан сатып алуға дайын Күншығыс елі де, Париждегі келісім бойынша, 2039 жылға дейін жыл сайын 4 мың тонна қазақ уранын сатып алатын Франция да отынның радиоактивті қалдықтарын өздерінде қалдыра қоя ма?

Қазақстанның өзінде ядролық сынақ полигондары мен радиоактивті қоқыстары жетіп артылады. Алайда, жоғарыда келтірілген келісімдердің бірде-бірінде ядролық отынның қалдықтарын залалсыздандыру мәселесі қарастырылмаған. Егер қарастырылса да, ол туралы мүлде ақпар жоқ.

Бұл бір мәселе. Екіншіден, Қазақстан қоғамында елдің бар табиғат байлығын “шетелдер мен трансұлттық корпорацияларға сатып болды” деген берік пікір қалыптасқан.

Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев мойындағандай, мұнай өндірісінің көлемі жыл сайын жоспарлағандай арта берсе, оның қоры көп дегенде 20 жылға жетеді.

Уран да сарқылмас байлықтың көзі емес. Ал "ҚазАтомӨнеркәсібі" ұлттық компаниясының президенті Мұхтар Жәкішев 2018 жылға қарай өндіріс көлемін жылына 30 мың тоннаға дейін жеткізуді көздейтінін мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG