Accessibility links

Гастарбайтерлер жұмыстарын жоғалтса да, елдеріне қайтқысы келмейді


Алматы облысындағы құрылыс жұмысына жалданған өзбек мигранты.

Алматы облысындағы құрылыс жұмысына жалданған өзбек мигранты.

Көптеген бақылаушылардың пікірінше, Қазақстан экономикасы әлемдік қаржы дағдарысымен бетпе-бет келуде. Бұл жағдай жергілікті тұрғындардың ғана емес, Қазақстанға көрші елдерден жұмыс іздеп келетін еңбек мигранттарына да әсер етіп отыр.

Көптеген құрылыс, сауда, өнеркәсіп компаниялары жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болды. Соған қарамастан, сырттан келуші еңбек мигранттарының саны азайған жоқ, ал Қазақстанда жүргендерінің өзі елдеріне қайтуға асықпайтын тәрізді.

Алматы қаласының «Сайран» автобекетінде болып қайтқан Азаттық радиосының тілшісі көрші елдердің, оның ішінде Өзбекстанның еңбек мигранттарын көптеп кездестірді.

ҚР мемлекеттік көші-қон комитетінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстанға келген еңбек мигранттарының 70 пайызын Өзбекстан азаматтары құрағанын айта кету керек.

Өзбекстанның Қашқадария облысынан келген 28 жастағы Мұраттың мамандығы әрлеуші. Ол Қазақстанға үміт пен күдіктің жетегінде келгенін айтады, жұмыссыздардың қатарын толтырам ба деген қаупі де жоқ емес, алайда еліне де қайтқысы жоқ. Мұрат былай дейді:

— Алматыға өткен жылы келгенімде жұмыс бар болатын, қазір жұмыс жоқ, жеке құрылыстардан табуға болады дейді. Қазір Өзбекстанда тек қана зейнеткерлер мен әйел, бала-шаға ғана қалды, еңбекке қабілетті адамдардың бәрі сыртта жүр. Егер бұл жерде жолым болмаса, Ресейге кетемін.

Өзбектердің туған жерлерін жақсы көретіні мен елдерінен кеткісі келмейтіндіктерін осы жерде айта кету керек шығар. Бүгінгі таңда тіршілік қамы мен жұмыс көзінің тапшылығы оларды елден жырақта жүруге мәжбүрлеуде.

Ауыл халқының құрылымы әлсіреп кеткен. Мысалы Өзбекстанда 830 мың адам агроөнеркәсіп саласымен шұғылданады, ол жерде жұмыс орны жертіспейді, яғни ауылдың тұрғынының өзі ол ауылға керексіз.

— Өзбекстан халыққа ақша табуға мүмкіндік жасау үшін мақта плантацияларында қол еңбегін пайдалануға мәжбүр, — дейді өзбекстандық экономист Виктор Ивонин.

Оның айтуынша, жылына 450 мың жас мектеп бітіреді, оның 42-54 мыңы ғана жоғарғы оқу орнына түседі, қалғандары жұмыссыздардың қатарын толтырады, осылайша демографиялық ахуал шиеленісуде.

Өзбекстандық саясаттанушы Камрон Алиев елдегі жаппай жұмыссыздықтың тағы бір себебі — агроөнеркәсіптегі реформа, яғни колхоз, совхоздардың жойылып, фермерлік шаруашылықтардың пайда болуы дейді. Бұл турасындағы К.Алиевтің пікірі төмендегідей:

— Егер бір қышлақта 10-15 фермерлік шаруашылық құрылса, қалған адамдар оларға қара жұмысшы болып жалданады. Реформаның дұрыс ойластырылмағандығы ауылдарды жаппай жұмыссыздыққа ұшыратып, еңбекке қабілетті жұртты шетелдерден, оның ішінде көрші Қазақстан мен Ресейден жұмыс іздеуге мәжбүрлеп отыр.

Қазіргі уақытта әртүрлі деректер бойынша, Қазақстан мен Ресейде Өзбекстанның 3-5 миллиондай еңбек мигранттары жүр. Олардың бәрі қарқынды құрылыс кезінде жұмыс іздеп шыққандар.

Ресейлік сарапшылардың деректеріне сүйенсек, өзбек және тәжік мигранттарының көбі жүрген Ресейде несиенің жетіспеуіне байланысты құрылыстар тоқтайды, ақырында еңбек мигранттары елдеріне қайтуға мәжбүр болады.

Сарапшылар инвестициялық жобалардың, оның ішінде мұнай, газ кеніштерін игерудің тоқтатылуы жұмыс орындарының қысқаруына әкеледі дейді. Ал шетелдерде жұмыс істеуші өзбек, тәжік, қырғыздардың қайтарылуы аймақта әлеуметтік қиындық тудырып, жұмыссыздардың санын көбейтеді.

Қазақстандық тәуелсіз саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, әлемдік қаржы дағдарысының салдары Қазақстан экономикасының көп секторларына келеңсіздіктер әкелуде. Соның салдарынан Орталық Азия елдері еңбек мигранттарының ауқымды бөлігін қамтитын көптеген құрылыс компанияларының жұмысы тұралап отыр.

Оның айтуынша, Қазақстанның құрылыс секторында қазір жұмыссыз қалған еңбек мигранттарын қоса есептегенде 2,5 миллион адам жұмыс істеген. Қазақстан мен Ресейдегі еңбек мигранттарының жаппай жұмыссыз қалуы келеңсіз салдарлар тудыруы мүмкін, — деп есептейді Сәтпаев.

— Олардың жұмыссыз қалуынан екі мәселе туындайды. Біріншісі олар жүрген елдегі қылмыстың көбеюі, өйткені олар жағдайлары күрделеніп тұрған елдеріне қайтқысы келмейді. Ресей мен Қазақстан елдегі қылмысты азайту үшін өздерінің көші-қон заңдарын қатайтып, мақсатты түрде шекара асырып, қуып жіберсе ғана олар амалсыздан қайтуға мәжбүр болады. Елдерінде оларды мүлдем келешегі жоқ, бұдан да ауыр жағдай күтіп тұр. Сондықтан да бұл жерден еңбекке қабілетті жұмыссыз адамдардан құрылған экстремистік ұйымдардың бас көтеруі мүмкін. Сондай-ақ билікке қарсы оппозициялық күштердің пайда болуы да әбден ықтимал, себебі жоғалтатын ештеңесі жоқ адам билікке қарсы шығудан да тайынбайды. Егер Қазақстан мен Ресей оларды күштеп қайтарса, бұл қауіптер орын алуы мүмкін. Әлемдік қаржы дағдарысы бір кезде шетелдік жұмыс күштерін қызықтырған елдерге қиын тиді, енді жұмыс күшін шығаратын елдерге де әсерін тигізеді, — деді Досым Сәтпаев Азаттық тілшісімен әңгімеде.

Басқа да тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, шетелдердегі Орталық Азия елдерінен келген еңбек мигранттары басқа елдің мигранттарымен қатты бәсекеге түсуі мүмкін. Бұл Орталық Азиядан шыққан жұмысшыларды елдеріне қайтуға мәжбүрлейді.

Өзбекстандық саясаттанушы Ташпулат Юлдашев Орталық Азия елдеріндегі әлеуметтік дүрбелеңді шешудің баламалы жолдарын айта келіп, қорытындысында Ресей мен Қазақстан өз аумағынан Орталық Азияның мигранттарын ығыстырып шығарса, жұмыс күшін әкелуші елдер өз жұмысшыларын Таяу Шығысқа жіберуі мүмкін. Онда өзбек, тәжік қырғыз жұмысшылары алыс шетелден келген жалдамалы жұмысшыларға бәсекелестік тудырмайды.

— Орталық Азияның еңбек мигранттары Таяу Шығыстан өз орындарын әлдеқашан тапқан басқа елдердің мигранттарына бәсекелес бола алмайды. Өйткені біздің мигранттарға бәсекеге қабілетті болу үшін қажетті кәсіппен бірге сол барған елінің тілін де меңгеруі керек. Орталық Азияның мигранттарының көбі шет тілдерін біледі деп ойламаймын. Әйтсе де, Орталық Азияның еңбек мигранттары қара жұмыстың кез келгенін жасауға әзір, сондықтан да олар алыс шетелдерден де лайықты жұмыс таба алады.

XS
SM
MD
LG