Accessibility links

Дәрігер мамандар Қазақстанда жасанды түсік жасатушылар саны қайта өскенін айтып отыр. Олар мұны қоғамда жоспарсыз жүктіліктің алдын алу жайлы ақпараттың аздығымен байланыстырады.

Статистикалық дерек бойынша, Қазақстанда жылына 125-127 мың түсік жасалынады. Бұл бұдан он жыл бұрынғы есептен төмен болғанымен, Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінің бас акушер-гинекологы Надежда Кобзарь кейінгі жылдары олардың саны өскенін айтады:

- Алматы қаласында отбасыны жоспарлау Бағдарламасының алғашқы бұйрығына 1993 жылы қол қойылды. Ол кезде түсіктер саны тым көп болатын. Бір Алматының өзінде жылына 40 мың түсік жасалынды. Бұл бағдарламаның енуі жағдайды біршама жақсартқанымен, өкінішке қарай, соңғы жылдары жасанды түсік саны қайта көбейіп барады. Дерек бойынша, қазіргі уақытта Алматыда жыл сайын 20-22 мың түсік жасалынады. Бұл дегеніңіз, бізде әрбір үшінші жүктілік тоқтатылады деген сөз.

Дәрігерлер қазіргі таңда жоспарсыз жүктілік салдарынан түсік жасатқысы келетін әйелдердің ауруханаға кеш баратынына алаңдайды. Себебі, операция неғұрлым кеш жасалған сайын, соғұрлым зардабы көп болатынын ескереді.

Ал, Қазақстанда 28 апта болған жағдайда да жасала беретін көрінеді. Сондай-ақ, дәрігерлердің айтуынша, қазіргі таңда түсік жасатудың технологиясы дамығандықтан көптеген әйелдер үшін ол жоспарсыз жүктіліктен құтылудың жалғыз жолы болып отыр. Егер әйелдер жүкті болмаудың алдын алатын контрацептивтік құралдар жайлы білетін болса, онда түсіктер саны да кемитін еді, дейді мамандар.

- Біздің қолымызда гуманитарлық болсын, бәрібір көп көлемде контрацептивтік құралдар болған кезде түсік азайды. Ал қазір гуманитарлық көмек ретінде берілген контрацептивтік құралдар айтарлықтай көп емес. Денсаулық сақтау департаментінде жыл сайын оған 15 млн теңге бөлінеді. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Оларды әлеуметтік жағдайы нашар әйелдерге, жастарға таратамыз. 15-18 жас аралығындағы қыздар арасында түсіктер санының көрсеткіші бұрындары жылына 400-500 болса, қазір 100-150-ге дейін азайды, - дейді дәрігер Надежда Кобзарь.

Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша жастарға дәрігерлік кеңестер беретін орталықтар ашылып жатыр. Онда кез келген жас арнайы тіркелмей-ақ кеңес алуға болады.

«USAID ЗдравПлюс» жобасының маманы Галина Гребенникованың айтуынша, жасанды түсік жасайтын әйел өз өмірін тәуекелге тігеді.

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын 80 млн-ға жуық әйел жоспарсыз жүкті болады. Олардың жартысынан көбі жүктілігін жасанды жолмен тоқтатады. Солардың 19 пайызы медициналық жағдайдан тыс жолдарға барып, өз өмірін қауіпке тігеді. Салдарынан жыл сайын 68 мың әйел содан көз жұмады. Бұлардың барлығы қоғамда жоспарсыз жүктіліктің алдын алу туралы ақпараттың жеткіліксіздігінен болып отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жасанды түсік жасатушылардың жас ерекшелігі 14-50 жас аралығында.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG