Accessibility links

Жармаханның партиясы әбігерге түсті


Ақтөбеде Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының мәжілісі жоспарланып, оған осы партияның ұйымдастырушыларының бірі, бұрынғы Мәжіліс депутаты Болат Әбішевтің келетіндігі мәлім болған еді.

Партияның жергілікті өкілдері журналистерге басқосудың «Ақтөбе» қонақ үйінің мәжіліс залында өтетінін 4-5 күн бұрын хабарлаған. .
Жұма күні бізге ЖСДП-ның жергілікті төрағасы Мейрамбек Камалов қайтадан хабарласып, мәжіліс орны «Нұрдәулет» сауда орталығының кино залына ауыстырылғанын жеткізді. Себебі, сол күні қонақ үй қызметкерлері Мейрамбекке қоңырау шалып, «сенбіде кәсіпкерлер жиын өткізетін болып, ақшасын алдын ала төлеп қойған. Біздің қызметкерлер сіздерге ескертуді ұмытып кетіпті» деп, қайта-қайта кешірім сұрапты.
Сөйтіп жергілікті оппозиция белсенділері жан-жаққа жүгіреді. Аудандардан 30-ға жуық адам шақырылып қойған. Олар қонақ үйге жиналуы керек. Ұйымдастырушылар «Нұрдәулет» қонақ үйінің кинозалына ақшасын төлеп, жұртқа мәжіліс орнының өзгергенін айтып, қайта қоңырау шала бастағанда, «Нұрдәулет» компаниясының президенті Мақсат Байжарқыновтың өзі хабарласып, кинозалды екі сағатқа жалға бере алмайтындығын хабарлайды. Осылайша ЖСДП-ның жергілікті белсенділері сол күні әбден сандалды. Ауданнан келгендер адасып, бірі «Ақтөбе» қонақ үйін, басқалары «Нұрдәулеттің» төңірегін шарлады.
Біз түскі сағат бірде «Ақтөбе» қонақ үйіне барғанбыз. Сөйтсек, мәжіліс залының есік-терезесі жабулы. Қонақ үй қызметкерлері бұл жерде бүгін ешқандай шара өткізілмейтінін айтты. Қонақ үйдің директорын сұрастырып едік, орнында жоқ болып шықты.
Ақырында, мәжіліс ЖСДП-ның жалға алып отырған 6 шаршы метр офисінде өтті. Алматыдан арнайы келген Болат Әбішев бұған қатты ашуланып: «Бұл нағыз шектен шыққандық! Жиналыстың өтуіне жарты сағат қалғанда, уәделерінен тайқып кету азаматтыққа жатпайды! Қолдарыңызда төлеген ақшаларыңыздың түбіртегі бар, сотқа беріңіздер. Соншама адамды әуреге салғаны үшін заң алдында жауап берсін. Кімнің жасап отырған әрекеті екені де белгілі. Біз біреуді құлату үшін емес, өз ішіміздегі мәселелерді талқыға салу үшін жиналдық», — деді.
Аудандардан келген белсенділер елдің әлеуметтік тұрмысы, қымбатшылық, жұмыссыздық жайында сөз етті. Әсіресе, облыстан тым алыс жатқан аудандардың жағдайының мүшкілдігі, жанармайдың қымбаттауынан шөптің бағасының күрт көтерілгені әңгіменің арқауы болды.
Болат Әбішев «ауыл адамдарымен жұмыс тұрақты түрде жүргізілмейтін сияқты. Партияның жұмысын нығайту үшін тұрғындармен жұмыс істеу керек», — деді.
Ақтөбе облысы бойынша 5 мың 574 мүшесі бар ЖСДП сайлауда бақылаушылар дайындау ісін ертерек қолға алмақшы. «Өткен Мәжіліс сайлауында 5 мың теңгеден төлеп, сырттан бақылаушылар жинадық. Бірақ, дайындықсыз келген өкілдер биліктің қитұрқы әрекеттеріне алданып қалды. Мәселен, сайлау өтіп жатқанда бақылаушыларды түскі асқа шақырады. Олар түстеніп қайтып келгенде сайлау комиссиясы алдын ала дайындап қойған бюллетеньдерді сала салып, дауыс көрсеткіштерін бұрмалап жіберген. Сол себептен де кездейсоқ адамдарды емес, сенімнен шығып жүрген азаматтарды іріктеп тартып, сайлауға бақылаушы болуға дайындай беру керек» — деді партияның жергілікті филиалы төрағасының орынбасары Сәрсен Шәкібаев.
Жармахан Тұяқбай партиясы биліктен қаржыландырылып отыр деген мәселені теріске шығарған Болат Әбішев: «Бұл – биліктің кезекті арандатуы. Болат Әбілев, Әміржан Қосановтарды қылмыстық істі жасырды деп айыптап отыр. Төлен Тоқтасынов Моңғолияда. Ғалымжан Жақиянов Қытайда емделіп жүр. Билік енді Жармаханға әлгіндей күйе жағып, қараламақшы. Біз қайтсек азаматтық қоғам құрамыз деп жүрміз. Өздеріңіз де көріп отырсыздар, партияның берер артық қаражаты жоқ. Сіздер де бір тиынсыз жұмыс істеп жүрген жоқсыздар ма?», — деді жергілікті өкілдерге.
Жергілікті партия мүшелері барлық оппозициялық партиялар бірлесіп жұмыс істеуі керек ойға тоқтасып тарқасты.
XS
SM
MD
LG