Accessibility links

Әркен Уақ: "1931 жылы қазақтар қырылып жатқанда Совет үкіметі 51,8 млн пұт астықты сыртқа сатқан"


Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін 8 жылға сотталған Әркен Уақ

Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін 8 жылға сотталған Әркен Уақ

“1986 жылдың желтоқсанында қазақ халқына қарсы президент Нұрсұлтан Назарбаев ұйымдастырған геноцид мәліметтері” деген кітаптың ауторы, Желтоқсан ардагері, марқұм Әркен Уақ көзі тірісінде Азаттыққа берген сұхбатында қазақ ұлтына қарсы геноцид сонау патша заманынан басталғанын айтқан еді.

Әркен Уақ "геноцид" деген сөздің өзін халық көп түсіне бермейтін көрінеді, Желтоқсан жайлы кітабым шыққаннан кейін маған не себепті Назарбаевты геноцид бойынша жауапқа тарту керек деген сұрақтар қойылды деп бастаған еді Азаттыққа берген сұхбатын.

Геноцид деген сөз грек тілінен аударғанда құрту дегенді білдіреді. Геноцид туралы халықаралық Конвенция 1948 жылы қабылданған. 1998 жылдан бері Халықаралық қылмыстық сот геноцид істерімен айналысады. Бұрындары онда мемлекетаралық арыз-шағым қабылданған болса, енді қазір жеке адамның геноцид жасағанын да қарайды. Желтоқсан оқиғасының мәліметтерін жинағанда, “геноцид” деп атау үшін оны мұқият зерттедім деген Әркен Уақтың сол кездегі әңгімесін қаз-қалпында сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Әркен Уақтың "1986 жылы желтоқсанда қазақ халқына қарсы Н. Назарбаев ұйымдастырған геноцид мәліметтері" деген кітабы


-Әркен аға, сіздің қолыңызда көп айтыла бермейтін әрі жарыққа шықпаған деректер бар екен. Ендеше сол деректерге сүйеніп, қазақ халқының қаймағын сонау патша заманынан бері сылып тастап келген өткен ғасырдың мәліметтерімен таныстырсаңыз.

Әркен Уақ:- Шын мағынасында біздің қазақ халқы орыстарға бодан болғаннан егемендік алғанға дейін геноцидтен шығып көрген жоқ екенбіз. Соны қазір тек деректерге сүйеніп айтып өтпекшімін. Ресей боданы болғаннан кейін қазақтарды өз территориясынан қуып шығып, орыстандыру саясаты болған. Бірақ ол жіберетін халқы болмағандықтан, қолданылмаған. Тарихи деректер бойынша 1868 жылы ғана Ресейде “крепостное право” деген құлдық дәуір жойылып, ол кейін Александр II-нің жарлығымен алынып тасталған.

Ал одан кейін бұл мәселені шешу үшін 1868 жылдары патшаның реформасы шыққан. Колониялдық әкімшілдік реформасы бойынша, бүкіл қазақтың жерін түгелімен мемлекеттік жер қылған. Сол құжаттың 263-ші параграфында патшаның өз қолымен жазылған сөздерді оқып берейін. Онда “Земля занимаемый киргизией кочевней полностью переходит в собственность государство” делінген. Бұдан кейін қазақтар түгелімен жерінен айрылып, олардың еш құқы болмаған. 1906 жылғы шыққан реформа бойынша, общинаның крестьяндарына бостандық беріліп, сол жерлерін алсын деген. Оның аяғы орыстар алақандай жерлерін сатып жібергенде, бір жылдың ішінде жүздеген мың адам отбасыларымен далада қалған. Сол кезде оларды бос жатқан жерлер бар, соған барыңдар деп, Қазақстанға, Сібірге, Қиыр Шығысқа жіберген “земельный реформа” болған.

Әркен Уақтың айтуынша, 1916 жылғы көтеріліс те қазақ халқының құнарлы жерлерінен айрылып қалуынан болған:

Әркен Уақ: -Содан кейінгі деректер бойынша Сүлейменов пен Басиннің жазған кітаптары бар. Онда “1916 жылғы көтеріліске себеп болған, қара шекпендердің ең құнарлы жерлерді тартып алуы, қазақтарды қуып жібергеннен наразылық туып, әр жерде бас көтерулер болды. Ақыры 1916 жылы патша қазақты қара жұмысқа аламыз дегенде, дүр етіп бүкіл қазақ көтеріліп кетті делінген.
Сонда Сүлейменовтың қортындысы бойынша, көтеріліске негізінен себеп болған қазақтардың жерден айрылып қалуы. Бүкіл қазақ халқын шөлді-шөлейт жерлерге жіберіп, жер бермей қуып жібергені олардың көзін құрту мақсатында жасалған. Бұл зерттеп келгенде толығымен геноцидке жатады. 1867-68-ші жылдары патшаның қазақтарға қарсы қолданған саясаты геноцид болып дәлелденді.

Геноцидтің түп-төркінін таппақ болған Әркен Уақ қазақтың Ресей бодандығында геноцидке ұшырауы мұнымен біткен жоқ деген еді:

Геноцидтің ең сорақысын патша үкіметі құлағаннан кейін коммунистер жасады. Мысалы, 1925 жылы Сталиннің бұйрығымен Қазақстанға Орталық Комитеттің бірінші хатшысы болып келген Голощекин халықты түрлі тапқа бөліп, бас көтерер зиялыларынан бастап, құрту жоспарын жүзеге асып отырғанына дәлелдер бар. Голощекин 1925 жылы Қазақстанға келе сала сөйлеген сөзінде, Қазақстанда Совет өкіметі жоқ, оны орнату үшін революция жасау керек деген. Одан кейін ол жоспар жасап, Сталинге жіберген. Онда қазақтар көшпелі халық, бір жерде отырмағандықтан Совет өкіметін құру мүмкіндігі жоқ, сол себепті оларды бірнеше этаппен тәртіпке келтіру керек деген.

Біріншісі, алдымен “расслоение” дейді, сосын “расслоение интелегенций” дейді. Яғни Алашорда қазақтарын екі топқа бөліп, алдымен өз-өздерін төбелестіріп, бас көтеретіндерін түгелімен соттап, болмаса атып тастау керек деген. Соның ішінде барлық ірі байлардың малын тартып алып, /экспрепратация деп атайды/өздерін жер аударып, аластау керек депті.

Содан кейін үшіншісі қалған кедейлерді жинап алып, ірі-ірі колхоз-совхоздар жасап, олар қашып кетпес үшін қолдарындағы малдарын қоғамға өткізіп, өздерін соған жұмыс істету керек, сонда олар ешқайда қашып кете алмайды деген. 3-ші партийный конференция өткенде, онда былай деген: “Әрбір колхоз ірі болу керек және онда бір рудың адамдары болмауы керек” делінген. Оған әр рудан адамдарды араластыру керек деген. Ең соңында соның бәрін жасаған коммунистерді атып тастау керек деген.

Патша өкіметі туралы жазылған бар ғой, орталық мемлекеттік қорда: фонд - 25, іс- 245-ші соның бірінші беті мен 17 –ші беттерінде осылай жазылған. Яғни мен әрбір сөзімді деректермен келтіріп отырмын. Жаңағы жоспарды “дать товаришу Сталину” деп жіберген Голощекин. Оған келген жауабы: “Товарищу Голощекину, я думаю что политика написанная в настоящей записке является в основном единственно правильной политикой. Иосиф Сталин” делінген. Бұл жаңағы “Советская степь” газетінің 1927 жылғы 20-шы қарашада шыққан санында басылған.

Тағы 1925 жылы партийный конференцияда айтылған мәселелер “Советская степь”-тің 3 желтоқсанда шыққан нөмірінде бар. Содан кейін политбюроға қарап, конфискация, байларды соттау мәселесін Қазақстанда өткізу керек деген ұсыныс шыққан. 1926 жылғы партия конференциясында ең алғашқы байларды құрту туралы ұсыныс жасаған Ораз Жандосов болған. Онда Ораз Жандосов мына байларды құртып, малдарын тартып алмаса болмайды деген. 27 жылда партийный конференцияда сөйлеген сөзінде Голощекин былай айтады: Біз мына Ораз Жандосовтың айтып отырған сөзін қолдаймыз, бірақ оны қазір жасауға болмайды. Ол үшін алдымен біз кадрлар дайындауымыз керек, ана ауылда жүрген батрактарды жинап алып, жерсіз-үйсіз жүргендерді партияға алып, солардың қолымен экспрепряция жасап, солардың қолымен байларды құрту мәселесін іске асыру керек деген. Құрту мәселесін бұлар жоспар бойынша істеп, алдымен “националисты” деген желеумен Алашорданың адамдардын соттап, жер аударады, атқанын атып тастайды. Оның ішінде Байтұрсынов, Жұмабаев, Аймауытов сынды 14 жазушыны атады, жалпы саны жүзден асады. Оларды ұстап берген Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Ораз Исаев дегендер болған. Мұның бәрі архивтегі деректерден шықты.

Голощекиннің саясаты қазақтың атқа мінер азаматтарын бір-біріне айдап салып, соңында бәрінің де көзін жою болған:

Сонымен Голощекиннің “расслоить интелегенций” деген жоспары бойынша 1926-27 жылдар даярлыққа кеткен.
1929 жылы оларды атқанын атып, қалғанын соттап, жер аударады. Одан кейін 30 жылы енді кадрлар дайындалып болды, келесі кезекте байлардың малын тәркілейміз дейді. Бір деректерде жазылған 10 млн бас алынды деп, ал байлардың қаншасы жер аударылғаны айтылмаған. Мысалы, Тұрсынбаев деген тарихшы “Казахский аул в трех революций” деген еңбек жазған. Сонда атап көрсетілгендей, байларды үш топқа бөлген. Ірі деген байларды жер аударып, Ресейге жіберіп, сол жақтан атып тастау керек, олардың отбасыларын Қазақстаннан аластап, басқа жаққа жіберу керек деген. Екінші топтағы байлардың малдарын сыпырып алып, өз күндерін қалай көрсе, олай көрсін басқа облысқа жіберу керек деген. Үшінші топқа жататын байларды бір ауданнан екінші ауданға аудару керек деген жоспарды жүзеге асырған. Осылай 1930-шы жылдары оларды тып-типыл қылып, байларын түгел құртқан.

1931 жылы жоспар бойынша “коллективизацияға” кіріскен:

Ондағы сұмдықты айтайын, Меркенің жанында екі мың метр биіктіктегі тауда “Мясо совхоз” салынған. Ол жерде жаз- жайлауда ғана тұратын қазақ қыста қары қалың түсетін тауда қыстай алмай, адамдар малдарымен қырылып қалған.
Қысқасын айтқанда, 1931 жылы шекараға жақын қазақтардың қашқаны қашып үлгерген, қалғаны ашаршылыққа ұшыраған. Сөйтіп, 1931 жылы басталған коллективизациядан кейін 1932 жылы халық қырылған. Аштықтан қырылғандар жөнінде бірнеше деректер бар. Онда Ғабит Мүсіреповтың жазғанында, “келе жатсам бірдеңе қарайып жатыр екен, қарасам өлгендерді бірінің үстіне бірін үйіп тастаған екен” делінген.
Қазақстан. 1930 жылдардың басында ашаршылық кезінде босып бара жатқан қазақтар

Сондай-ақ Қарқаралыда Ғабатуллин деген жігітті халық жауы деп соттаған кезде, ол соңғы сөзінде былай деп жазады.
“Мені 1932 жылы Кент деген жерге командировкаға барып кел деп жұмсады. Келсем, тірі жан жоқ, түк көрінбейді. Кейін бір мал қораның алдына тоқтап, барып есігін ашып қалғанда шалқамнан түсе жаздадым” дейді. Іші толған өлік, өлген адамдарды бірінің үстіне тастай берген. Есіктің алдына шықсам, шопырым қашып келе жатыр, соңында шаштары жалбыраған, қолдарында пышағы бар екі әйел қуып келе жатыр екен. Мен наганымды аспанға атып, олардан шопырымды сақтап қалдым, одан барып қайнап жатқан қазанды ашып қалсақ, өңкей балалардың дене мүшелері екен, міне осындай масқараны көріп мен халық жауы атандым, енді мені соттай беріңдер деген қарқаралылық Ғабатуллин өзінің соттағы соңғы сөзінде.

1931 жылдың басында басталған ашаршылық 1932-33 жылдарда жұтқа айналып, миллиондаған халықты жұтып кетті:

Әсіресе Орталық Қазақстандағы малдарынан айрылған қазақ ешқайда шыға алмай, қырылып қалған. Жалпы 30-шы жылғы деректер айтады, қазақтың саны 5,200 деп, кейінгі деректерде тірі қалған қазақтың саны 2,300 ғана болған. 3 млн халық ашаршылықтан қырылған. Оны енді геноцид демей не дейміз?

Геноцид болғанына екінші дәлел: ЦК КПСС-тің пленумында жасаған Голощекиннің баяндамасында мынадай деректер келтірілген. 1932 жылы Сталинге келіп, Қазақстанда өте күрделі жағдай - ашаршылықтан халық қырылып бітуге жақын қалды дегенде, Сталин “от этой желтой заразы только так можно избавиться” деген. Сонымен бұл жоспарлы болған. Көшіп жүрген халықты еш ұстай алмаймыз, оларды қырып тастап, қалғандарын тырп еткізбей ұстап отыру керек деген. Бұл - геноцидке тағы бір дәлел.

Тағы бір деректерді алға тартсам, “Знамя” деген журнал 89-шы нөміріндегі 176 бетінде 1928 жылдан бері қарай сол жылдары Совет үкіметі қай елге, қанша астық сатқанын келтіреді. Онда 1928 жылы 1 млн пұт астық сатылған, 1929 жылы 13 млн пұт сатқан, 30 жылы 48,3 млн. пұт, 1931 жылы қазақтар қырылып жатқанда 51,8 млн пұт астық шетке сатылған. Онымен қоймай 1932 жылы 18 млн пұт астық сатылған. Сонда автор ең болмағанда бір жылғы сатқан астықтың жартысын берсе, сол ашаршылық кезіндегі халықты аштан сақтап қалуға болатын еді деп атап көрсетеді
Мұның бәрі халықты қыру үшін әдейі қолдан жасалған геноциді жоспары деп, Азаттыққа берген сұхбатын қорытындылаған еді марқұм Әркен Уақ.Сұхбат Азаттықтың мұрағатынан алынды. Бұл сұхбатты ол Азаттық радиосына 2002 жылы берген болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG