Accessibility links

Мұстафа Шоқай және «Петербор тұлғасы» медалі


Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Мұстафа Шоқай
Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Мұстафа Шоқай

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, көрнекті саяси-қоғам қайраткері, публицист Мұстафа Шоқай қайтыс болған соң 59 жылдан кейін, Санкт–Петербор қаласының ғылымы, мәдениеті және өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін « Петербор тұлғасы» атты медалімен марапатталды.

Медаль Қазақстан өкілдеріне тапсырылды
Марапаттау туралы шешімді наградалар жөніндегі саларалық біріккен комитет пен Санкт-Петербор Гуманитарлық қоры шығарды. Медаль Ресейдегі Қазақстанның Бас консулына тапсырылды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі медалды Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігіне берген. Қазір бұл медалды Астана музейлерінің біріне орналастыру туралы мәселе қаралуда екен.
Ресейдің гуманитарлық қорының бұл наградасы Мұстафа Шоқайға ол қайтыс болғаннан кейінгі берілген тұңғыш медаль.

Мұстафа Шоқайды Қазақстанда әлі жақсы білмейді

Өз Отанында оның атын атауға ұзақ жылдар бойы тыйым салынып келді. Тек соңғы жылдары ғана тарихшылар мен ағартушы-ғалымдар оның өмірі мен атқарған қызметіне баса назар аудара бастады.

Қыркүйек айында Астана қаласында «Мұстафа Шоқай» атты көркем фильмнің тұсаукесері болып өтті. Картина көрермендер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Астана кинотеатрларының біріндегі үлкен залға тарихи тұлғаның өмірі туралы киноны көргісі келгендер симай кетті. Фильм астаналық көрермендерге қатты әсер етті. Көптеген адамдар кино соңында оның көркемдік дәрежесін немесе әртістердің ойнау шеберлігі мен режиссердің жұмысын емес, әңгімені Мұстафа Шоқайдың өзінің айналасында қыздырды.

Қазақстанда Шоқай атын естісе болды « Ол кім болған. Сатқын ба әлде батыр ма», - деп сұрайтындар да табылады. Біржақты жауап әлі жоқ. Қазақстандық ғалымдар Мұстафа Шоқайдың Қазақстанда және айдауда жүргенде жазған еңбектерін, хаттарын, жариялаған мақалаларын, архивтегі құжаттарын толық түбірімен әбден зерттемей тұрып біржақты пікір айтуға болмайды дейді.
Ал әзірге Қазақстанда жаңа ұрпаққа Мұстафа Шоқайды «қалай, кім деп» таныстырамыз деп жүргенде Ресейдің гуманитарлық қоры ұлт-азаттық қозғалысының көсемін медалмен марапаттап үлгерді. Сөйтіп Санкт Петербор Мұстафа Шоқайдың Нева жағалауындағы қалаға сіңірген рухани және адамгершілік үлесін лайықты бағалап отыр.

Мұстафа Шоқайды кейде генерал Власовпен салыстырады

Ресейдің өзінде кейде Мұстафа Шоқайды генерал Власовпен салыстырады. Гитлершілермен біріккен жұмыстары және ұлт–азаттық отрядтар құру кезеңдерінің сәйкестігіне қарай олар ұқсас деген пікір де бар.
Тұтқынға түскен кеңес генералы өздерін « власовшылар» деп атаған, тұтқындардан жасақталған « Ресей халықтарын азат ету комитетін» / КХАК/ және Азат етуші орыс армиясын»/АОА/басқарғаны белгілі. Ал Мұстафа Шоқай болса, Орта Азия мен Кавказдан шыққан кеңес армиясы соғыс тұтқындарынан құралған Түркістан легионын жасақтаған.
Бірақ, Мұстафа Шоқаймен салыстырғанда, генерал Власов туралы Ресейде және шет елдерде көптеген кітаптар жазылды. Ауторлардың тұжырымдары сан алуан. Негізінен соғыс тақырыбын жазушы кеңес тарихшылары тарапынан пікірлер жағымсыз болып келді.Эмигранттардың бірінші және екінші толқындары генерал туралы негізінен жағымды кітаптар жазып шығарды. Бірақ әлі күнге дейін « СССР-дың номері 1-ші жауы» турасында ресейлік тарихшылар бірауызды пікірге келген жоқ. Оның еңбегіне лайықты баға беру олар үшін қиындық туғызып отыр. Кейбір тарих пәні оқулықтарында Андрей Власов большевиктерге, Кеңеске, коммунистерге және Сталинге қарсы жан аямай күрескен батыр ретінде көрсетілген.

Мұстафа Шоқайды генерал Власовпен ешқандай да салыстыруға болмайды, - дейді Азаттық тілшісіне берген сұхбатында тарих ғылымының кандидаты, Виктор Алексеенко.

Бүгінгі таңдағы Ресей оқулықтары қалай деп жазса да, тарихта Власов сатқын болып қалады. Ол ант берген әскери адам. Бірақ ол берген антын бұзды. Ол өзінің мыңдаған әскерін соғыс даласына қалдырып, қашып шыққан. Осы тұрғыдан келгенде ол сатқын. Мұндай адамдарды, әдетте, соғыс трибуналы соттайды. Тарих оларды кешірмейді. Сталиннің қолынан атақ пен даңқ медалдар ала отырып, ол оны мақтады. Немістердің қолына тұтқынға түсіп, Андрей Власов өзінің большевиктерге деген жеккөрінішін тынбай айта бастады.
Ал, Мұстафа Шоқай болса, о бастан-ақ Кеңес үкіметін қолдамады. Ол әскери адам емес еді, ешкімге ант та берген жоқ. Оның жаны қашан да өзінің халқы үшін ауырды. Ол өмірін халқының азаттығы жолындағы күреске арнады. Мұстафа Шоқай жауынгер болған емес, ол – күрескер. Екеуі екі түрлі нәрсе. Екі тұлғаны ерекшелейтін нәрсе бұл ғана емес.

Власовтың отанында ол туралы жазылған кітаптар саны көп, тіпті түр-тұлғасы қарапайым мұғалімнен аумайтын генералдың махаббаттары туралы да жазылған кітаптар бар.Онда Сталиннің сүйікті генералының соғыс даласындағы жеңістері емес, майданда кездескен бірінші сүйіктісінен бастап, соңғы неміс баронессасына дейінгі махаббат айдынындағы жеңістері баяндалған. Оның үстіне махаббатқұмар генералдың көп әйелі болған. Бізде Мұстафа Шоқай туралы мұндай әдебиеттер жоқ. Сондықтан бүгінгі жастардың ол туралы білмеуі таңқаларлық емес.

Мұстафа медалі қайда екен?

«Петербор тұлғасы» деген медалдың министрліктің қай бөлімінде екенін білу үшін осы мекемеге қанша рет телефон шалғанымызда, трубканың аржағындағы адамдарға Мұстафа Шоқайдың кім екенін ұзақ түсіндіруге тура келді.
Тіпті ең ақыры, телефонда жауап берген жастардың әдемі дауыспен, мәдениетті түрде « Мұстафаға медаль дейсіз бе, ол қай қалада тұрады, Алматыда ма, Астанада ма? Ал оған медаль неге керек Мұстафа Шоқай өзі келіп медалін тауып алсын» деген сөздерін естігенде таңдана алмадым.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

XS
SM
MD
LG