Accessibility links

Алматыдағы №1 автопарктің қарамағында болған жатақхананың төңірегіндегі дау әлі басылмай жатыр.

Сәрсенбі күні Фурманов пен Райымбек көшелерінің қиылысындағы орналасқан жатақхананың тұрғындарын күштеп шығаруға «Файнекс Корпорейшен ЛТД» компаниясының өкілдері мен сот орындаушылары келді. Бірақ олар жатақхана тұрғындарын баспаналарынан күштеп шығара алмады. Өйткені, даулы жатақхананың тұрғындары есік, терезелерді бекітіп, ғимараттың ішіне тірі жанды кіргізбеді.
Тұрғындардың айтуына қарағанда, таңғы сағат оннан бастап белгісіз адамдар жатақхананы торауылдаған. Әйтсе де сот орындаушылары айтқан уақытында келген жоқ. Жатақхананың маңында қолдарына ұстаған бейнекамералары бар, қай саланың қызметкерлері екені белгісіз бір топ адам жүрді. Тым кешіккен сот орындаушылары мен компанияның өкілдерін күтуден жалыққан кейбір ақпарат өкілдері біраз уақыттан соң тарқай бастады.
Тіркелмеген «Талмас» қоғамдық қозғалысының жетекшілері Ризада Жақыпбек пен Денис Әлімбеков журналистердің қасына келіп, «бұл маңға ешкім жоламайды, олар журналистердің көзіне түскісі келмеген соң ғана, жұмыстарын бастамай тұр, сондықтан да уақытша жан-жақа тарап кетейік», дегеннен кейін, жиналғандар олардың айтқанын істеді.
Журналистердің бірі жақын таяу маңдағы дүкенге кіріп, екіншілері жатақхананың артына кетіп уақыт өткізді. Осылайша сот орындаушыларын күтіп жүргенде, кезінде автопарктің территориясы болған алаңқайда өрт сөндіргіш пен жедел жәрдем көліктерін көзге шалынды. Арада шамалы уақыт өткен соң, аталмыш қозғалыстың жетекшісі Ризада Жақыпбек телефон шалып, жатақхананың алдына белгісіз адамдардың жиналып жатқанын айтты.

Жатақхана тұрғындары сақтық ретінде бүкіл есік, терезелерді бекітіп, оның ішіне ешкімді кіргізбеді. Тұрғындардың балалары жиі-жиі қайталанып тұратын осындай айқай-шудан, теке-тірестен әбден қорқып қалса керек, сот орындаушылары мен компания қызметкерлерін көре салып, шыңғырып жылай бастады. Олардың ашуға басқан аналары жатақхананың төбесіне шығып, қолдарындағы жанармай құйған шыны ыдыстарын жоғары көтеріп, баспаналары үшін өздерін өртеуге шейін баратындықтарын айтты.
Ерғанат: "Мен өскенде үлкен үйде тұрамын"
«Файнекс корпорейшен ЛТД» компаниясының заңгері Нейля Рахимова Азаттық тілшісіне бұл жағдайды былайша баяндап берді:
- Тұрғындар жатақхананы босатқысы келмейді. Осының алдында оларды шығаратындығы жөнінде ескертпе хат жолдағанбыз. Соған қарамастан, олар қасарысып, бүкіл есік терезені бекітіп тастап, бізді өз ғимаратымызға кіргізбей отыр. Тұрғындарды жатақханадан шығару туралы соттың шешімі 2006 жылдың ақпан айында күшіне енген болатын. Ал 2007 жылдың қараша айынан бастап соттың шешімін орындай алмай отырмыз. Негізі, сот шешімі күшіне енген соң, ол екі айдың ішінде орындалуы керек. Өтем ақыға келетін болсақ, сот «Файнекс корпорейшен ЛТД» компаниясына мұндай міндет қойған жоқ. Біз жатақханадағы біраз тұрғындарға компания басшылығының шешімімен белгілі мөлшерде қаржылай өтемақы төлегенбіз. Ал жатақхананы босатқысы келмей отырған тұрғындар бұл жағдайды қоғамдық мәселеге айналдырып, осы арқылы бізді қорқытпақ.

Ал, жатқахана тұрғындары болса бұл мәселені басқаша түсіндіріп отыр.
- Бұл жатақхана кезінде түрлі жолдармен сатылып кетті. Мұның артында былық жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Қазір «Каспий» банкіне арыз жазып, кезінде кепілдікте тұрған жатақхананың барлық құжаттарын қолдарымызға алып, осы арқылы біраз мәселеге көз жеткізуді көздеп отырмыз. Бір таңғаларлығы, бұл ғимараттың бүкіл құжаттары 2007 жылдың қараша айына дейін территориялық комитеттің мұрағатында жатыпты. «Файнекс корпорейшен ЛТД» компаниясының басшылары автопарктің қарамағында болған жатақханаларды заңды жолмен сатып алдық деп бізді сендіргісі келеді. Негізі, қазір автопарктің қарамағында болған жатақханалардың кезінде қандай жолмен кепілдікке қойылғанын және қалай сатылғанын бастан аяқ тексертіп жатырмыз. Егер содан бір былық табылатын болса, территориялық комитет арқылы сатып алу туралы келісім-шарттың күшін жоюға болады. Ондай жағдайда біз жеңіске жетеміз, - деді жатақхана тұрғыны Жанат Ижанова.
Жатақхана тұрғындары сот орындаушыларын осылайша қоршап алды
Сонымен, сот орындаушылары мен компанияның өкілдері ештеңе тындыра алмасын біліп, қайтып кетпек болғанда, жатақхана тұрғындары олардың қашан келетіндіктерін білмек болып жолын бөгеді. Тіпті, өзін сот орындаушысымын деп таныстырған әйел кісі журналистердің сұрағына жауап беруден де бас тартты. Ал жатақхана тұрғындары өздерінің сауалдарына мардымды жауап ала алмағандықтан, олардың көліктерінің алдына тұрып, біразға дейін жібермей тұрды.

Одан кейінгі болған жағдайды төменде орналасқан бейне роликтен көре аласыздар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG