Accessibility links

Борышкер халық «Халық банкінен» қайырым күтеді


Борышкерлер Григорий Марченкомен кездесуді талап етті.
Борышкерлер Григорий Марченкомен кездесуді талап етті.

Сейсенбі күні «Халыққа баспана қалсын» қоғамдық қозғалысы Алматыдағы «Халық банкі» филиалы ғимаратының алдында наразылық акциясын өткізді.

Сәтпаев пен Розыбакиев көшелерінің қиылысында орналасқан банктің алдына қозғалыстың 60-қа жуық мүшесі жиналды. Оның төрайымы мен ең белсенді мүшелері аталған банктің басқарма төрағасы Григорий Марченконың атына арнап, үндеу оқыды.
Қозғалыс мүшелері оқыған үндеуде «президенттің тапсырмасымен құрылған «Дағдарыс қоры» өз жұмысын бастағанша, біз сіздерден төленуі керек несие мерзімін 12 айға шегеруді талап етеміз. Егер де, «Халық банкінің» басшылары біздің талабымызбен келіспейтін болса, онда қозғалыс мүшелерінің басын қосып, банктің алдына пикет өткізуге мәжбүр боламыз» - деп жазылған.
«Халыққа баспана қалсын» қоғамдық қозғалысының мүшелерін банктің адамдары емес, керісінше прокуратураның, Алматы қаласы әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері мен полицейлер қарсы алды. Бұл жолы қоғамдық тәртіптің бұзылмауын қадағалаған олар баспанасының қамымен келген қарапайым халыққа тиіскен жоқ. Қайта, банк басшылары мен несиесін уақытылы төлей алмай жүрген адамдарға көмектесіп, екі тараптың үстел басында сөйлесуіне дәнекерші болды. Құқық қорғау қызметкерлері қарапайым халықты әкімшілік және қылмыстық жазаға тартамыз деп қорқытқан жоқ. Наразылық акциясы жанжалсыз, тыныш өтті.
«Халық банкі» кеңсесінің алдында қозғалыстың мүшелері үндеу оқып, келіссөз жүргізу үшін ғимараттың ішіне кіріп кеткен соң, біз бірнеше адамды әңгімеге тарттық.
Алматыдағы «Құлагер» базарында сауда жасайтын Күлайхан Сарымсақова үйінен айырылатын болса, «Халық банкінің» алдына келіп, өз-өзін өртеп өлетіндігін жеткізді:
«Мен ай сайын банкке 2 мың доллар төлеймін, – деп жылап бастады әңгімесін Күлайхан Сарымсақова. «Несиемді уақытылы жаба алмай отырғаныма 6 айдан асты. Біздің отбасымызға банк қызметкерлерінен тыныштық жоқ, олар күндіз де, кешке де келіп, үйімізді тартып алатындығын айтады. Менің базардағы тауарым өтпей қалды. Халық сатып алмаса енді не істеймін? Жаңа ғана қозғалыстың басшылары «Халық Банкінен» 12 ай уақыт беруді талап етті. Ал 12 айдан соң қандай жағдай болатыны белгісіз, мұны ойлап жатқан бірде-бір адам жоқ. Одан да біздің үйімізді банктер тұрғын үй нарығындағы бүгінгі бағамен бағаласын. Себебі, 2007 жылдың басында 200 мың долларға бағаланған үйлер қазір 70 мың да тұрмайды».
Күлайхан Сарымсақова банк баспанасынан айыратын болса, өз-өзіне қол салатындығын айтты.
Наразылық акциясындағы тұрғындардң бірі Күлән Қанапияқызы барлығы жиналып жатыр деген соң, келе салдым, әйтпесе мен АТФ банкіне қарызбын дейді.
Элмира Ысқақова бастаған топ банк басшылығымен келіссөз жүргізу үшін кеңсенің ішіне кіріп кеткенде, сыртта борышкерлермен журналистер ғана қалды. Аталған банктің қауіпсіздік қызметкерлері ішке бірде-бір ақпарат құралының өкілін кіргізбеді. Олар мұның себебін бөлменің тар екендігімен түсіндірді.

Ал қозғалыстың мүшелерін қабылдаған «Халық Банкінің» Алматы облыстық филиалының директоры Әділхан Оңғарбаев үндеудегі талаптардың бірде-біреуін орындай алмайтындығын айтқан. Сондай-ақ, ол бұл мәселелерді тек банктің басқарма төрағасы Григорий Марченконың ғана шеше алатындығын түсіндірген. Және Әділхан Мұстахимұлы жүздеген адамның аманатын арқалап келгендерге алдағы апталардың бірінде басқарма төрағасымен кездесу ұйымдастыруға көместесетіндігі туралы уәде беріпті. Бұл туралы Элмира Ысқақова айтып берді.

Ал екі тараптың арасында болған әңгіменің бітуін бір жарым сағат далада күтіп тұрған борышкерлер, Элмира Ысқақованың барлықтарыңа рахмет, енді үйлеріңе қайтыңдар деген сөзінен соң, тарап кетті.
«Халық банкі» өкілдерінің бүгінгі наразылық акциясына байланысты пікірін білу үшін аталған банкке хабарласқанымызбен, жауап алу мүмкін болмады.

Наразылық жиыны туралы видеосюжетті қараңыз
XS
SM
MD
LG