Accessibility links

17 қазанда Астанада Сыртқы істер министрлерінің конференциясы аяқталды. Мұнда Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

Бұл жолғы конференцияның тақырыбы «Ортақ бейбітшілік: алуан түрлілік арқылы прогреске жету» деп аталды. Алпыстан астам ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналған бұл жиында Нұрсұлтан Назарбаев былай деді:
- Соңғы уақыттары бүгінгі халықаралық саясаттың көп жағдайда қорқыныш идеологиясымен сипаттала бастағанын көрмеуге болмайды. Тіпті кейбір қызу қанды азаматтар таяу уақыттағы әлемдік қақтығыстың көрінісі ретінде христиан мен исламды көрсеткісі келеді, орта ғасырдың кезіндегідей мұсылмандықты батыстық өркениетке қауіп туғызатындай, ал христиан әлемінің ислам елдеріне құлдықтың қамытын кигізетіндей идеяны адамдардың бойына сіңіргісі келеді.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңнің алғашқы күндерінен-ақ бейбітшілік пен халықтардың арасындағы сенімділікті күшейту үшін игілікті жұмыстарды атқарып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлеріне Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететінін, ал 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымы министрлер Конференциясында төрағалық ететінін ескертті.
Ислам және Батыс елдерінің мәжілісі осымен Астанада екінші рет өткізіліп отыр.Бұған дейінгі отырыстарда негізінен Ислам мәселелері қаралып келді. Ресейдің стратегиялық зерттеулер институтының директоры Кожокиннің айтуынша, баспасөз құралдары исламды «жақсы» және «жаман» деп екіге бөледі. Бұл диалогқа кесірін тигізеді,- дейді ол.
Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Нарочинская кейбір мемлекеттердің барлық әлемге бір үлгідегі құндылықтар жүйесін уағыздайтынын тілге тиек етті. Ал іс жүзінде бұл ескі ұлттық қызығушылықтарды бетперделеу дейді сарапшы.
Қазақстандағы қырғыз елшісі Рүстембековтың пікірінше, Батыс елдерінің демократияшылдығы Ресейде де байқалады.

- Әрине мұсылман елдері мен Батыстың қарама-қайшылығы бар,-дейді ол. Бірақ Батыс елдерінің сарапшылары бұл мәселеге қатысты пікірлерін білдірмеді. Қазір Европа мен Америкада 50 миллион мұсылман бар.
-Мұсылмандар әлем халқының 25 пайызын құрайды.Қазақстан тұрғындары мұсылмандары ең көп ел ретінде Исламдық мәжіліс ұйымының «Ислам әлемінің даму бағдарламасын» құптайды,- деді президент Назарбаев.

Ел тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда мың жарым мешіт, 170 шіркеу, 20 синагога салынды. Исламдық мәжіліс ұйымы құрамына 57 ел кіретін БҰҰ- нан кейінгі екінші үлкен ұйым –деді осы ұйымның Бас хатшысы Экмеледдин Ихсанулу.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG