Accessibility links

Шолпанның қырқы да өтті.., өлімге қатысты әлі ешкімге айып тағылған жоқ


Шолпанның сәбилері Ақерке, Нұрлыхан және кішкентай Әбдісәлім, Астана, 28 қараша, 2008 жыл.

Шолпанның сәбилері Ақерке, Нұрлыхан және кішкентай Әбдісәлім, Астана, 28 қараша, 2008 жыл.

Бүгін лифт шахтасында қаза болған актрисаның туыстары мен әріптестері марқұмды еске алды. Қазадан бері қырық күн өтсе де, құқық қорғау органдары мезгілсіз ажалдың себепкерлерін анықтаған жоқ.

Шолпанның сыныптас достары марқұмның оқушы кезіндегі жақсы қасиеттерін айта келіп, оның ұстанымы берік адам екенін еске алды. Ол ер балаларға : «Ұлдар, сендер ер адам емессіңдер ме, өз ұстанымдарыңды танытыңдар. Лайықты адам болыңдар» дейді екен.

Сахналас әріптестері де марқұмның театр қабырғасында бірге өткізген дайындықтарын тілге тиек етіп, оның образға кірген кезде мүлде басқа адамға айналып кететінін еске алды. Ол өз мамандығын өте-мөте сүйді.
Еске алуға жиналған әртістер оның 10 жыл бойы сахна төрінде қаншама көрерменнің жүрегінде жатталып қалғанын айтты. Әдетте, спектакль соңынан көрермендер оны жібергісі келмей, ұзақ қол соғып тұрып алатын.
Шолпанның қырқы өткен дәмхана. Астана, 28 қараша, 2008 жыл.


Шолпанды білетіндер оның күйеуі Исламға сабырлылық пен мықтылық тілеп, қалған үш баласын аман –есен өсіруін тіледі. Үлкен қызы Ақерке тоғызда, Нұрлыханы алтыда, ең кішкенесі Абдісәлім енді ғана екі жасқа толады. Туыстары бәрінен бұрын балаларға олардың мамалары енді қайтып келмейтінін айтып түсіндірудің қиындығын айтады. Кішкене балалар есік қоңырауы соғылған сайын үміттене жалт қарайды, оларға күлімсіреп мамасы кіріп келетіндей көрінеді.


Кішкене Әбдісәлім Шолпанның сіңлісі Айманның құшағына тығылып шешесінің иісін іздейтіндей. Оған мамасының еркелеткен мейірімді сөздері жетпей жүргені көрініп тұр.
Шолпанның күйеуі Ислам Зейнуллаев. Астана 28 қараша, 2008 жыл.


Шолпан Мұқышеваның күйеуі Ислам Зейнуллаев Азаттық радиосының тілшісіне қазаға байланысты тергеу ісінің аяқталмағанын айтты.

-Тергеушілер 3 қарашада қорытындысын шығаруы керек еді, бірақ әлі шешім болған жоқ. Сонымен бірге, біз Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен жауап алдық. Олар мынандай шешім шығарыпты: «Шолпан «Астаналифт» компаниясымен еңбек келісімін жасамағандықтан, бұл компания барлық жауапкершіліктен құтылады».Сонда біреудің үйіне қонаққа бару үшін сол үйдің лифтісіне қызмет ететін ұйыммен шарт жасасу керек пе? Бұл масқаралық қой?

Әрине, біз Еңбек министрлігінің қорытындысымен келіспейміз. Қазіргі кезде Ішкі істер департаментінің тергеу қорытындысын күтіп отырмыз, олар менің жұбайымның өліміне кінәлі лифт компаниясы ма, әлде құрылысшылар ма, соны анықтап беруге тиісті.

Шолпанның әріптестері қайғылы қазаға айдан астам уақыт өтсе де, өлімге себепкер болғандарға қатысты ешқандай шешім болмағанына таң қалады. Шолпанмен бірге жұмыстас болған телекомпанияның журналисі Азаттық радиосының тілшісіне былай деді:

-Осындай жағдай жақында Алматыда да болды. Сегіз жасар бала канализация коллекторының арығына құлап, топырақтың астында қалып, қаза тапты. Бала өлгеннен кейін, тура Шолпанмен болған оқиғадағыдай, құрылыс компаниясы алаңды қоршап қойды. Жауапсыз құрылысшылар ешнәрседен сабақ алатын емес, олар бірнәрсені түсіну үшін, немесе қоршау жасау үшін кемінде біреу өлу керек сияқты.
Онда келесі күні прокуратура өзінің шешімін шығарып, Қазақстан қылмыстық істер Кодексінің 245 бабы, 2 бөлімі бойынша—құрылыс жұмыстары кезінде байқаусызда кісі өліміне апарып соққан жауапсыздығы үшін қылмыстық іс қозғады.
Меніңше, Шолпанның өлімі де үй тұрғызушы құрылысшылардың қауіпсіздік шараларын бұзғандығынан болды. Лифт шахтасы қоршалмай ашық қалды. Бірақ, кінәлілер әлі де жазасын алған жоқ.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG