Accessibility links

Есентай Байсақов Костановтың жесірін Грекия сотына бермeкші


Азаттық радиосына берген сұхбатында Есентай Байсақов Қазақстан үкіметі тарабынан тағылған айыпты жоққа шығарды. Ол Манана Қостанованы сотқа беретінін айтты.

МАНАНА ҚОСТАНОВА КЕШЕ АЙЫП АЙТСА, ЕРТЕҢ ӨЗІ ЖАУАП БЕРУІ МҮМКІН

Оппозиция жетекшілеріне қарсы İшкі істер министрлігі қозғаған істің төңірегінде осы аптада сонау Грекияда жүрген тағы бір тұлға пайда болған еді. Бұл жолы Байсақовты “жасырды” деген оппозицияға қарсы айыпты “Химпродукт” компаниясы директорының жесірі Манана Костанова қолдап шықты. Радиомызға Украинадан телефон арқылы хабарласқан Есентай Байсақов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Есентай Байсақов сөзіне дәлел ретінде редакциямызға бірнеше ресми құжат жолдап отыр.

Бәрін де басынан бастасақ.... 2001 жылдың 18 маусымында Павлодар қаласында Борис Костанов деген ортанқол кәсіпкер кісі қолынан қаза тапты. Арада 3 апта өткенде Қазақстанның құқық сақшылары Максим Лысых деген Ресей азаматына Есентай Байсақовтың тапсырысымен Б.Костановты атып өлтірді деген ресми айып тақты.

Қазақстандық әріптестері жіберген материалдар бойынша Томск облысының прокуратурасы 2002 жылдың 23 тамызында қылмыстық іс қозғап, М.Лысыхқа кісі өлтірді, заңсыз қару сақтады деген айыптар тағып, 31 тамыз күні оны тұтқынға алды.

Томск облыстық соты 2003 жылдың 30 қыркүйегінде Б.Костановтың өлтірілу ісі бойынша Максим Лысыхты... кінәсі жоқ деп тауып және осы қылмысты ол істемеген деп, толығымен ақтады. Сондай-ақ ол заңсыз қару сатып алды, “ПМ” маркалы тапаншасы мен оның оқтарын заңсыз ұстап, сақтады деген айыптар бойынша да айыпсыз деп танылып, қылмыстық оқиғаға қатысының болмауына байланысты ақталып, сот залында босатылды.

Ресейдің Жоғарғы Сотының қылмыстық істер бойынша Алқасының 2004 жылғы 22 қаңтарда қабылдаған кассациялық анықтамасында Максим Лысыхты айыпсыз деп толық ақтаған Томск облыстық сотының шешімін заңды деп мойындап, оны өзгеріссіз қалдырды. Ендігі жерде бұл іске соңғы нүктесі қойылуы тиіс еді.

Өйткені, “Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қарым-қатынастар туралы” 1993 жылдың қаңтарындағы Конвенцияның 75- бабына сәйкес, (ал Қазақстан ол құжатқа қол қойып бекіткен) егер 72- бап бойынша Келісуші жаққа қылмыстық істі тергеу туралы тапсырыс жіберілген сәтке дейін, ол жақта тапсырыс жіберілген іс бойынша басқа шешім қабылданып қойған болса және ол шешім күшіне еніп үлгерген болса, мысалға Томск облыстық сотының шешімі сияқты, онда тапсырыс берген Келісуші жақ, мысалға Қазақстан жағы, қылмыстық істі қозғай алмайды, ал қозғалған істі жабуы тиіс.

Міне осы бап тұрғысынан келгенде Қазақстанның құқық мекемелері Максим Лысыхты және онымен бірге Есентай Байсақовты, Асанәлі Жекебаев пен Асқар Дүйсембаевты айыптайтын қылмыстық істі жылы жауып қоюға тиісті болатын.

Біздің редакциямызда 2 өтініш хаттың көшірмесі бар – бірі 2004 жылдың 3 наурызында Павлодар облысының прокуроры М.Ахметжановқа Максим Лысыхты тұтқындауға берген санкциясын бұзуды сұраған өтініш, оған адам құқы және заңдылықтардың орындалуы бойынша Қазақстанның халықаралық бюросының Павлодар облыстық бөлімінің директоры Ю.Степанова қол қойған; екіншісі – тағы да сол Лысыхқа қарсы қылмыстық істі тоқтату туралы Қазақстанның Бас прокуроры Рәшид Түсіпбековке оның адвокаты Сәлімжан Мусиннің жазған өтініші. Адвокатқа 2007 жылдың 28 қазанында ордер берілгенін ескерсек, өтініш те 2007 жылдың соңында жіберілгенге ұқсайды.

Алайда, оқырманның өзі де аңғарып отырғандай, Қазақстанның Конвенциялар бойынша міндеттемелері және олар бойынша қабылданған ішкі заңдары өрескел бұзылып, екі өтініш те қанағаттандырылмай қалды. Оның орнына Қазақстанда осы қылмыстық іске қатысы бар өзге тұлғалардың төңірегінде тіпті қарама-қайшы оқиғалар өрбіді және ол жалғасып келеді.

Оның ең басты себебі – ағайынды Есентай және Жұмабай Байсақовтардың Ғалымжан Жақиянов тұтқынға алынғаннан кейін жасаған қимыл-әрекеттері болуы әбден мүмкін. Ағайындылар өздерінің “Ирбис” телеарнасынан адам құқын қорғаушыларға сөз берді. Бұрынғы әкімнің үстінен басталған сот мәжілісін эфирден көрсетті. “Ирбис” тілшілері оппозиция қайраткерін дереу босатуды талап еткен қоғам өкілдеріне сөз берді.

Міне осы әрекеттерінен кейін ағайынды Байсақовтар республиканың құқық қорғау жүйесінің қуғын-қыспағына тап болып, олар өздерінің бүкіл бизнесін тастап, елден қашуға мәжбүр болды.

БАЙСАҚОВ ІСТІҢ ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАНЫН КӨРСЕТІП ОТЫР

Дәлелді болуы үшін осы қылмыстық істің материалдарынан бірнеше үзінді келтірейік. Өзінің 2001 жылдың 3 қазанында жолдаған хатында Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары Г.Ищанов “қылмыстық істегі процессуалдық заңдылықтың көп жерде өрескел бұзылғанына ... назарын аударады”

ІІМ-нің шұғыл-тергеу тобының жетекшісі, подполковник И.Тынышбаевқа 2001 жылдың 3 қазанында берген нұсқауында Павлодар облыстық прокуратурасы басқармасының бастығы М.Хамитов “А.Жекебаевтың кінәсі дәлелденбеген, ол қамауда заңсыз отыр, қамауда ұстау шарасын дереу тоқтату мәселесін шешу керек” деп есептейтінін жазады

Осы жерде ерекше ескерте кету керек: қылмыстық істегі А.Жекебаев деген азамат Есентай Байсақовтың немере інісі.

Алайда ендігі жерде бұл іске Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура сияқты “ауыр артиллерия” кірісті. Мысалға, Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменовтің 2002 жылдың 7 қазанында республиканың Бас прокуроры Рәшид Түсіпбековке жазған хатынан үзінді: “Павлодар облыстық прокуратурасы басқармасының бастығы М. Хамитов А.Жекебаевтың кінәсі дәлелденбегенін, оның қамауда отырғанын нұсқап көрсетті. Қылмыс Ғ.Жақияновтың жақын маңайындағылардың тапсырысы бойынша істелді және қоғамның үлкен резонанс туғызды, тергеу барысы Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілігі бақылауында. Қадағалауды Бас прокуратураға беруді өтінемін".

Бас прокуратураның бастапқы тергеу мен тексеру барысындағы заңдылықты қадағалау Департаментінің бастығы М.Ахметжанов 2002 жылдың 15 қазанында жолдаған хатында былай деп атап көрсетті: “Бас прокуратура анықтағандай, тергеу А.Жекебаевтың кінәсіне дәлел таба алмады, оған С.Елубаевтың куәгерлігі негізінде тағылған айыптар ешқандай дерекпен расталмаған. Осы нұсқаудың орындалғаны туралы ақпаратты 2002 жылдың 18 қазанына дейін беру керек”.

Осы жерде аса маңызды 2 нәрсеге назар аударған дұрыс: біріншіден, көшірмелері Азаттық радиосының редакциясында бар құжаттарға қарағанда, шұғыл-тергеу тобының алдына қайткен күнде де Жекебаевты кінәлі деп табу және сол арқылы оның ағасы – Есентай Байсақовты қамауға алу міндеті қойылса керек, оны төменде келтірілетін құжаттар растайды; екіншіден – тергеу тобы С.Елубаев деген адамның куәгерлігін пайдаланғысы келеді.

Ал енді тағы да назар аударыңыздар – ол 2001 жылдың 1 наурызында-ақ Семей қалалық сотының шешімімен кісі өлтіргені үшін 9.5 жылға сотталып үргерген.

Бірақ тергеудің осындай жолмен “тапқан дәлелдеріне” қарамастан, Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары Г.Ищанов 2002 жылдың 4 қарашасында қабылдаған қарарымен Е.Байсақовты тұтқындауға рұқсат бермеді: “Қылмыстық істің жиналған материалдарымен таныса келе, Е.Байсақовты тұтқындауға санкция беру үшін оның кінәсін растайтын дәлел-дерек пен жеткілікті негізді дәл қазір көрмей отырмын”.

Оның ізінше Бас прокурордың міндетін атқарушы Асхат Дауылбаевтың атына 2002 жылдың 6 қарашасында бірінші ішкі істер вице-министрі В.Симачевтің қолы қойылған хат келіп түсті. Облыс прокурорының “бірінші орынбасарын” жай “орынбасар” деп көрсетуінен-ақ автордың қыжылы анық байқалатын хатта мынадай жолдар бар: “2004 жылдың 4 қарашасында Павлодар облысы прокурорының орынбасары Г.Ищанов Е.Байсақовты тұтқындауға нұсқау бермеді. Бостандықта жүрген ол осы қылмыстық істің тергелуіне қатты бөгет жасайды. Сізден айыпталушы Е.Байсақовты тұтқындау шарасын қабылдау мәселесін қарастыруды өтінемін”.

Вице-министрдің осы хаты Бас прокурордың міндетін атқарушы Асхат Дауылбаевқа әсер етсе керек, хатты алған күні-ақ ол Павлодар облысының прокуроры Ж.Асановқа “айыпталушы Е.Байсақовты тұтқындау туралы мәселені турасынан өзің шеш” деген тікелей нұсқау беріп, “нәтижесі еске салмай-ақ хабарлансын” деп қатаң ескертеді”. Павлодар обласының прокуроры Ж.Асанов Е.Байсақовты тұтқындауға 3 күннен кейін – 9 қарашада нұсқау берді.

Одан кейін Ішкі істер министрлігінің қылмыстық полициясы департаментіне қарасты ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресетін республикалық Орталық басқармасы бастығының орынбасары, майор Г.Машанло Шығыс Қазақстан облыстық басқармасының бастығы полковник Б.Қазанғаповқа және осы басқарманың аға тергеушісі, майор К.Наурызбаевқа жеке-жеке тапсырма берді. 2002 жылдың 19 қарашасында берілген 2 тапсырма ағайынды Байсақовтарға қарсы қозғалған қылмыстық істің шынайы астары мен жай-жапсарын ашып береді.

Мысалға, полковник Қазанғаповқа жүктелген тапсырманың 5- тарауында былай делінеді: “5. Ағайынды Байсақовтар мен Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғ.Жақияновтың қандай алыс-берісі болғанын анықтау”.

Майор Г.С.Машанлоның майор К.Наурызбаевқа артқан жеке тапсырмасы 6 тараудан тұрады, ең қызық деген соңғы 3- тарауы мынадай: “4. Ағайынды Байсақовтар мен Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғ.Жақияновтың қандай алыс-берісі болғанын анықтау; 5. “ПХЗ” ААҚ-ның мемлекеттік акцияларын мемлекеттік мүлік бойынша Республикалық комитеттен Павлодар облысының әкімдігіне кімнің қайтарғанын анықтау; 6. Облыс әкімі “ХимИнвест ЛТД” ЖШС-нің мүддесін қоғады ма?”.

Бұл жерде мына нәрсеге назар аудару керек: “Павлодардың химия зауыты” ААҚ-ның мемлекеттік акцияларын Павлодар облысы әкімдігіне қайтару мәселесі” Ғалымжан Жақияновтың атышулы ісінде де болып, оған әкім болған кезінде “билігін асыра пайдаланды” деген айып болып тағылды.

УКРАИНА ҚАЗАҚСТАН ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ТАЛАБЫН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗАҢҒА ҚАЙШЫ ДЕП ТАПТЫ

Алайда, дәлелдердің аздығына, дәлірек айтсақ – жоқтығына қарамастан, ағайынды Байсақовтардың ісінде Б.Костановты тапсырыс бойынша кісі өлтіруші ретіндегі ең маңызды айыпталушы Максим Лысыхты Томск облыстық сотының толық ақтауына және 1993 жылдың қаңтарындағы Халықаралық Конвенцияның 72- бабының күшіне енуіне қарамастан, Қазақстанның құқық қорғау жүйесі ол істі жапқан жоқ, керісінше ол іс бойынша 2 адамды қатаң жазаға кесті. Ол аздай, қалған айыпталушыларды Украина жағынан ұстап беруді талап етіп келді және талап етуде.

Павлодар областық сотының 2003 жылдың 21 сәуіріндегі шешімімен Жекебаев Асанәлі барлық айып бойынша кінәлі деп танылып, 11 жыл мерзімге түрмеге кесілді. Оған бандыға қатысты, Лысыхпен, Дүйсембаевпен және Байсақовпен бірге Костановты өлтіруге атсалысты, сондай-ақ кісі өлтіруді орындаған М.Лысыхқа қару берді деген айыптар тағылды. Ал М.Лысыхты Ресей сотының толық ақтағаны мәлім.

2003 жылдың 24 маусымында Қазақстан Жоғарғы сотының қылмыстық істер бойынша Алқасы Павлодар облыстық сотының шешімін өз күшінде қалдырды. Тек Жекебаев жазасын қатаң колонияда өтеп жүріп, мүгедектік алуына байланысты ғана бостандыққа шығарылды.

Араға 2 күн салып, 2003 жылдың 23 сәуірінде тағы да Павлодар облыстық соты Асқар Дүйсембаевты жоғарыда келтірілген айыптар бойынша кінәсі дәлелденбеді деп ақтап шықса, 2004 жылдың 6 шілдесінде Жоғарғы соттың қылмыстық істер бойынша Алқасы соттың шешімін күшінде қалдырды.

Бірақ олар да жазалау жүйесін тоқтата алмады – облыстық соттың ақтайтын шешімі мен Жоғарғы сот Алқасының қаулысын 2005 жылдың 28 қаңтарында осы Жоғарғы соттың қадағалаушы Алқасы бұзды. Сөйтіп 2008 жылдың 28 тамызында көру қабілеті нашар, көзі жартылай ғана көретін Асқар Дүйсебаев 10 жарым жылға кесілді, қазір жазасын түрмеде өтеуде.

Азаттық радиосының редакциясында Қазақстан мен Украина Бас прокуратураларының өзара алмасқан хаттарының, сондай-ақ Украина прокуратурасының сұрауына осы елдің ұлттар мен дін істері бойынша Мемлекетік комитетінің жауап берген хатының көшірмелері бар.

Украина Бас прокуратурасының қазақ әріптестеріне жіберген жауабынан көзге ерекше түсетіні – оларға Рәшид Түсіпбековтің бірден екі орынбасары Мерей Уайсов пен Ильяс Бақтыбаевтың сауал жолдауы. Бұл айрықша оқиғаның бар жұмбағы мынада болса керек: бірінші сауал жолданып, оған жауап келіп үлгерген уақыттың ішінде Мерей Уайсовты Бас прокурордың орынбасары лауазымында Ильяс Бақтыбаев алмастырып үлгерген.

Есентай Байсақовты ұстап беруді өтінген 2 сауалдың ешқайсысында да Бас прокурордың не алдыңғы, не кейінгі орынбасары 1993 жылдың қаңтарындағы белгілі Конвенцияның бірқатар бабын арқау етеді де, ал Томск облыстық сотының шешімі мен Максим Лысыхты толық ақтаған ол шешімнің заңдылығын растаған Ресейдің Жоғарғы Соты Алқасының қаулысын тіпті атап көрсетпейді де.

Өйткені, Томск облыстық сотының шешімі мен “Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қарым-қатынастар туралы” 1993 жылдың 22 қаңтарындағы Конвенцияға қол қойған Ресей Жоғарғы сотының қаулысын келтірген күнде, Конвенцияның 75- бабына сәйкес, ағайынды Байсақовтарды ұстап беру мәселесін көтеруге болмайтынын Қазақстанның Бас прокуратурасы жақсы білді.

Соған қарамастан, Украина жағы Ресей сотының шешімдерін назарынан шығармай, бір жағынан ұлттық заңнамалардың, екінші жағынан – халықаралық конвенциялардың нормаларын басшылыққа ала отырып, ағайынды Есентай және Жұмабай Байсақовтарға саяси босқын мәртебесін беру және олардың құқын қорғау туралы шешім қабылдады. Осылайша Украина үкіметі, өзге елдің азаматтары болуына қарамастан, адам құқына құрметпен және бірінші кезектегі міндет ретінде қараудың жарқын үлгісін көрсетті.




XS
SM
MD
LG