Accessibility links

Қорғаныс министрлігі қайырымдылыққа зәру ме?


Баспанасыз әскерилер қайырылымдық акциясынан түскен ақшаны санады.
Баспанасыз әскерилер қайырылымдық акциясынан түскен ақшаны санады.

«Баспанасыз әскерилер кеңесінің» белді мүшесі Дәулет Жұмабеков қарапайым халықтан жиналған 4 мың 37 теңгені Қорғаныс министрлігіне жолдады.

Запастағы офицер Жұмабеков 7-ші қазан күні «министрлікке көмек» деп аталатын акцияның арқасында азын-аулақ ақшаның жиналғандығын айтты. Сонымен қатар, ол қайырымдылық шараның Алматыдағы «барахолкада» да бірнеше күн жалғасқанын жеткізді. Жұмабековтың айтуынша, ақша жинауға арнайы жасалған «құстың ұясын» толтыруға жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттерден бастап, зейнеткерлерге дейін өз үлесін қосқан.
Ал бүгін запастағы офицерлер «құстың ұясын» журналистердің көзінше ашып, жиналған ақшаны санады. Сөйтіп, министрлікке көмектесуге ниет білдірген алматылықтардың ақшасын «Қазпошта» арқылы Даниял Ахметов басқарып отырған мекемеге жолдады. Дегенмен, ақша аударудың өзі де оңай болған жоқ. Неге десеңіз, Дәулет Жұмабеков кассаның алдына келіп, арнайы квитанцияны толтырып жатқан уақытында, аталған мекеменің қауіпсіздік қызметкерлері ең алдымен журналистерден ғимараттан шығуды талап етті, одан соң, запастағы офицерлердің өзіне қоққан-лоққы көрсетті. Соған қарамастан, 20 жылға жуық уақыт қорғаныс саласында қызмет еткен бұрынғы әскерилер өз мақсаттарына жетті. Сөйтіп, олар журналистерге «Қазпошта» ғимаратының алдында министрлікке аударған 4 мың 37 теңгенің түбіртегін көрсетті.
Дәулет Жұмабеков Қорғаныс министрлігінің мекен-жайын жазуда.
Азаттық тілшісі запастағы подполковник Дәулет Жұмабековке халықаралық және қазақстандық сарапшылардың жыл сайын жүргізетін зерттеулерінің нәтижесі көрсетіп отырғандай, Қазақстан әлемдегі жемқорлығы белең алған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі, сіздің аударған қаражатыңызды Қорғаныс министрлігінде қызмет ететін жоғары лауазымды шенеуніктердің бірі болмаса, бірі пайдаланып кетеді деп қорықпайсыз ба деген сұрақ қойды.
Бұл сауалға оның жауабы төмендегідей болды:
«Жалпы, менің Даниял Ахметовке жеке басымның араздығы жоқ. Сондай-ақ, ол кісі жаңа ғана біз аударған 4 мың 37 теңгені қалтасына салып алады деп ойламаймын. Ол қанша дегенмен министр ғой. Дегенмен, біздің басшылардан кез келген нәрсені күтуге болады. Өйткені, осылайша қаңғырып, баспанасыз жүруіміздің басты себебі де Қорғаныс министрлігінің басшылығында отырған шенеуніктердің дұрыс жұмыс істеуге ақылдарының жетпеуінің салдары деп білемін».
«Баспанасыз әскерилер" кеңесінің» мүшелері Жоғарғы сот Қорғаныс министрлігінің үстінен жазған арызды қабылдамағанын айтты. Ал еуропалық сотқа шағымданудың мүмкіндігі жоқ екенін жеткізді. Олардың айтқандарына сүйенетін болсақ, Қазақстан басшылығы кейбір халықаралық құқықтық құжаттарға қол қоймаған екен. Сондай-ақ, аталған кеңестің мүшелері «Қазпошта» ғимаратының алдында Қорғаныс министрі Даниял Ахметов пен Бас прокурор Асқар Мамидің атына арнап, үндеу оқыды.
Олар соңғысына Қорғаныс министрлігінің сот шешімдерін орындамай отырғанын және көптеген зейнеткер әскерилердің үйсіз-күйсіз жүргенін айтты. Ал министр Даниял Ахметовке «дәл қазіргі уақытта зейнет жасындағы әскерилерді баспанамен қамтамасыз ететін ақша табылмай жатса, біздің тәжірибемізге сүйеніңіз» деген ұсыныс жасады.
Дәулет Жұмабеков сөзінің соңында халықтың қайырылымдығына арқа сүйеп, күніне 4 мың теңгеден ақша табатын болсам, Қорғаныс министрлігінің төлеп отырған зейнетақысынан бірнеше есе артық болатындығын жеткізді.
"Қазпоштаның"қауіпсіздік қызметкерлері журналистерді ғана емес, баспанасыз әскерилерді де ғимараттың ішінен қуды.
7-ші қазан күні «Баспанасыз әскерилер" кеңесінің» мүшелері «Сарыарқа» кинотеатрының маңында қарапайым халықтан Қорғаныс министрлігіне көмектесулерін өтінген болатын. Өлең айтып, би билеп тұрған бұрынғы әскерилерге қайырылымдық ретінде ақша тастағандар да аз болған жоқ. Тіпті, сол күні қоғамдық тәртіптің бұзылмауын қадағалауға келген полицейлер де Қорғаныс министрлігіне көмектесуден бас тартпады.
Сонымен, бүгін «Қазпошта» арқылы аударылған ақша Қорғаныс министрлігінің бюджетіне шамамен 6-7 күннің ішінде түседі екен.
- Бір өкініштісі, халықтың қайырылымдығымен жиналған ақшаны Қорғаныс министрлігінің қалай және қандай мақсаттарға жұмсайтындығын қадағалай алмаймыз - деді олар.
XS
SM
MD
LG