Accessibility links

Дағдарысты ауыздықтау: экс премьер Әкежан Қажыгелдин өз «рецептін» ұсынады


Әкежан Қажыгелдин, қазақстандық оппозицияның қуғындағы жетекшілерінің бірі. 2008 ж.

Әкежан Қажыгелдин, қазақстандық оппозицияның қуғындағы жетекшілерінің бірі. 2008 ж.

Қазақстан үкіметі «2009-2011 жылдарға арналған қаржы секторы мен экономиканы тұрақтандыру жөніндегі іс шаралар жоспарын» қабылдады. Ал Қажыгелдин дағдарыстан шығудың өзіндік тәсілін ұсынып, «Самұрық-Қазына» қорына қордаланған сұрақтарын қояды.


«ҮШЖЫЛДЫҚ БЮДЖЕТ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ»

Қазақстанның экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов республика келесі жылдан бастап алғаш рет үш жылдық бюджетке көшетінін мәлімдеді Сонымен бірге, 26 қарашада ел парламентінің төменгі палатасы жаңа Бюджет пен Салық кодекстерін мақұлдады. Үкімет жаңа кодекстердің қаржы игерілуінің жай түріне емес, нақты нәтижеге бағытталған түріне сүйене отырып, бюджетпен қамтамасыз етуге қол жеткізетінін айтуда.

2009-2011 жылдарға арналған республиканың алғашқы үш жылдық бюджетінің жобасы әлі де қаралып, парламентте бекітілуі керек. Бірақ, «Нұр Отан» партиясы активистерімен кездесуде сөйлеген сөзінде премьер-министр Кәрім Мәсімов үкіметтің жобаны қайта қарап, оның негізгі параметрлеріне түзетулер енгізгенін мойындады.

Кәрім Мәсімовтың айтуынша, мұнайдың әлемдік бағасы әуелде қарастырылған 60 доллардан 40 долларға түсуіне байланысты 2009 жылғы бюджет кірісі қысқартылды. Осыған байланысты біраз шығындар азайтылды, кейбір бағдарламалардың қаржыландырылуы кейінге қалдырылды.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин бұдан бұрын Азаттық радиосына берген сұхбатында әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында үшжылдық бюджетті қабылдау барысында жобаға «шексіз түзетулер» енгізуге тура келетінін айтқан еді.
Атап айтқанда ол Азаттық радиосына берген сұхбатында:

«Менің ойымша, үшжылдық бюджет дегеніңіз «осындай бюджет жасауға болады» дегендей оны үлгі ретінде алып қарап, сосын уақытша ұмыта тұруға арналған жоба. Себебі, дәл қазіргі жағдайда үш жылдық бюджетті жасай алмаймыз», - деп мәлімдеген болатын.

Мысалы, айталық, біз 2009 жылы 1 қаңтарда мұнайдың бағасы қандай болатынын білмейміз.Сонымен бірге қара және түсті металдың нарықтағы бағасының қалай өзгеретінін де білмейміз. Қарағанды металлургия комбинатында («Арселор Миттал Теміртау» компаниясы, Азаттық) қазіргі уақытта 5 мыңдай адам шектеусіз мерзімге демалысқа жіберілген. Ферросплав саласындағы өндіріс деңгейі де төмен. Әлемде түсті металдар бағасы түсіп келеді.

Ұлттық бюджеттің негізін құрайтын ел экономикасының осы саласына енді бұрынғыдай қаржы түсуі мүмкін емес.Ал біздің еліміз бюджетке тікелей тәуелді, себебі елдің екіден үш бөлігі бюджет қаржысымен өмір сүреді. Бірі - мемлекет тапсырысымен құрылыс салса, енді бірі - қызмет көрсету саласында сондай мемлекет тапсырмасын алады, үшіншілері- зейнеткерлер болса, төртіншілері - мемлекет қазынасынан мемлекеттік шәкіртақы алып отырған студенттер, бесіншілері - мемлекеттік қызметкерлер, алайда,мемлекеттік шенеуніктердің көлеңкелі пайда көздері - жемқорлық жолымен табатын табыстары бар екені жасырын емес болса да, олардың негізгі ресми табыс көздері бюджет болып табылады.

Қазір бірінші кезекте не істеу керек еді? Біріншіден, ел бюджеті мен экономикасына түсіп жатқан әрбір теңгені қатаң бақылауға алып, сонымен бірге, бюджеттен жұмсалған әр теңгені бақылауда ұстау керек. Енді қолға алып жатқан құрылыстарды, егер оның әлеуметтік-экономикалық аса қатты маңызы болмаса тоқтату керек. Бізді қолдағы ақшаның тапшылығы күтіп тұр.

Бізге шетелден көмір, мазут және газ, электр энергиясын сатып алу керектігін ойлануымызға тура келеді. Себебі, өткен 10 жылдың ішінде ешкімге мұқтаж болмайтындай қор түзу шараларын жасамадық. Осындай шығындар еліміз бойынша көп болады. Оның үстіне, бүгінгі күн дәрежесінде беріліп отырған әлеуметтік төлемдерге ақша қалдыру керек. Денсаулық сақтау мен білім беру саласын қазіргі деңгейінен төмендетіп алмау керек. Қарулы күштер мен қоғамдағы тәртіпті сақтау жағын да қамтамасыз ету керек.

Бір сөзбен айтқанда, барлық мемлекеттік институттар бұрынғыдай жұмысын жүргізіп тұруы керек. Ол үшін ақшаны оңды-солды шаша бермей, қатаң үнемдеуге көшкен жөн. Бұл орайда «алдыңғы қатарлы ұлттық жобалар» деп аталатын саясатты түбірімен қайта қарау керектігі өзінен - өзі түсінікті

Қазір қомақты қаржыларды әлдебір жобаларға шашатын уақыт емес, керісінше, бәрін қайта есептеп шығатын дәуір туды. Осының бәрін тізе келіп, менің айтайын дегенім, үшжылдық бюджет орындалмайды. Уақыты келген жоқ. Оған қайта – қайта үзіліссіз өзгерту енгізе беретін болады.

ҚАЖЫГЕЛДИН «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» ҚОРЫНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫНА КҮМӘН КЕЛТİРЕДİ

Қазақстан Үкіметі 25 қарашада «2009-2010 жылдары қаржы секторы мен экономиканы тұрақтандыруға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын" қабылдап, кейбір қазақстандық тәуелсіз басылымдар «мегахолдинг» деп айдар тағып үлгерген «Самұрық-Қазына» оның жүзеге асырушы негізгі операторы болып белгіленді.

Жоба бағытының бірі — қаржы секторын тұрақтандыру, атап айтқанда, банк секторының қаржылық жағдайын жақсарту. Осы мақсатқа «Самұрық-Қазына» 4 миллиард доллар қаржыны тікелей құймақшы. «Самұрық-Қазына» еліміздегі жүйе құраушы 4 банктің жай акцияларының 25 пайызын 1 миллиард долларға сатып алмақшы, сондай-ақ, банктерге субординациялық қарыз және артықшылыққа ие ерекше акциялар арқылы 3 миллиард доллар қаржы бермек. Қор сонымен бірге екінші дәрежелі банктердің сыртқы қарыздарын жою шараларын жүзеге асырмақ

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин үкіметтің жүйелеуші банктерге қаржылық көмек көрсетуін қолдап отыр. Бірақ экс-премьердің «Самұрық -Қазына» қорының іс-әрекеті мен елдегі осындай құрылымдардың жұмысына қатысты сұрақтары көп.
Әкежан Қажыгелдин Азаттық радиосына: «Үкімет екінші деңгейлі банктерді сауықтыру үшін қаржылық көмек көрсетсе, онда бұл банктердің меншігі туралы мәселені де әділетті шешу керек. Жайдан жай капиталдандырып, екінші деңгейлі банктердің меншіктік құрылымдарына қол тигізбеу деген әділетті емес», — деді.

Сондықтан қаржылық көмекке айырбас ретінде мемлекет екінші деңгейлі банктердің акция пакеттерінің белгілі бөлігін өз қолына алуы керек. Сауықтыру шаралары аяқталған соң ол акцияларды меншік иесіне немесе саудаға шығарып кез келген адамға сатып, қазынаның жұмсаған ақшасын қайтаруға шешім шығарады. Банктерді қолдау үкіметтің бастамасы болғанымен, ақша президенттікі немесе үкіметтікі емес, ақша халықтікі, сондықтан ол қайтарылуы тиіс. Бұл - бір.

Екіншіден, мен жүйелеуші банктердің тізімімен мүлдем келіспеймін. Қазақстандағы жүйелеуші банктің Халық банкі екеніне дау жоқ, кезінде Казкоммерцбанктің де жүйелеуші банк болғанымен де ешкім таласпайды. Бірақ мен Ресей мен Грузияға капитал экспорттау туралы көп әңгіме болғанына байланысты ТұранӘлемБанкінің кредиттік портфелінің құрылымы туралы сұрақ қойғым келеді. Егер бұл банктің қаржысы Ресей мен Грузияның экономикалық кеңістігінде «жоғалған» болса, онда неге бұл банкке қазақстандық салық төлеушілер көмектесуге тиіс?

Ал егер олай болмаса, онда көмектесу керек. Ал қаржылық көмектің өтемі ретінде меншікті иелену өте дұрыс ұстаным. Мұны жартылай немесе толықтай ұлттандыру дей беріңіз, маңыздысы бұл емес.

Сонда не маңызды? Бұл жерде директорлар кеңесін бақылау, банктегі ақша ағынын жіті қадағалау, баланстың екі жағын өте мұқият үйрену және іс жүзінде болып жатқанның бәрін біліп отыру маңызды, бұл өте маңызды шаралар. Және әр банкте жеке топ болуы тиіс.Сондай-ақ мұның бәрі қайдағы бір «Самұрық -Қазынаның» емес, Қазақстан қазынашылығының бақылауында болуы тиіс.
Мен Үкіметтің «Самұрық -Қазына» қорын құрып, барлық мемлекеттік активтерді бір кәрзеңкеден осы медиахолдинг арқылы басқарып отырғысы келетінін айта аламын.

Осыған байланысты мемлекеттік меншіктің құрылымы, көлемі, сапасы қандай деген сұрақ туындайды. Және мемлекеттік меншіктің «Самұрық -Қазынаның» тарапынан басқарылуының сапасы қандай, мәселе оның атында емес, тіпті ол ертең «Сахара-Петролеум» аталып кетсе де?! Олардың мемлекеттік меншікті тиімді басқарғанын білу үшін халық қордың есебін көзімен көруі тиіс, әйтпесе бұл тиімді басқарудан мемлекеттің не ұтқанын қалай бағалаймыз?

Содан кейін біздің бәріміз — қазақстандықтар үшін бір басты сұрақ бар. Қазір сонда («Самұрық-Қазына», Азаттық) жұмыс істейтіндер қанша ақша алады екен? Егер бұл мемлекеттік қызмет болса, онда холдинг неге коммерциялық негізге қойылған? Егер бұл коммерциялық ұйым болса, онда неге «Самұрық -Қазына» мен басқарушы компаниялар арасында басқару нысаны туралы келісім жоқ? Олар қанша пайда табуы мүмкін, бонусқа не алады, қалай есептеседі және кеңсені жалдау мен көлік алуға ақшаны қайдан алады дегендей сұрақтар туады.

Біз осы сауалдарымызға жауап алмайынша, «Самұрық-Қазына» деген «алпауыттың» іс-әрекетін бағалай алмаймыз. Сондықтан мен мұндай мегақорлар мен мегахолдингтердің құрылымдарымен таныс еместігімді айтқым келеді, бірақ олардың қандай жолмен және не үшін құрылып жатқандығын жақсы түсінемін. Бұл жерде бәрі таза емес-ау деп қорқамын.

Менің ойымша, ондағы адамдар өздері туралы мәліметтерді жария ететін кез келді. Өйткені өмір деген өзгермелі, бірде шыңға шығарса, енді бірде құзға құлатады, яғни мәңгілік ештеңе жоқ.

Ал бұл аралықта, 25 қараша күнгі үкімет отырысында Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Әнуар Сәйденовтің айтуынша, «қаржылық есептердің операциясы бойынша, 2007 жылдың екінші жартысынан бергі капитал шығыны сырттан келетін қаржыдан басым түскен. 2008 жылдың 9 айында таза шығын 4,8 миллиард болған».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG