Accessibility links

Ермек Нарымбаев түрмеде аштық жариялап жатыр


Ермек Нарымбаев, «Арман» қозғалысының жетекшісі. Алматы, 30 қаңтар 2010 жыл.

Ермек Нарымбаев, «Арман» қозғалысының жетекшісі. Алматы, 30 қаңтар 2010 жыл.

«Арман» қозғалысының басшысы сотқа жаңа талап қойып, өзінің кінәсіз екенін дәлелдейтін бейнежазбаларды іс материалы ретінде тіркеп, қарастыруды сұрайды. Нарымбаевтың әйелі күйеуінің себепсіз карцерге түскенін айтып дабыл қағады.


ТҮРМЕДЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ

Алматы маңындағы №18-ші облыстық тергеу абақтысында отырған «Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев аштық жариялады. «Ермек жалған айып негізінде өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іске наразылық білдіріп жатыр» деді Азаттыққа оның әйелі Зоя Нарымбаева.

- Тамыздың 20-сы күні кешке ол аштық жариялады. Апелляциялық шағым мерзімін қайта қалпына келтіруді, өзіне қатысты іс материалдарын, оның ішінде өзінің кінәсіз екендігін дәлелдейтін бейнематериалдар көшірмесін беруді талап етіп отыр, - деді Зоя.

Одан өзге Зоя Нарымбаева тергеу абақтысында тұтқындардың құқығы тапталып жатқанын айтады.

- Камерадан шығып, серуендеуге рұқсат бермейді. Ермектің қамауда отырғанына бірнеше ай болды. Соған қарамастан ол әлі камерадан шықпапты, таза ауамен дем ала алмай отыр, - дейді Нарымбаевтың әйелі.

Оның сөзінше, аштық жариялағаннан кейін тергеу абақтысының басшылығы Ермек Нарымбаевты дүйсенбі, тамыздың 23-інен бері карцерге жапқан.

«СОЛАЙ БОЛҒАНЫ ОНЫҢ ӨЗІНЕ ЖАҚСЫ»

Алматы маңындағы №18-ші облыстық тергеу абақтысының басшылығы Ермек Нарымбаевтың аштық жариялағандығын растады.

- Иә, ол 20-сынан бері аштық жариялады. Өзіне қатысты қылмыстық іске наразылық білдіріп жатыр. Денсаулығы жаман емес, - деді Азаттыққа абақты басшысы Серік Мұрзалин тамыздың 24-і күні.

Бірақ ол Ермек Нарымбаевтың карцерге жатқызылғандығы туралы ақпаратты жоққа шығарды.

- Ол карцерде емес, бір кісілік камерада жатыр. Солай болғаны оның өзіне жақсы. Өйткені егер адам аштық жарияласа ол тамақ ішетін басқалардан бөлек болуы қажет. Сондықтан ол бір кісілік камерада жатыр, - деді облыстық тергеу абақтысының басшысы.

Оның сөзінше, Ермек Нарымбаевтың аштық акциясын бастап, қай уақытқа дейін жалғастырамын десе өз еркі. «Біз тек оның денсаулығын үнемі бақылауда ұстайтын боламыз» деді Серік Мұрзалин.

«НАЗАРБАЕВ, КЕТ!» ДЕГЕНІ ҮШІН ТӨРТ ЖЫЛ

«Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев биылғы мамырдың 1-інде Алматыда өткен демократиялық күштердің жиынында «Назарбаев, кет!» деп ұран тастаған еді. Одан кейін жиынды өткізуге кедергі жасаған полицияның іс-әрекетіне наразылық ретінде аштық жариялады. Бірақ сол күні кешке серіктерімен бірге аштық жариялап жатқан жерінен оны полиция ұстап алып кетті.

Аштық жариялаушылардың басты талаптарының бірі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметтен кетуі болатын.

Полиция оның үстінен әкімшілік іс қозғап, тәртіп бұзған деп танылған Ермек Нарымбаевты мамырдың 2-і күні Алматы әкімшілік соты 15 тәулікке абақтыға қамау туралы шешім шығарды.

Ал кейіннен қамауда отырған оппозициялық қозғалыс жетекшісі билікке қарсы қылмыс жасаған күдіктіге айналды. Бұл жолы оған «сотқа құрмет көрсетпеді» және «полицейлерге қарсыласып күш көрсетті» деген айыптар тағылды. Осы екі айыптау біріктіріліп, мамырдың 14-і күні Ермек Нарымбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған-ды.

Бұл істі екі күннің ішінде қарап, маусымның 26-сы күні Алматының Бостандық аудандық сотының судьясы Шынар Ерғалиева, Ермек Нарымбаевты төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Ал тамыздың 11-і күні Ермек Нарымбаевтың апелляциялық шағымын қараған Алматы қалалық соты алғашқы инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG