Accessibility links

Сенатор: «Мерзімінен бұрын мәжіліс сайлауы өтіп қалуы мүмкін»


Қазақстан парламенті сенаты мен мәжілісінің ғимараттары. Астана, 2009 жылғы наурыз айы

Қазақстан парламенті сенаты мен мәжілісінің ғимараттары. Астана, 2009 жылғы наурыз айы

Қазанның 25-і күні Астанада Қазақстан парламенті сенатының депутаты Тасбай Симамбаев «мерзімінен бұрын мәжіліс сайлауы өте қалған жағдайда қажет болады» деп, премьер-министрден келер жыл үшін арнайы қаржы қарастыруды сұрады. Кейбір саясаттанушылар «мәжілістің таратылуы бұған дейін белгілі болған жағдай» деп отыр.


Азаттық радиосының тілшісіне сұхбат берген сенат депутаты Тасбай Симамбаев: «Мен мерзімінен бұрын мәжіліс сайлауы нақты өтеді деп айтқан жоқпын. Тек үкімет басшысына «сақтықта қорлық жоқ» деп, қаражат қарастыруын сұрадым. Сайлаудың өтіп қалуы да мүмкін. Оны да жоққа шығаруға болмайды. Бұған дейін де тарихта ондай жағдайлар болған» дейді.

«Сайлаудың мерзімінен бұрын өтіп қалуы мүмкін деуіме тағы бір себеп, - дейді Тасбай Симамбаев, - конституцияда бір жылда екі бірдей сайлау өткізу, яғни парламент сайлауы мен президент сайлауын бір мерзімде өткізу көрсетілмеген».

Естеріңізде болса, төртінші шақырылған Қазақстан парламенті мәжілісінің мерзімі 2012 жылдың желтоқсанында аяқталады. Дәл осы жылы Қазақстанда президент сайлауы белгіленген.

СЕНАТОР СИМАМБАЕВТЫҢ АЙТҚАНЫ «ЖАҢАЛЫҚ» ЕМЕС

Саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, сенатор Тасбай Симамбаевтың бұл айтқаны «жаңалық» емес. Мәжілістің мерзімінен бұрын таратылуы бұған дейін де белгілі болған. «Яғни жазда Назарбаевқа «ұлт көшбасшысы» деген мәртебені заңмен бекітіп бергенде-ақ парламенттің мерзімінен бұрын таратылатыны байқалған болатын. Мен оны бұған дейін де бірнеше рет айтқанмын» дейді Айдос Сарым.
Саясаттанушы мәжілістің мерзімінен бұрын таратылуына тағы бір дәлел ретінде жақында Қазақстан халқы Ассамблеясында сенатор Анатолий Башмаков ұсынған Назарбаевтың «елбасы» («лидер нации») мәртебесін конституциямен бекітіп алу жөніндегі әңгімені алға тартады.

«Онда президент бас тартқанымен оның мәртебесі бәрібір конституциямен бекітіледі. Яғни конституцияға өзгеріс енгізіледі де, парламент тарайды» дейді Айдос Сарым. Оның пікірінше, бұған дейінгі шақырылымның депутаттары толық отырған жоқ, сондықтан бұл депутаттар да солар сияқты тарқап тынады.

«МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЖЕТ БОЛСА, ТАРАҒАНЫ ДҰРЫС ШЫҒАР»

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның айтуынша, «егер мәжілісті тарату мемлекетке қажет болса, тараса тарағаны да дұрыс шығар» дейді. Оның Азаттық тілшісіне тағы бір айтқаны - бір жылда екі сайлау өткізуде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ мәжіліс депутаты сенаттағы әріптесі Тасбай Симамбаевтың соңғы кезде «бүлдірумен» танылып жүргенін айтады.

– Өткен жолы Петропавл атауын Қызылжарға ауыстырайық дегенге қарсы болған соң-ақ Симамбаевтан тіксініп қалғам, - дейді Тілеухан.
Соңғы кезде түрлі мәлімдемелер жасап, «жаңалық ашып» жүрген сенатор Симамбаевтың әрекеті өзін-өзі жарнамалаудың бір әдісі шығар дегенді де жоққа шығармайды әріптесі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG