Accessibility links

Құрылыс кранын наразылық мінберіне айналдырған Әбілованың талабын орындағандар жария болғысы келмейді


Үлескер Гүлзанат Әбілова наразылық танытып отыр. Астана, 17 мамыр 2010 ж.

Үлескер Гүлзанат Әбілова наразылық танытып отыр. Астана, 17 мамыр 2010 ж.

Астанада құрылыс кранына шығып алған үлескер Гүлзанат Әбілованың Қажымқан Мәсімов басшылық ететін компанияға қойған талабын белгісіз қалуды қалаған үшінші бір тарап орындап, 25 миллион теңге әкеліп берген. Ашынған ананың осыдан кейін ғана кран басынан түскені белгілі болды.


«ӘДІЛДІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУДІҢ ЖОЛЫ»

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімовтің компаниясына қатысты тағы дау шықты. Құрылыспен айналысып, Шымкенттің маңында котежді қалашық салмақшы болған «HAS-ER.KZ» компаниясының үлескері Гүлзанат Әбілова, дүйсенбі күні Астанадағы құрылыс кранының мұнарасына өрмелеп шығып, компанияға салған 24 миллионнан аса қаржысы қайтарылмаса мұнарадан секіріп өлетіндігін мәлімдеген.
Г.Әбілова өрмелеп шыққан құрылыс краны. Астана, 17 мамыр 2010 ж.

- 2007 жылы мен «HAS-ER.KZ» компаниясында менеджер болып жұмыс істедім. Сол жерде оларға цемент алып беріп, өзім де цемент сатып аламын деп бас-аяғы 24 миллион 650 мың теңге құйдым. Үйді кепілдікке қойып, әркімнен ақша алдым, енді, міне, не цемент жоқ, не ақшамды қайтармай отыр. Басқа бір фирма арқылы маған ақша береміз деп осы күнге дейін алдап келді. Шыдамым таусылды, енді бүгін бір шешімі болмаса осы жерден құлап өлемін!, - деді ашынған үлескер.

Ол «HAS-ER.KZ» компаниясының бастығы Қажымқан Мәсімов пен компанияның қаржы директоры Сапаргүл Махамбетовадан ақшасының жартысын алып келуін, ал қалған жартысына кепіл хат беруін талап етті.

«ҚҰЛАЙМЫН ДЕГЕНІНЕ БІР ЖЫЛ БОЛДЫ»

Астанада кран мұнарасына шыққан үлескердің «сәлемдемесіне» «HAS-ER.KZ» компаниясы басшысы Қажымқан Мәсімов ешқандай аяушылық танытпады.
HAS-ER KZ компаниясының басшысы Қ.Мәсімов. Алматы, 21 желтоқсан 2009 ж.

- Бұл іске қатысты сот өтті, барлығы заңды, менде құжаттары бар. Мен барлығына ақша бере алмаймын. Құласа құлай берсін, оның құлаймын дегеніне бір жыл болды. Олардың барлығы өстіп ақша алғаны болады ма? Ол бірінші бізге ақша төлесін. Бізге 16 миллион берешегі бар, - деді Азаттыққа түсініктеме берген Қажымқан Мәсімов.

Оның сөзінше, бұл әрекеттің артында біреулер тұруы мүмкін.

- Ол әдейі істеп отыр. Оның артында тұрған адамдар бар. Соттың шешімі бар ғой. Мен де, «HAS-ER.KZ» -де ол жерге бармаймыз!- деген еді премьердің әкесі.

ҮЛКЕН МӘСІМОВТІҢ БИЗНЕСІ

Алғаш рет премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесінің үстінен шағым-арыз 2009 жылдың наурыз айында айтылған еді. Ол кезде өз құқын қорғамақшы болған Оңтүстік Қазақстан облысының 130 кәсіпкері Астанаға келіп, қарсылық акциясын өткізді. Қаржы полициясының бас кеңсесінің алдында олар Қажымқан Мәсімов басқаратын «HAS-ER.KZ» құрылыс компаниясының басшылығына қатысты шара қолдануды талап еткен еді.

Олардың айтуларынша, Қажымқан Мәсімов шымкенттік кәсіпкерлерге цемент жіберу жөніндегі міндеттемесін орындамай, оларға 77 миллион теңге қарыз болып қалған. Кейбір кәсіпкерлер Мәсімовтің есепшотына 380 мың доллар қаржы аудардық дегенді алға тартып отыр. Олар премьер-министрдің әкесі алдамайды деген сеніммен қаржы құйғандықтарын жасырмайды.
Құтқару, өрт және жедел жәрдем қызметкерлері Г.Әбілова шыққан кран түбінде. Астана, 17 мамыр 2010 ж.

Үлкен Мәсімовке қатысты осы бір алғаш жария болған үлкен дау-жанжалдан соң кәсіпкерлердің бірқатарына ақша төленген, ал кейбіреулері ақшаларын әлі ала алмай жүр. Солардың арасында Астанада кран мұнарасында отырған үлескер Гүлзанат Әбілова бар. Оның адвокаты Талас Сағымбаевтың айтуынша, Әбілова, компанияға берген қаржыны туған-туыстары мен таныс-тамырлары барлығы 11 адамнан қарызға алып берген. Соңында не ақша жоқ, не цемент жоқ далада қалған. Бүгінде қарыз берушілер, оның үйін, дүние-мүлкін тартып алған көрінеді. Үлескердің өзіне-өзі қол жұмсауға баруын құқыққорғаушы, заңды жолмен әділдік таппағанның себебі деп отыр.

- Біз бұл мәселені шешуде барлық заңды жолдарды өттік. Талай рет прокуратура, қаржы полициясына бардық. Бізді қабылдаудан қорқақ басшылар бас тартты. Бізге сондай шенеуніктер неге керек?, - дейді құқық қорғаушы.

«МҰНАРАДАН КӨРІНІС»

Үлескер Гүлзанат Әбілова Астанада парламент депутаттары тұратын үйдің жанындағы құрылысы бітпеген «Нұрсая -2» тұрғын үй кешеніндегі кран мұнарасына жексенбі күні түнде келіп өрмелеп шыққан. Дәл осы жердің таңдалуы да бекер емес. Бұл тұрғын үй кешенінде "HAS-ER KZ" компаниясының қаржы директоры Сапаргүл Махамбетова тұрады екен. Үлескер осылайша компанияның қаржы директорының назарын аудармақ болыпты.
Т.Сағымбаев - адам құқығын қорғаушы, адвокат. Астана, 17 мамыр 2010 ж.

Алайда, күні бойы кран мұнарасында отырған әйелге полиция, прокуратура, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметінен өзге ешкім келген жоқ. Түске қарай алғашқыларының барлығы тарап, кешке жуық тек жедел жәрдем бригадасы қалды.

- Олардың бір де бірі менің мәселемді шешуге ынталы емес, тек келу керек болған соң келіп кетті, - дейді Гүлзанат Әбілова.

Ал құқыққорғаушы Талас Сағымбаев үлескердің бұл мәселесіне қатысты Қазақстанның бас прокуратурасына өтініш хат жазылғандығын жеткізді. Әзірге еш жауап жоқ.

Кран мұнарасында отырған Гүлзанат Әбілова белгісіз біреулер 25 миллион теңге әкеліп бергеннен кейін ғана краннан түсті.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG