Accessibility links

Қазақстанда «Қара жорғаны» жаппай билеу басталды


Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры "Қара жорға" билеп тұр. Астана, 21 қыркүйек 2010 жыл

Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры "Қара жорға" билеп тұр. Астана, 21 қыркүйек 2010 жыл

Қыркүйектің 21-і күні Астанада Қазақ гуманитарлық заң университетінде «Билейік бірге Қара жорға!» деп аталатын арнайы акция өтті. Ұйымдастырушылар университет алаңында үш мың адам билейді деп алдын-ала хабарлаған еді. Тіпті Қазақстан рекордтар кітабының өкілдері де шақыртылған.


Бірақ, алаңдағы жастарды ешкім тәптіштеп санап, ресми түрде тізім құрастырған жоқ. Алайда, бишілердің саны үш мыңға жете қоймайтынын санамай-ақ аңғаруға болады.

Университет президенті Мақсұт Нәрікбаевтың айтуынша, бұл шараның мақсаты – «Қара жорға» арқылы ұлттық рухты, ана тілді дәріптеу.
«Бұл бидің әуенінде қазақтың жүрегін оятатын, қазаққа күш беретін құдырет бар. Ал енді бидің қимыл-әрекеттері мына көпшілікке өте қонымды, және тез үйренуге мүмкіншілік бар»,- дейді ол.
"Қара жорға" биін билеуші көпшілік. Астана, 21 қыркүйек 2010 жыл

Мақсұт Нәрікбаев бүгін Қазақстанның бүкіл оқу орындарына ұран тастап, «Билейік бірге Қара жорға» акциясын іліп алып кетуге шақырды.

«Той-томалақта өзбек, сыған халықтарының биінен бастап, лезгинкаға дейін билейміз. Неге өзіміздің «Қара жорғаны» билемеске? Тіпті түнгі клубтарда жастар осы «Қара жорғаны» билесе қандай тамаша болар еді»- университет ректоры.

«САБАҚТАН БОСАТЫП ОТЫРСА, НЕГЕ БИЛЕМЕСКЕ?»

Журналистерге жария етіп, студенттеріне «Қара жорғаны» билеткен Қазақ гуманитарлық заң университеті үшін бұл пиар-акцияның бір түрі болуы мүмкін. Дегенмен ауа-райының жаймашуақтығы ма, әлде сабақтан босатылғандықтан ба, немесе расында «Қара жорғаның» әуені көңіліне қонды ма, жастар сәнін келтіріп билеуге тырысып бақты.

«Қара жорғаны» билеу міндеттелді ме?- деген сұрағымызға студенттердің бірі «Сол үшін сабақтан босатып отырса, неге билемеске? Аудиторияда қамалып отырғаннан гөрі далада би билеген әлдеқайда көңілді. Оның үстіне бүгін ауа-райы да тамаша,»-деп жауап берді.
Мұндай акцияның өткені шетелдіктерге де қызық көрінетін сияқты. Студенттердің арасында «Қаражорғаның» әуенімен буынын былқылдатқан шетелдік ұстаздар да болды.
"Қара жорға" биін билеуші көпшілік. Астана, 21 қыркүйек 2010 жыл

«Қазақтар Совет Одағы кезінде салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптей алмады. Енді қазақ халқының ұлттық дәстүрді жаңғыртуға толық құқы бар, әсіресе жастарға насихаттау керек»,-дейді Германиядан келген халықаралық құқық пәнінің ұстазы Анне Хафенштейн.
Десе де, шетелдіктерге «Қаражорғаның» қимылын меңгеру оңай емес көрінеді. АҚШ мемлекеттік департаментіне қарасты ағылшын тілі қауымдастығынан келген мұғалім Джордж Мано былай дейді: « Қимылы өте күрделі. «Қаражорға» биін үйреніп жүргеніме біраз болды. Бірақ, негізгі қимылдарын меңгеру үшін әлі бір ай уақыт керек пе деймін».

КӨРЕРМЕНСІЗ ӨТКЕН БИ

Бір қызығы, университеттің Фемида алаңында бишілер, ұйымдастырушылар және журналистерден басқа ешкім болмады. «Жастар «Қара жорға» билейді» деп жамырап келіп жатқан халық жоқ. Соған қарағанда, ұйымдастырушылар БАҚ өкілдерін шақырып, Астана жұртына құлағдар етуді ұмытып кетті ме, әлде қала тұрғындарына жастардың ұлттық би билегені қызықсыз ба деген ойға қаласың.

Ұзақ жылдар бойы Қазақстанда ұмтылып кеткен «Қара жорға» биінің қайта жаңғыруына оралмандар себепкер болып отыр.
"Қара жорға" биін билеуші көпшілік. Астана, 21 қыркүйек 2010 жыл

Таяуда Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономдық аймағына қарасты Шіңгіл ауданында тұңғыш рет «Қара жорға» мерекесі аталып өткен болатын. Ал 2009 жылдың 30 тамызында Шіңгілдегі әр ұлт халқынан құралған 13 мың 288 адам бір мезетте «Қара жорға» биін билеп, Гиннестің рекордтар кітабына енген еді. Осы жағдайда Қазақстанда өтетін Азиада ойындары «Қара жорға» биімен ашылса екен деген ұсыныс та жиі айтылып жүр.
Ал Астанадағы бидің Қазақстан рекордтар кітабына енген-енбегені әзірге белгісіз болып тұр. Өйткені Қазақстан рекордтар кітабының өкілдерін табу мүмкін болмады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG