Accessibility links

Жаңа портал қазақтілді интернеттің дамуына серпін беруді мақсат тұтады


abai.kz интернет порталының көрінісі.
abai.kz интернет порталының көрінісі.

Қазақстанда abai.kz ақпараттық порталы ашылды. Қазақтілді интернет жүйесін дамытудың бірден бір жолы ретінде ұсынылып отырған аталмыш порталдың мақсаты – аймақтық журналистердің басын қосу арқылы біртұтас ақпараттық кеңістік құруға ықпал ету.

Мамандардың есептеуінше, 2008 жылы интернетті пайдаланушы қазақстандықтардың жүз адамға шаққандағы саны 14 абонентке өскен. Кей болжамдар биылғы жылы олардың саны 800 мыңға жетуі мүмкін екендігін көрсетеді.

Алматыда бір топ журналистер, саясаттанушылар мен мәдениеттанушылар бас қосып, қазақ интернетінің дамуына қатысты өз ойларын ортаға салды. Соның нәтижесі – abai.kz ақпараттық порталының ашылуы.

«Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы» қордың жетекшісі Айдос Сарым бұл порталдың дүниеге келуін өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары бастап кеткен дәстүрдің жалғасына теңейді.

– Осыдан бір ғасыр бұрын қазақтың бір топ зиялысы: Тұрағұл Абайұлы, Кәкітай Ысқақұлы, Әлихан Бөкейханұлы сынды аталарымыз жақсы бір бастама бастап, Петерборда «Абай» деген атпен Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын басып шығарған болатын. Сол еңбек шыққаннан кейін қазақтілді жаңа поэзия, қазақтілді философия, қазақтілді жаңа романдар дүниеге келе бастады. Яғни, қазақы ортаны біріктіретін үлкен рухани бастама болған дүние болды деп санаймыз. Бізде соған негіздеп, арасына 100 жыл тастап, осындай abai.kz атты ақпараттық портал аштық, – деді Айдос Сарым.

Солдан оңға: Дәурен Қуат, Нұрлан Ерімбетов және Айдос Сарым abai.kz интернет порталына арналған баспасөз мәслихатында. Алматы, 25 мамыр 2009 ж.
Қазақстанда биылғы өткен санақтың алдын ала нәтижесі бойынша, елде қазақ ұлтының саны 67 пайыздан асқаны хабарланған-ды.

– Бүгінде 15 пен 40 жас аралығындағы көпшілік азаматтар интернет пайдаланады. Олардың басым көпшілігі қазақ тілді тұтынушылар. Осыларға лайық ақпарат көздері, интернет сайттары бар ма десек, «жоқ» деп өкінішпен айтуға болады, – дейді А.Сарым.

Жаңа порталдың бас редакторы Дәурен Қуат сайт бетінде қазақ журналистикасының ең жақсы үлгілері жинастырылатындығын айтады.

– Бізде облыстық, республикалық басылымдар бар, соның ішінде тәуелсіз басылымдар да бар. Міне, әдетте солардың барлығының үні бір жерден шықпай жатады. Көптеген өзекті мәселелер көтереміз, алайда ол бытыраңқы. Сондықтан abai.kz ақпарат порталында қазақтілді баспасөз беттеріндегі ең үздік материалдарды жариялай отырып, журналистердің ішкі бірлігін қамтамасыз етіп, бір бірімізді жақынырақ білсек деген ниеттеміз, – дейді Дәурен Қуат.

Сонымен бірге, abai.kz бірқатар әлеуметтік жобаларды да жүргізбек. Оның алғашқысы, республикалық және аймақтық мемлекеттік органдардың қазақтілді сайттарының қоғамдық рейтингін жасау.

Дәл осындай рейтингілер Қазақстанның саяси партияларының, қоғамдық бірлестіктерінің және баспасөз құралдарының арасында да жүргізілмек.

Екінші қадам – қазақтілді интернетті дамыту мақсатында орысша-қазақша интернет терминдердің сөздігін жасау. Сол арқылы интернетті барынша мемлекеттк тілде сөйлету көзделген.

Сондай-ақ осы күннен бастап, аталмыш ақпарат порталында қазақтың бай әдебиеті де жарық көрмек. Портал иелері бұл үшін елдегі баспалармен, ақын-жазушылармен тиісті келіссөздер жүргізілгендігін айтады.

«Егер қазіргі ақын жазушылар кітаптарының таралымы 2 мыңнан аспайтындығын ескерер болсақ, бұл жақсы ұсыныс. Сондықтан, дүкен сөрелерінен таба алмай жүрген кітаптарыңыз болса, жақын арада оны abai.kz ақпараттық порталынан табатын боласыз», - дейді жоба жетекшілері.
XS
SM
MD
LG