Accessibility links

Шолпан Әбілязова: Тергеушілер жоқ сыбайластықтың ізін іздеуді жалғастыруда


Шолпан Әблязова, қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовтың немере әпкесі.

Шолпан Әблязова, қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовтың немере әпкесі.

Қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтың жиені Тайыр Дүйсембековтың компаниясында қайтадан тінту жүргізіліп, құжаттар алынды. Ал М.Әблязовтың адвокаты Сәлімжан Мусин қорғауындағы адамның қылмыстық ісімен таныстырмай отырғанын айтады.

«ТІНТУ-ТЕКСЕРУЛЕР КОМПАНИЯНЫҢ ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТТЫ»

Азаттық радиосына «Agento-S» бағалау компаниясының директоры, БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың жиені Тайыр Дүйсембековтың ісі бойынша жаңа мән-жайлар белгілі болды.

Тайыр Дүйсембековтың анасы және қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовтың немере әпкесі Шолпан Әблязова тергеушілер осы жылдың 8-ші сәуірінде ұлының кеңсесін қайтадан тінтіп, бірқатар құжаттарды алғанын хабарлады. Шолпан Әблязованың пікірінше, құжаттарды алу шарасы кезінде заңда көрсетілген ережелер бұзылған.

«Құжаттарды алуға куәлар қатыстырылмады, олар тек хаттамаға қолдарын қоюлары үшін ғана шақырылды. Ал, хаттамада Қылмыстық іс жүргізу кодексінің тиісті бабына сілтеме жасалып, куәларға олардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді деп көрсетілген», - дейді Шолпан Әбілязова.

Оның айтуынша, бағалау есептері, келісімшарттар және есеп-фактуралармен қоса қызметкерлерді демалысқа жіберу туралы бұйрықтары бар бес жинақтама мен қызметкерлердің өтініштері, жұмысқа алу туралы бұйрығы бар екі құжат, еңбек шартының тоқтатылуы туралы бұйрығы бар екі құжат, сондай-ақ, қызметкерлердің жеке істерінен тұратын 20 жинақтама алынған.

Шолпан Әблязованың айтуынша, «Agento-S» бағалау компаниясының осы құжаттарын не себепті алғанын тергеушілер оған түсіндірмеген.

«Әблязовпен сыбайластық болған деген долбарды тергеушілер сол құжаттардың негізінде растамақ па? Айыптау тек сыбайласуға ғана негізделген ғой. Ешқандай сыбайластықтың болмағанына анық көзі жеткен тергеушілер енді «шекпеннің беделін» аман алып қалуды ойлап, айыптау бабын өзгерту үшін әйтеуір бір ілік табуға, шаруашылық немесе әкімшілік қате табуға тырысып бағуда», - деді Шолпан Әблязова Азаттық радиосына.

Сонымен бірге, оның айтуынша, тергеушілер компанияның мөрін де алып, кеңсенің есігін қағазбен желімдеп кетіпті. Ал «Agento-S» бағалау компаниясының клиенттері болса берген тапсырыстары бұған дейін жасалған келісімшартта көрсетілген мерзімде орындалмағандықтан компаниядан ақшаларын қайтаруды талап етуде, ал клиенттердің есептері тергеушілердің қолында дейді Ш.Әблязова. Ол ұлының компаниясы іс жүзінде тақырға отырғанын айтады.

Бұдан бөлек, Шолпан Әблязова заң орындары қызметкерлерінің өз мақсаттарына жету үшін әртүрлі іс-әрекеттерге баратындығына назар аударады:

«Наурыздың 2-і күні, Тайырды тұтқындау туралы қаулы шығарылатын сотта, менің айыптау сөздеріме заң қызметкерлерінің бірі: «Мен де балаларымды асырауым керек!» - деді. Бұлай тапқан наны — арам! Ал, наурыздың 24-індегі брифингте бас прокурордың орынбасары мені ана ретінде шу көтермеуге шақырды. Елдегі ахуалды, әлемдік дағдарысты ескеріп, менің даулы, асығыс сөз айтпауымды сұрады».

«Agento-S» бағалау компаниясында 30-дан астам адам еңбек еткен. Алайда Азаттық тілшісіне олардың ешбірінен сұхбат алудың сәті түспеді: кейбіреулері жұмыстан шығып кеткен, өзгелері журналистпен әңгімелесуді қаламады.

Дәл солай, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің тергеушісі Ерғали Манатов та тергеу барысы жайында ақпарат беруін өтінген Азаттық тілшісіне: «Түсініктеме бере алмаймын», - деп қысқа қайырды.

МҰХТАР ӘБЛЯЗОВТЫҢ АДВОКАТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСПЕН ТАНЫСА АЛМАЙ ОТЫР


Адвокат Сәлімжан Мусин өзінің қорғауындағы Мұхтар Әблязовқа қарсы қозғалған қылмыстық іске қолы жетпей отырғанын Азаттық радиосына әңгімелеп берді.

«Тергеу органдары Қазақстанның қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларына қайшы талап қоюда - олар менен Әблязовтың өзі қол қойған жазбаша келісім алып келуімді сұрайды», - дейді Сәлімжан Мусин.

Адвокат мұндай талап негізсіз және ойдан шығарылған деп санайды. Сәлімжан Мусин Мұхтар Әблязовты қорғау туралы келісімшартты экс-банкирдің туысқандарымен жасасқанын айтады. Оның сөзінше, Қазақстан бас прокуратурасының тергеу тобының бастығы Сәкен Ихсанғалиев адвокаттан БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың өзімен жасасқан жазбаша келісімін талап етіп, онсыз адвокатты қылмыстық іске жіберуден бас тартқан.

«Менен Әблязовтың жеке өзімен жасасқан келісімшартты алып келуімді талап етуі және ондай келісім әкелмеген жағдайда ордерді қабылдаудан бас тартуы заңсыздыққа жатады, сонысымен қорғаушының қылмыстық іске қатысуына кедергі жасауда», - деп мәлімдеді адвокат Сәлімжан Мусин.

Ол прокуратура өкілдері осы әрекетімен «Адвокаттық қызмет туралы» заңды тікелей бұзып отырғанын атап көрсетеді. Бұл заңда адвокаттық көмекке жүгінудің, көмекке жүгінген адаммен ауызша және жазбаша жасалған келіссөздердің адвокаттық құпия болып табылатыны жазылған.

БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың жиені Тайыр Дүйсембековты ҰҚК Алматы бойынша департаментінің қызметкерлері наурыздың 2-сінде тұтқындады. Оған «алаяқтық жасаған» деген айып тағылды. Қазір ол ҰҚК департаментінің Алматыдағы тергеу абақтысында отыр.

Тергеудің болжамы бойынша, Тайыр Дүйсембеков топ адаммен бірігіп, БТА банктен заңсыз несие алу үшін жеделдетілген бағалаулар жасаған.

Қазірде шетелде бассауғалап жүрген қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов өз жиені Тайыр Дүйсембековпен қандай да бір «іскерлік қарым-қатынаста» болғанын жоққа шығарады. Оның пікірінше, Тайыр Дүйсембековты өзімен туысқандығы болғаны үшін ғана тұтқындаған. Бұған қоса, Азаттық радиосына берген сұхбатында, Мұхтар Әблязов БТА банктің түбіне жетті деп, Қазақстан үкіметін айыптаған болатын.

Қазақстанның заң орындары БТА банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовқа қылмыстық топ құрған және оған басшылық жасап, белгілі бір жер телімдерін бірнеше қайтара кепілге қою арқылы жалған фирмаларға несиелер берген деген айыптар тағып отыр.
XS
SM
MD
LG