Accessibility links

Талғат Мамашев Қанаста кейбір қонақ үйлерде «қазақ пен сиырға кіруге болмайды» деген хабарландыру тұрғанын айтады


Талғат Мамашев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының І-ші орынбасары.

Талғат Мамашев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының І-ші орынбасары.

Қазақстанмен іргелес жатқан Қытайдың Алтай аймағында ресми есеп бойынша 300 мыңға жуық қазақ тұрады. Осы өлкедегі қазақтардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының І-ші орынбасары Талғат Мамашев Азаттық радиосына сұхбат берген болатын.

ҚЫТАЙЛАР ҮЙ ИЕСІНІҢ КІМ ЕКЕНДІГІН ТАНЫТТЫ

- Талғат Асылұлы, қазақ диаспорасы шоғырланған Қытайдың Алтай өлкесін аралаудағы мақсаттарыңыз жайында айтып өтсеңіз?


- Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы районының Алтай аймағында олардың ресми есебі бойынша 300 мыңға жуық қазақ тұрады екен. Біздің іс сапарымыз шілденің 6-сынан басталды. Сол күні Үрімжіге жетіп, одан әрі тікұшақпен Ганьсу өлкесіндегі Ақсай қазақ автономиялы ауданында жалғасты. Сосын Құмыл, Баркөл, Мори қазақ автономиялы аудандарында жалғасын тауып, қайтарда табиғаты тамылжыған Қанас көлінде болдық.

Бұл сапардың негізгі мақсаты – ондағы қазақтардың жағдайымен танысу, кеңірек қарым-қатынас орнату, жұмысымызды одан әрі жандандыру болған еді.

Ойға алған негізгі мақсатымыз орындалды. Күніне 600-700 шақырымға дейін жол жүруге тура келді. Қытайдың жолдары өте жақсы екен. Жүрген жерімізде «Нұрлы көш» бағдарламасын насихаттауға көбірек көңіл бөлдік.

- Шілденің 6-сында Үрімжіге келдік деп отырсыз, ұйғыр жанжалының үстінен түсіпсіздер ғой?

- Біз ол күні Үрімжіде болдық, түскен қонақ үйімізден 1-2 күн алысқа ұзап шыға алмадық. Ұйғырлар 5 шілдеде көшеге шықты ғой, 7-сі күнгі хансулардың ереуілін де көрдік. Олар үй иесінің кім екенін көрсетті. Дегенмен, ол жағын олар көп айтып жатқан жоқ.

Бұл сапар барысында, ауданнан-ауданға, облыстан-облысқа өткенде, жүрген жеріміздің бәрінде қарулы күзет, әскер, сақшы кездесіп отырды. Әсіресе, ұйғырлар көп шоғырланған мекендерде күзет қатты екен.


ҚАНАСТАН ҚАЗАҚТАР ЫҒЫСТЫРЫЛЫП ҚАЛЫПТЫ


- Жалпы, ондағы қазақтардың көшіп келуге ниеттері қалай екен?


- Қайтарда Қанас көлінде болдық дедім ғой. Бұл көлдің әсемдігіне көз тойғысыз. Мұндай ғажайыпты еш жерден көрмеппін. Алтайда Бейсенбі атты атақты би өткен. Бұл ара соның жайлауы болған деседі. Бүгінде Қанас демалыс аймағына айналған. Онда туристік қала бой көтеріпті. Үрімжіден Қанасқа ұшақ қатынайды екен. Туристер мол келетін көрінеді.

Сол жердегі ағайындармен кездестік. Олар енді біраз уақыттан кейін мұнда кіре алмайтын дәрежеге жететін сияқтымыз деген қаупі бар екендіктерін жеткізді. Қытайларда жерге жекеменшік ұғымы жоқ. Бұл ешкімнің бабасынан немесе атасынан қалған меншігі емес, мемлекеттің қорығы, сондықтан, мемлекеттің мүддесіне қызмет етуі тиіс.

Сондағы қазақтар кезінде Қанас көлінің жағасына 300 киіз үй тігіп, ас суын осында келетін туристер арқылы айырып отырыпты. Сосын 150 үй тігуге рұқсат алыпты, биыл 70 үйге дейін азайған. «Енді бір-екі жылдан кейін, мұнда сығалай алмайтын шығармыз» деп жылап айтты олар, «ендігі бағытымыз – Қазақстан. Бұрынғы «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» дегеніміз жайына қалды, жайлауымыздан енді айрылдық» деп шағынды. Әрі-беріден кейін қытай кейбір қоршаулы қонақ үйлердің маңдайшасына «қазақ пен сиырға кіруге болмайды» деп хабарландыру іліп қойған. Енді мал жайылмасын деп сыпайылап айтқаны ғой.

- Сіздер жайлауынан айрылған жұртты қалай жұбаттыңыздар?

- Жүрген жерімізде «Нұрлы көш» бағдарламасын насихаттауға көбірек көңіл бөлдік. Бұрынғыдай стихиялы түрде емес, арнайы қоныстандыру арқылы оралмандар баратын жерін алдын-ала біліп келеді. Оларға оның үстіне «Тұрғын үй жинақ банкінен» үстемақысы төмен несие ұсынылып отыр. Оралмандар алғашқы бес жыл бойына тапқандарын аталған банкідегі есеп-шотына құяды. Сосын белгілі деңгейде несиесін қайтара бастайды. Осының мән-жайын түсіндіріп, алдағы үш жылда Қазақстанға көшіп келуге мүмкіндіктің бар екенін айттық.

Дегенмен, Қытайға барып ондағы халықты көшіп келуге үгіттеу аса қиын. Оның үстіне қасыңда ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері жүреді. Әрі Үрімжідегі ұйғыр оқиғасы ондағы қазақтарды да үркітіп тастаған екен. Кейбір аудандардың белді қызметкерлері жанымызға жақын келуге де батпады. Халық біршама үркек, сақ болуға тырысады. Соған қарамастан, оларға арқа сүйер ата жұрты бар екенін баса айттық. Өздері де жаппай көшуге бел буып отыр.

- Қазақты ата қонысынан ығыстыра бастаса, ал қазақ тілінің жайы қалай екен?

- Алтай қаласы мен Морида бірнеше қазақ мектебі бар екен. Онда әзірше таза қазақ тілінде сабақ берілетін көрінеді. Бірақ, бұл уақытша ғана сияқты. Негізінен, ондағы мектептердің барлығы қостілділік жүйеге көшкен.

- Қытай Батысты игеру саясаты бойынша қазақтар шоғырланған жерлерге дендеп ене бастады деп еді.

- Жалпы, Алтай – қазақтың қаймағы бұзылмаған өлкесі. Ол жерде ұйғырлар да аз көрінді. Қаптаған қытайларды да байқамадым. Тек Қанас секілді стратегиялық маңызды ошақтарда болмаса. Өздерінің ресми есебі бойынша ондағы қазақтың саны – 262 мыңға жетеді екен. Ал, жергілікті халық қазақтың саны бұдан екі есеге артық дегенді айтып жатты.

- Әңгімеңізге рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG