Accessibility links

Қытайдан қазақ көші тоқтап тұр, ал көшіп келгендер азаматтық алуға асықпайды


Екі жылдан бері Қытай қазақтары Қазақстанға отбасымен көшіп келу мүмкіндігінен айрылып отыр. Ал Көші-қон комитетінің төрағасы көшіп келем деушілер үшін көші-қон квотасы дайын тұр дейді.

КӨШІ-ҚОН КЕЛІСІМІ ТУРАЛЫ ШАҚЫРУ ҚАЗАҚСТАН ТАРАПЫНАН ТОҚТАТЫЛДЫ

Алматыда тұратын Ауыт Мұқибекұлының айтуынша, ол былтырдан бері Қытайдан 10 отбасын шақырып орналастырмақ ниетпен біраз әрекет жасаған екен. Бірақ, ол әрекетінен ештеңе өнбепті.

- Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан менімен байланысып, Қытайдан 10 отбасын шақырып әкел, орналасуына жәрдем жасайын деген еді. Бірақ, соның мүмкіндігі болмай тұр. Өйткені, Қазақстан жағы көші-қон шақыртуын тоқтатып тастағалы екі жылдай уақыт болды, - дейді ол.

Біз бұл мәселенің анық-қанығын білу мақсатында мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан мырзаға хабарласқанымызда:

- Иә, 10 отбасын әкеліп орналастыру ниетімен Ауыт Мұқибекұлына қолқа салғаным рас. Бірақ, содан бері жыл өтсе де, ол шаруаны реттей алмадық. Неден екенін білмеймін, - деген жауап алдық.

Әлі тіркеліп үлгермеген оралмандардың республикалық «Бастама» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Рахым Айып бұл мәселені бізге былай түсіндірді:

- Қытай мен Қазақстан арасында ресми көші-қон келісімі жоқ екені белгілі. Бірақ, Қытайда арнаулы диаспора өкілдері және олардың туыс-туғандарының құқық-мүддесін қорғау жөнінде заң бар. Сол заңда туыстардың нақты тізімі көрсетілген. Халықаралық бөліп-жарылған отбасылардың қосылуы туралы Вена және Хельсинки декларациясына Қытай қол қойған. Осының негізінде 1998 жылдан Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресми қол қойып, көші-қон шақыртуын жеке адамдардың рәсімдеуіне мүмкіндік жасаған. Сөйтіп, 10 жылдай уақыт Қытайдан мыңдаған қазақ отбасылары көшіп келуге мүмкіндік алды.

Бұл шақыру бойынша, айталық, менің отбасым Қытайда, мен осында болсам, мен өзім отбасымды көшіріп алып келіп, жағдай жасауға кепілдеме беремін. Демек, мен өзім кепіл болып шақыртып отырған туыстарымды үй-жаймен қамтамасыз етуді, жұмыс тауып беруді өз мойныма аламын.

Менің кепілдемеме ең әуелі Көші-қон басқармасы келісімін береді, сосын Сыртқы істер министрлігі, Қазақстандағы Қытай елшілігі растап қол қойып, Қытайға жіберетін. Соның негізінде отбасы мүшелері түгелімен көшіп келуге мүмкіндік алатын, - дейді ол.

Рахым Айып екі жылдан бері тоқтап тұрған бұл істің анық-қанығын айтып беретін де, оның соңынан қузайтын да адамның болмай отырғандығын айтады.

Бұл күнде Қытайдағы қазақтар екі түрлі жолмен келу мүмкіндігіне ие көрінеді. Олар: туысшылау және оқуға келу жолы.

- Туысшылау жолымен келе беруіне де болатын еді. Бірақ, әртүрлі себептермен 7-16 жас аралығындағы мектеп жасындағы балаларды жібермей жатыр. Қытай оны неге жібермей жатқаны жөнінде әртүрлі себептерді көлденең тартады. Бірақ, халықаралық заңдылықтарға сүйенсек, Қытайдың бұнысы да заңға томпақ екен.

Жақында мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан Алматыда оралман зиялылармен кездесу өткізді. Сонда біз осы мәселені алға тарттық. Мәжіліс депутаты алдағы сессияда бұл жайында депутаттық сауал жолдап, мәселені анықтауға уәде берді, - дейді ол.

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫ ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫН АЛУҒА АСЫҚПАЙДЫ

Бұл мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Сыртқы істер министрлігінің баспасөз және консулдық қызметтеріне хабарласқанымызда, екі күн бойына телефон трубкасын ешкім көтермеді. Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев мырза:

- Бас прокуратура жеке адамдардың көші-қон келісімі бойынша шақыруын заңсыз деп тауып, екі жыл бұрын арнайы қаулымен бұл істі тоқтатып тастаған болатын. Бірақ, бұл көшіп келуге кедергі келтіріп отырған жоқ. Қазір бізде көшіп келем деушілер үшін көші-қон квотасы дайын тұр. Оған бөлінген арнайы қаржы игерілмей жатыр. «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша, Ақмола облысының Қызылжар ауылында 270 үйдің құрылысы дайын болды. Бірақ, соған келуге ниет білдірушілердің саны тым аз. Ал, қазіргі сәтте Қытайдан келген екі мыңнан астам адам әлі күнге дейін Қазақстан азаматтығын алуға асығар емес. Қытай азаматтығы оларға бизнес жасауда, зейнетақысын сақтауда тиімді. Сол үшін олар Қазақстан азаматтығын алуға асықпайды, - дейді.
XS
SM
MD
LG