Accessibility links

Мектептер баланың үйде де неміс тілінде сөйлеуін талап етеді, ал қазақ елшілігі мұғалім тауып бере алмай отыр


Мирас пен Мәлік - Орхан және Бахаргүл Тосынның ұлдары. Берлин, 28 қыркүйек, 2009 жыл.

Мирас пен Мәлік - Орхан және Бахаргүл Тосынның ұлдары. Берлин, 28 қыркүйек, 2009 жыл.

Берлинде 25-тей қазақ отбасы тұрады екен. Олар өткен ғасырдың 60-шы жылдары Германияға ағылған түріктермен бірге қоныс аударғандар. Солардың бірі – Орхан Тосын Азаттық радиосына арнайы сұхбат берген болатын.

Азаттық тілшісі жақында Германияның Гамбург және Берлин қалаларында болып қайтқан еді.

Бүгінде Германияда 2 миллионға жуық түрік тұрады екен. Олардың көбі Түркия азаматтығын сақтап қалған. Кейінгі жастары ғана неміс қоғамына сіңіп, немістің тілі мен мәдениетін үйреніп, азаматтығын қабылдаған көрінеді. Бізге жолбасшы әрі аудармашы болған Роберт Кокон Германияға қоныс аударушыларды екі топқа бөлетіндігін айтты. Біріншісі – өткен ғасырдың 60-шы жылдары келген түріктер, екіншісі – өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан қоныс аудара бастаған этникалық немістер.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, халықаралық беделіне нұқсан келіп, жарым территориясы мен жарым халқынан айрылған Германияның басты мақсаты – халықаралық қауымдастықтағы өз орнын қалпына келтіріп, дамыған елдер қатарына қосылу болған. Алайда, еркек кіндікті атаулының басым көпшілігін сұм соғыс жалмаған бұл ел еңбек күшіне зәру еді. Осы жағдай түрік жұмысшыларын шақыруға мәжбүрлеген.

Роберт Кокон түрік жұмысшыларының неміс қоғамына интеграциялануының ауыр жағдайда өткенін айтады. Әлі күнге дейін түріктер өзара шоғырлана орналасқан. Түріктердің өз ауласы, өз заңы бар. Сол себепті де олардың арасында немісше білмейтіндері де кездеседі екен. Роберт Кокон түріктердің үлкендері интеграциялана алмай жатса, жастарының осы қоғамға сіңіп кеткенін айтады.

ДАҒДАРЫС БЕРЛИНДЕГІ ҚАЗАҚ ОТБАСЫЛАРЫН АЙНАЛЫП ӨТКЕН

Осы түріктермен бірге Түркиядағы қазақтардың да біразы Германияға қоныс аударған болатын. Бүгінде қазақтар Германияның Мюнхен, Кельн, Берлин қалаларында тұрады.

Орхан Тосын, Германия азаматтығын алған қазақ. Берлин, 28 қыркүйек 2009 жыл.
Орхан Арыстанұлының Берлинде тірлік еткеніне 40 жыл. Ол мұнда 2 жасында келген екен. Мектепте немісше оқып, жоғары оқу орнын немісше аяқтаған оның неміс қоғамынан ойып орын алуы оңайға түскен екен. Ал, неміс азаматы атанғалы 20 жылдың жүзі болыпты. Орхан, сондай-ақ, қазақ, түрік тілдерін де жетік меңгерген.

– Қазіргі істеп жатқан қызметім медицина саласында, соның ішінде ортопедиялық кітаптарды шығаратын баспаханада компьютерлік графикамен айналысамын. Негізінен шөптен жасалатын дәрілерді насихаттайды. Біздің баспахана дайындап шығаратын кітап, журналдарды арнайы медицина мекемелері тапсырыспен алады, – деген Орхан өз отбасын әлемді шарпыған дағдарыстың айналып өткендігін айтады.

– Өйткені, табатын табысым тұрақты, әрі отбасыма жетеді, – дейді ол.

Әйелі Бахаргүлдің Берлинге келгеніне 15 жыл. Бұған дейін ол Парижде тұрған екен.

– Парижде менің ата-анам тұрады. Сонда оқып, білім алдым. Колледжде оқып жүргенімде, тұрмыс құрып, Берлинге келдім. Қазір Парижде аяқсыз қалған оқуымды жалғастырудамын. 4 тілде емін-еркін сөйлеп, қарым-қатынас жасай аламын. Биыл оқуымды аяқтаймын, мамандығым бойынша әуежайлардағы қызмет көрсету саласына орналаспақ ниеттемін, – дейді ол.

Орхан отағасының 2 баласы Берлинде мектепте оқиды.

– Балаларым қазақша түсінеді, бірақ қайыра жауап қата алмайды. Бұл жердегі мектептің талабы күшті. Оқуын жақсы меңгеріп, неміс өкілдерінен қалыспай тұруы үшін неміс тілін жетік білуі керек. Ол үшін бізге отбасында да немісше сөйлесіңдер деген талап қояды, – дейді Бахаргүл.

Орхан Арыстанұлы қазақ әндерін жиі тыңдайды екен. Бұл әндерді кім орындап жатқанын, кімдер шығарғанын білмейтіндігін айтады.

– Көңіліме жаққан әндердің барлығын жазып алуға тырысамын, – деген ол, – Еуропаға тарайтын жалғыз қазақстандық спутниктік телеарна «Каспионеттің» көп бағдарламасы орысша. Ал, кейбір қазақша мәдени бағдарламаларды балаларымыз көп қызықтай бермейді, – деп қынжылады.

Дәл біз қонақ болып отырған сәтте теледидардан «Каспионеттің» бағдарламалары орысша жүріп жатты.

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ НЕМІСТЕР БІЗГЕ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАЙДЫ»

Германияда биыл Қазақстан жылы өтіп жатыр. Бірақ, бұны біз кездескен неміс саясаткерлерінің ешқайсысы білмейтіндігін айтты.
Керісінше, бұл оқиғадан Берлин қазақтары жақсы хабардар болып шықты.

– Жақында Құрманғазы оркестрі келіп, үлкен концерт беріп кетті. Жалпы, Берлиндегі Қазақстан елшілігі мұндағы қазақ диаспорасы өкілдерімен жиі бас қосып тұрады. Елшіліктің аясында өткізіліп жатқан шараларына шақырады. Тек балаларымызға қазақ тілін үйрететін
Орхан Тосынның зайыбы Бахаргүл. Берлин, 28 қыркүйек 2009 жыл.
мұғалім әкелу жайлы өтінішіміз әзірге қанағатсыз қалып отыр, – дейді Орхан.

Сондай-ақ, Орхан өзі тұратын аумақта қазақстандық немістердің де көп екендігін айтады.

– Солармен бірге доп ойнаймыз. Олар біздің қазақ екенімізді білгенде, қандай қуанды десеңізші! Мені қазір көрген сайын аса бір жылышыраймен, құшақ жая қарсы алады. Маған олар өздерінің қазақтарға қарыздар екендігін айтып, масаттанады. Бұның өзі бізге мақтаныш сезімін ұялатады.

«ҚАЗІРГІ БИЛІК ТҮРІКТЕРГЕ ҚЫРЫН ҚАРАЙДЫ»

Біздің Германиядағы сапарымыз Германия парламенті Бундестагқа сайлау кезімен тұспа-тұс келді. Әрине, әлеуметтанушылардың сайлау алдындағы болжамдары расқа айналып, билік партиясы Христиан-демократиялық одағы мен либералдар өзара коалиция құратын болды. Осы орайда сайлауда дауыс беруді өзіне парыз санаған Орханнан Германия билігі жайлы пікірін де сұрап білуді жөн көрдік.

– Осыдан 8 жыл бұрынғы сайлауда дауысымызды Социал-деморкатиялық партияға берген едік. Өйткені, бұл партия әлеуметтік мәселелерді басшылыққа алатындығын айтқан. Бірақ, осы 4 жылдың ішінде олардың тындырған ештеңесі жоқ. Ал, биыл либералдарды жақтап дауыс бердім. Өйткені, қазіргі билік партиясы – Христиан демократиялық одағы түріктерге қырын қарайды. Біріншіден, олардың Германияға келуіне қарсы, екіншіден, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ықыласты емес. Либералдардың бағдарламасында біздің көңіліміз толатын мәселелер көп екен, – дейді Орхан Тосын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG