Accessibility links

Мариям Хакім: Ғылыми еңбегімнің барлығы қазақ тақырыбына арналды


Мариям Хакім, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы, Алматы, 30 қаңтар 2009 ж.
Мариям Хакім, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы, Алматы, 30 қаңтар 2009 ж.

Өткен ғасырдың 50-ші жылдарында Түркияға Шығыс Түркістаннан ат арытып жеткен қазақтардың ішінде Қалибек Хакімнің тұлғасы ерен. Ол кісі Шығыс Түркістандағы әйгілі Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілісінде қолбасшылардың бірі болған. Былтыр Алматыда Қалибек Хакімнің 100 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтті.

Ал, оның туған немересі Мариям Хакім Түркияның астанасы Анкара қаласында тұрады. Мамандығы – тарихшы әрі саясаттанушы. Тарих ғылымдарының докторы.

Мариям Хакім Түркияда дүниеге келген. Орта және жоғары білім алғаннан кейін, Лондонда «Би-би-си» радиосында, Германияда «Азаттық» радиосында жұмыс істеген. Америкада докторантураны бітіріп, қазір ғылыммен айналысады.

Мариям тарихи тұлға, ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшыларының бірі Қалибек Хакім туралы былай толғанады:

- Атам Қалибек Хакім 1908 жылы Тарбағатай тауындағы Алтын Емел деген өзеннің бойында дүниеге келген. Ол 1933 жылы Тарбағатай өңірінен Еренқабырға бөктерлеріне өткен. Еренқабырғада 25 жасынан құпия түрде «Ұлтты қорғау» ұйымын құрған. Оны бастаушы Жүніс қажы деген кісі болыпты. Қалибек Хакім Жүніс қажының көмекшісі болған. Кейін Манас, Сауан өңірінің әкімі болған. 1940-1944 жылдары Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан. Бірақ, ондағы жүйе коммунистердің қолына өтіп, Шығыс Түркістанда ұлт-азаттық көтерілісі жеңіліс тапқаннан кейін, ол кісі туған жерін артқа тастауға мәжбүр болған. Сөйтіп, Түркияға жеткен Қалибек Хакімді сол кездегі Ақ үй әкімшілігі арнайы саяси баспана беру үшін шақырған екен. Сауд Арабиясы мен Пәкістан мемлекеттері де ол кісіге қолқа салып, құрметті мейман әрі осы елдердің азаматы болуға үгіттепті.

- Бала күнімде атам бізге осының бәрін айтушы еді. Америкаға да, Сауд Арабиясына да бармастан, қанымыз бір, түбіміз бір Түркияда қалуды жөн көрдім деп отыратын, - дейді ол.

Түркия елі мұхит асып, арып-ашып келген қандастарын құшақ жая қарсы алған. Тарихшы Мариям қазақтың көш тарихын да жақсы біледі.

- Ол кезде мен бұл дүние есігін әлі ашпағанмын. Үлкендердің айтуынша, Үндістаннан арып-ашып жеткен біздің ата-аналарымызға Түркия елі барынша жақсы жағдай жасауға тырысқан. Бірден баспаналары дайын болыпты. Сыртқы істер және ішкі істер министрлері өздері алдынан шығып, «бұл - сіздің мемлекетіңіз» деп құшақ жая қарсы алған. Келген соң, лагерьлерге орналастырып, бір-екі ай сонда тұрған. Түркияның көптеген аймағынан тегін баспана беріп, жұмысқа орналастырып, сол өмірге бейімделіп кетуге мүмкіндік туғызды. Сондай-ақ, азаматтықты рәсімдеуде Қазақстандағыдай мекемелердің есігін сығалатып, тентіретіп қойған жоқ. Бірден қолына паспорт ұстатқан, - дейді ол Қазақстандағы оралмандарды қабылдау үрдісі мен Түркияның сол кездегі тәжірибесін салыстыра отырып.

Мариям ата-әжесінің қолында өскендіктен, қазақ тілін жақсы білетіндігін айтады:

- Лекция оқитын деңгейде ағылшын тілін білемін. Нан тауып жейтіндей орыс тілін білемін. Бірақ, бәрінен де жақсы білетінім - қазақ тілі. Қазақшаны кітаптан оқып үйрендім. Қайда жүрсем де, не істесем де, қазақты шетелге танытуға тырыстым. Осыдан он жыл бұрын қорғаған докторлық диссертациямның тақырыбы – «Қазақ ұлтшылдығының түп-тамыры» деп аталды.

Ол өзінің ғылыми жұмысын тек қазақ тіліндегі еңбектерге сүйеніп жазғандығын айтады:

- Совет одағы кезінде шетте жүргендер қазақ тақырыбында қалам тербегенде көбіне орыс тіліндегі материалдарға сүйеніп келді. Әсіресе, 80-ші жылдарда бүкіл әлемнің назарын аударған тегі украиналық Марта Брилл Олкотт деген америкалық профессордың еңбегі болған. Ол кісі түркі тілдерінің ешқайсысын білмейді. Сол себепті де, орыс тіліндегі еңбектерге көбірек иек артты. Ал, менің докторлық диссертациямның ерекшелігі – қазақша жазылған материалдарды қолдана отырып жазғандығымда еді.

Сондай-ақ, Мариям Хакім халықаралық ғылыми журналдарға қазақ өмірі, экономикасы, көшпенді тірлігі, қазақ әйелдері және басқа да танымдық мақалаларды көп жазған екен.

Дегенмен, Мариям Хакім өз балаларының қазақ тілінде сөйлей алмайтындығын айтады. Анкарада 15 қазақ отбасы бар екен. Бірақ, олардың үнемі бас қосуға мүмкіндіктері бола бермейтін көрінеді:

- Балаларым қазақ тілін түсінеді, бірақ сөйлей алмайды. Оларды қазақы рухқа тәрбиелеудің ең басты жолы - заманауи музыка деп түсінемін. Үн адамға ерекше қуат пен рух сыйлайды. Сол себепті де мен Қазақстанға келген сайын, қазақ әндерінің таспасын алып кетемін. Сондай-ақ, балаларымды той-томалақтан қалдырмауға тырысамын. Ондай жерлерде басқосу балалардың қазақ үніне және тіліне көбірек көңіл аударуына мүмкіндік береді.

Мариям Хакім қазақ жазушыларының еңбектерін көп оқығандығын, «Жұлдыз» журналына ерекше тәнті болғандығын айтты.
XS
SM
MD
LG